Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Банды Баймағанбет

Банды Баймағанбет

Айнала ақ тақыр. Көктемгі мол қақ суы тартылға­ны­мен әр­ жерде ауқымы тарылған қақ жылтырайды. Ала қат жо­та мен жусан өскен қыратты қызыл, сары қызғалдақпен жа­уып­ қойғандай. Көзің де, көңілің де тоймайтын сұлу сурет секіл­­ді. Табиғаттың әсем бояуына бөленген жазық да­ла да ерекше.

Осы көктемдегі Жеңіс мерекесі күніне екі күн демалыс берген. 50-60 шықырым жердегі Дар­иялықтың тақырындағы қойлы ауылға үл­кен ағамыз түн қараңғысында жеткізіп тас­таған. Әшейінде сабаққа ересектердің тұр- тұ­­ры­­мен зорға тұратын біздер күнмен таласа оянып алғанбыз. Киіз үйдің іргесінен соққан салқын самал, даланың көкірегіңді кернеген жұпар иісі жылы көрпені серпіп тастап өзі оят­қандай. Сауылып өріске боздай бетеген боталы інген, анасынан ажырап қалған қозы, лақтың маңыраған дауысы қандай қалың ұй­қы­шылды төсектен жұлып алып кең далаға алып шығардай. Әке-шешемізді сағынған ой­­ын балалары біздердің әкемізге еріп қой ай­­дап, қозы қайырып қасында жүруіміздің өзі са­ғыныштың сары табын басқандай. Біздің ата-­анамызбен қауышуымыздың өзі бір мейрам болса, ел болып тойланатын Жеңіс күні мерекесінің де өзіндік орны бар. Осы күн­нің құрметіне фермадағы барлық ауыл ақ­сақалдарын шақырып дастархан жайып, той тойлау біз ес білгелі үйіміздің дәстүріне ай­налған. Ересектер қазан көтеріп, қатар ті­зілген самаурынға шоқ салып, ас қамына қызу кірісіп кетіпті. Апам екі қарындасыммен үй сы­пырып, көрпе жастықты қағып сілкіп әлек. Жез құманмен, шылапшында құмға ысқылап жуып алтын жалатқандай жылтыратып жуып, алты қанат ақ боз үймен қараша үйді айнала су сеуіп жатырмыз.

Сәскеге таман қонақтардың алды шаң бере бастады. Жүйрік күреңнің белін қайыстырып Іздіқұл ақсақал жетті әуелі. Алдынан шығып атын ұстаған, қолтығынан демеп аттан түсіріп қолына су құйып, атын жайлаған біздерге ақша таратып жатыр. Бізде ес жоқ, мәзбіз. Жүрісі жайлы жетегіндегі түйеге жаулығы ағараңдаған әжелер мінген, тепеңдеп есекке аяқ артқан қарияларды ерекше құрметпен қарсы алуға тырысып бағудамыз. Күнге то­тыққан қара, қызыл шырайлы әртүрлі қариялар, ала-құла киім кигенімен үй ие­леріне ықыласы бірдей, мейірімі төгілген жан­дар айналып, толғанып үйге жайғасып жатыр. Қонақтармызды әудем жерден күтіп алып қолтығынан демеп, аттан түсіріп, атының ауыздығын алып, арқандап қою, түйенің белін босатып, аяғына тұсау салып, бұйдасын түріп, өріске жіберіп, зыр жүгіріп жүрміз. Ауыл-ай­маққа аты шыққан Буйан аталатын қаракөк ат мініп, қара көзгілдірік тағып, қара құрым етігі сы­қырлап баяғының сал серісіне ұқсап Боранбай мен Баймағанбет қатар келді. Қара жорғаның үстіне қаққан қазықтай қаздиған Бай­мағанбеттің сұсы басым. Кезегі келгенде басқа да ауыл ақсақалдары жайлы әңгіме айтармыз. Әзірге «Банды Баймағанбет» аталып кеткен аңыз адам жайлы әңгіменің шетін шығара тұрайын.

Ақмешіт пен Жезқазғанның ортасын­дағы Қалмастан бастап үш жүз шақырымға созылған «Қызылжыңғыл» болысы қалың орта жүз ағайындардың ата қонысы. «Ақ патшаға әскер бермейміз» деп Торғай мен Ұлытаудағы арғын, қыпшақ атқа қонған. Бақан таңбалы бағаналының бұл әулеті көл­денеңінен ұзын аққан Сарысуды кең жайлап, әліптің артын бағып сабырмен іргесін қымтап тың отыр. «Патшаның жарлығы жетті екен» деп елп ете қалған жоқ. Болыс-бағыланы мен белсенділері тізгінін тартып, отқа шарпылмай болып-толып жайбарақат күй кешуде. Баймағанбеттің әкесі Айтжан мың қайырған бай болмасада, өз қолы өз ауызына еркін жеткен жан еді. Пат­шаға да, оны тақтан тайдырған қызылға да күні түспеген Сарысу бойындағы атақты Найманның Жырық аталығына жататын қоңды әулеттің басы еді. Ақ пен қызыл атысып, шабысып, ақыры қызылдар бел алып тынды. Ғасырлар бойы жалғасқан тыныш өмір келмеске кетті. «Бай мен кедейді тең етемін» деген алашапқын әпербақандар тыныш жатқан бұл елге де жетті. Бірді екі ете алмаған, ел түгіл өз ошағының түтінін түзу ете алмаған кер жалқаулар елге бас болды. Бүкіл елдің тағдыры тәлкекке түсті. Байдың малын кедейге әперіп, бүкіл ел кедей болса жарқын болашақтың есігі айқара ашылады екен. Мініс көлігі дайын, ауызы аққа жарып, сараң бай атанбау үшін барын жарлы-жақыбайымен бөліскен бұлардың да малы бөліске түсті. «Бастан құлақ садақа» демекші, оған да көнді. Малымен бірге жаңа қоғамға жат деп танылып Айтжан қатарлы ауқаттылар орталыққа айдауға жөнелтілуі керек екен. Айтжан баласы Баймағанбетпен ақылдаса келіп қызылдың тар қапасына қа­малып, итжеккенге айдалып қор болғанша туған жердің бір пұшпағы бұйырсын деп, айдауылдан қашуға бел байлады. Жеңілдеген бір үйір жылқымен бес-алты түйеге жүгін артып бір түнде Сарысу бойындағы Көкалажар, Көртоғайды жағалап тік көтерілді. Күні бойы қалың жиде тоғайды паналаған көш, күн бата Ақшиден, Жетіқоңырдан асты. Екі күн бойы суыт жүріп отырып Бетпақты кесіп өтіп, елсіз даладағы Нұраның етегіндегі жылап аққан бұлақ басына кеп көш басын тартты. Құстұмсық Нұраның шоқысынан қозы көш жер­ден қыбырлаған қара көрінетін бұл жердің оты да қалың екен. Жыра бойы жағалай өс­кен қалың құрақ бір үйір жылқыны емін-еркін алып шығатын түрі бар. Суға қаталаған жылқы мен түйе суға қанып бұл жерден бой салып ұзай қоймасы анық еді. Әке-шешесі мен Баймағанбет бауырларымен ақбоз үйді кел­ген күні-ақ тігіп алды. Үйлі-баранды ағасы мен жеңгесі мен балаларына қараша үйді тігіп отын тасып, қыс қамына кірісе бастады. Мама биелер кісенделіп, түйелер тұсалып көзден таса қылмау жағы жігіт болып қалған Баймағанбетке жүктелді. Айтжан ақсақал алғашқы он күн бойы ат арқасында болып жан жақты шолып жер жағдайын барлап келіп жүрді. Қолдағы азын-аулақ малды азық етуге асықпады. Бетпақтың еркесі киік атаулы көп болмаса да ұзап барып қақпан саларға жетеді екен. Күзге салым қоң жинаған киік аулаған жанға қыстық соғымның да керегі бола бермесі анық. Қыс қамына ерте кіріспесе болмады. Қар түсіп, аяз қысса, қабаттап киіз жапқанымен киіз үй бір үйлі жанға пана болмасы анық. Ағасы екеулеп, екі бөлмелі жеркепе қазуға кірісті. Ұрланып барып Сарысу бойынан қалың жиде тоғайдан төбеге жабатын, тіреу боларлық өрлік пен бел ағаш дайындап бетін жабам деп жүргенде қарашаның алғашқы қары да жауды. Айнала ақ көрпе жамылған бетпақтың даласы түс ауа делсал боп еріп жер қара қотыр күйге енді.

– Қарашаның қары күнге жетпей еріп кетті, қыс жайлы болар, – деді Айтжан ақса­қал балаларын жұбатқандай болып. Шар­уа жайлы болғанымен арттан қашан қуғын келіп қалады деген үрей әлі сейілер емес. Айтса айтқандай қыс жайлы болды. Сирақты мал емес пе түйе ұзап барып Жетіқоңырдың қалың құмын паналаса, жылқы Нұраның нар қамыс өскен жыра, сай саласын паналап, қыстан күйі таймай аман шықты. Қар ерісімен Айтжан ақсақал Баймағанбетті ертіп өзен бойын жағалап, қалың елден хабар алмаққа етекке түскен. Байдан тартып алған малдың сайда ізі, құмда құмалағы да қалмай жұтапты. Ресейге көмекке деп, аштарға үлестірем деп талаған. Малынан айырылған, төрт-түлік малдан нәпақасын айырып отырған халық босқыншылыққа ұшырап тоз-тозы шығыпты. Енді елде шошаңдап шошақ қалпақ киіп, мылтық асынғандар үй аралап сандық санап, ұра ашып жасырған азық-түлік пен қоғамға жат пиғылды жау іздеп ала шапқын болып жүр. Артта қалған қалың елге қосылып күн көрмек түгелі басымен қайғы болып, көзге түсуден қорынып ізін суытып үлгірген әкелі балалы екеуі екі күн жүріп ауылына зорға жетті. Амал жоқ заман түзелгенше көзден таса бола тұрайық деп бетпақтың түкпірінде қала беруді жөн көрді. Заманның түзелер беті босамаса көрінер емес. Жалғыз үй болса да ішіп жемі бар, ат ойнатқан әпербақандардан азат бей берекет өміріне шүкірлік айтқан әулеттің күні өтіп жатты. Тірі адам тіршілігін жасайды. Үйірдегі жеті сегіз бие құлындап,үш інген боталап ауыздан ақ арыла қойған жоқ. Жаз шыға етектегі ел, Сыр бойы, Торғайдағы елге аштық келіп көмусіз қалған адамдардың борсыған денесі баябан даланы тұншықтырғандай еді. Жаңа қоғам құрып жайлы өмір сүреді деген ел тозды. Бастың аман­дығын бақыт санаған Баймағанбеттің ауы­­лы үшін үлкен қуанышта, бақытта қарынның тоқтығы, бастың амандығы еді. Жылдар жылжып өтіп жатты. Атқан, қырылған, ауған елден аман қалғандар колхоз болып селбелесіп күн кешіп, еңсесін тіктей бастады. Жаңа қоғамның тамырын басып көруді жөн көрген Айтжан әулетімен колхозға кірген. Әрине құр қол емес, үш үйірге жеткен жылқыдан бір үйір жылқы екі боталы інгенін мойынсеріктің ортақ малына қосты. Баймағанбет аңдысын аңдып көрейін деп, елсіз мекенінде жалғыз қалды. Жаңа қоғам орнығып болып, бел ала бастады. Жалғыз жарым қашқан, колхозға мүше болмай жүргендерді күштеп жинау бас­талды. Қыста Жетіқоңырды жағалап, жазда бетпақты сағалаған бұның да өрісі тарыла бастады. Сондай күндердің бірінде малдың бағдарлап келіп қосқа келіп кіре бергенде қолға түсті. Қолында қаруы жоқ, сегіз өрім қамшы қайбір қару болып жарысын. Винтовка асынған милитсаға тұтқын болып қолға түсті. Үйді тінтіп дым таппаған. Мал өрісте. Малым бар деп бұл айтпаған. Аң аулап жүрген аңшымын дегеніне кім сенсін екеулеп қолын қайырып атына мінгізіп жетекке алып түс ауа тартып кетті. Қанша суыт жүргеннің өзінде ертең кештетіп ел қарасына ілінер. Оған дейін отыр десе отырып, тұр десе тұрып момындық танытып бақты. Жатарда аяқ-қолын қоса байлап қырағылық танытқан айдауылдың айтқанына көніп-ақ жүр. Таңертең дәрет ұсатар кезде қайрат қылып қалмаса кешігері сөзсіз еді. Аяғын шешіп жатқанды көк желкеден бір түйгеннен құлатты. Қасында тұрғанын көз ілеспес жылдамдықпен қолынан босаған жіпті мойынына орап, қылғындыра жөнелді. Екі бірдей винтовка оққалтасымен қолға түсіп ол­жаға кенелді де қалды.

– Қолымды қанға боямай-ақ қояйын, астыңдағы аттарың да өздеріңе бұйырсын, естерің барында елдеріңді табыңдар, – деп қару-жарақты жиып алып жүріп кетті. Суыт жүріп отырып қосқа келі, сүрленген ет ыдыс-аяғын қоржынға теңлеп жүріп кетті. Араға әрі кеткенде екі күн салып қуғын келетіні анық. Сарысудың шығысындағы оншақты жыл құтты мекен болған қонысын қалдырып, тура батыс­ты бетке алып Сарысудан өтіп, Төсбұлақты бетке алып, із суытып үлгерді. Төсбұлақтың етегінде қыбырлаған жан-жануар түгел көрінер Жетімтауды күндіз бақабарлап, түн Төсбұлақтың үңгірін үйге айналдырып күн кешіп жатты. Төсбұлақ – табиғаттың ерекше жаратылған жері. Алыстан созылған тау төбеге көтеріле бере ат аяғын алып жүре алмастай батпақты жота. Раң жапқан жотаның кез келген жерін шұқып қаза бастасаң, көлік қанар қазан шұңқыр пайда болады. Бертінде баланың еңбегіндей былқылдаған жотадан төмен қарай қазылған арықтардың суын жинап ақпанаға құйып екі отар қойға еркін жететін шопандардың жаз жайлауы болды. Шопандар колхоз құрылғанда мойынсерік болған сыр бойындағы жаппас­тар мен арқадан ауған арғын, қыпшақтар болғанымен дені осы жердің орта жүзден шыққан азаматтары еді.Туған топырағының әр бұтасы, әр төбесін паналап, таныс ағайынды жағалап мініс аттан, киер киімнен кенде болған жоқ. Дала кезіп қашқын атанғанымен қыр халқына зәбір бере қойған жоқ. Қыста өзен бойын жағалап Телікөлдің қалың қопасын паналаса, жаз шыға көшкен елдің қарасына ілесіп Қаракөл асып, Сіңіртек, Белең, Нұраны жағалап Борлысай, Көкалажар, Ақшиді жайлап жүрді. Алда-жалда ізіне адам түсе қойса Түткен мен Төсбұлақ асып адам түгелі мал көрінбес бұлақ бойы қопа асып із тастайтын. Аңдыған алмай қоймайды екен. Соғыс басталғанда қашқындарды құрықтау науқаны кезінде тағы қақпанға түсті. Тергеп, тексеріп бұны Қарағандыға айдайтын үкім шықты. Вагон толы өрімдей жастар еңбек лагеріне айдалғандар. Күзет анау айтқан қатаң емес. Сапқа тұрғызып түгендеп бәрін бір вагонға қойша тоғытып қамап тастап жүріп кетті.Дәретке шығу сылтауымен әжетханаға еріп келген солдатты ұрып жығып, аяқ қолын байлап, солдат киімін киіп тамбурға шығып үлгірді. Салдыр-күлдір ышқына зордан жүріп келе жатқан жүк поезынан секіріп, бой тасалап үлгірді. Тағы да қашып-пысып бес жылдай өмірі өтті. Соғыс тынған соң қашқындарға жасалған рақымшылыққа ілініп көпке қо­сылып, колхозға кірді, қой бақты. Обалы не керек адал еңбекке құлшына кірісті. Жылма жыл жоспар орындалып жатты. Мақтаулы шопан болып марапаттан да құр қол қалмады.

«Бала әкенің жүгімен өмір сүреді» дейді көнекөз қарттар. Рас шығар, қашып-пысып жарты ғұмыры ат үстінде өтті. Аштықтың да азабын тартты, біреу барымен бөлісті, ертеңгі күні үшін біреуден сұрап алды. Ауызынан жырып бере қоймағанға тізесі батқан күндерде болған шығар, қайсыбірі есте қалды дейсің.Үй болып ұрпақ өрбітті. Бес-алты бала сүйіп, әкелік мейірімі тасып, бақытты күндерді де басынан өткерді. Ең өкініштісі, қара шаңырағыма ие болады деген жалғыз ұлы Серігі бір мүшел жасқа жетпей қыршынынан қиылды. Талай дұшпанымен қарсы келгенде тауы шағылмаған Баймағанбет баланың қайғысын көтере алмады-ау шамасы, араға жыл салмай өзі де бақиға аттанды. Біздің бала кезіміздің аңызға айналған бір жұмбақ жаны да тарихқа айналып, осылайша аңыз болып есте қалып қойыпты.

Жұмабай Байзақұлы,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі,
өлкетануш
ы
Фото: ашық дереккөзден
19 қыркүйек 2023 ж. 442 0