Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мерейлі отбасылар» марапат төрінде

«Мерейлі отбасылар» марапат төрінде

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезең жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты іс-шарада отбасы құндылықтарын дәріптеген, шаңырақтың шырайын кіргізіп, түтінін түзу ұшырған өнегелі отбасылар марапат биігінен көрінді.

Аудан басшысы жеңімпаздарды мерейлі марапатпен құттықтап, елімізде түп-тамырын ұлттық құндылықтардан алатын отбасы институтының орны ерекше екенін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» біздің қанымызға сіңген қасиет. Әке-шешесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады. Берекелі әрі бақытты отбасы – қуатты елдің тірегі. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды» деп атап өтті. Ата-бабамыз «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Қазақ халқы ежелден отбасы ішіндегі сыйластықты, үлкенге құрмет, кішіге ізеттілікті басты ұстаным етіп келген. Сол игі дәстүр бүгінгі таңда да өз маңызын жойған жоқ. Керісінше, жаһандану кезеңінде ұлттық тәрбиемізді сақтап қалудың, жастарымызды елге, жерге, ата-анаға деген құрметке тәрбиелеудің тиімді жолы – осындай байқаулар арқылы өріс алып отыр. «Мерейлі отбасы» байқауы – ұрпақтар сабақтастығын жалғап келе жатқан өнегелі отбасылардың озық үлгісін көрсететін бірегей алаң. Бұл байқауға қатысып жатқан әрбір отбасы – еңбекқорлығымен, ауызбіршілігімен, тәрбиелі ұрпақ өсіріп отырған үлгілі шаңырағымен елге өнеге. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз, адами болмыстарыңыз, татулық пен келісімге негізделген отбасы тіршілігі – барша қауым үшін үлкен тәрбие мектебі.

Биылғы байқауда қатысып, жүлдегер атанған отбасыларымыз – нағыз мақтанышымыз! Сіздер арқылы ауданымыздың рухани бейнесі мен бірлікке толы өмір сүру салты тағы да айшықтала түсті. Ауданда өткізіліп отырған мерейлі іс-шараға қатысуға ниет білдірушілер жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Биыл байқауға ауданнан 17 отбасы қатысты. Олардың барлығы – нағыз жеңімпаз жанұялар, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Шаған ауылынан Бөжековтер және Бесарық ауылынан Құлмағанбетовтер отбасы 3 орынды, Шіркейлі ауылынан Әбсадықовтар отбасы 2 орынды иеленсе, Аманкелді ауылынан Жансейітовтер отбасы 1 орынды жеңіп алды.

Сондай-ақ, басқа да өнегелі отбасылар арнайы номинациялармен марапатталды.

Аудандық кезең нәтижесімен облыстық кезеңге қатысуға Жансейітовтер және Әбсадықовтар отбасы жолдама алды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

18 шілде 2025 ж. 133 0