Әділбек СЕРІКБАЕВ: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді...»
Халқымызда «Бірлік – барлық берекенің бастауы» деген қанатты сөз бар. Бабаларымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекер айтпаса керек. Міне, осы қанатты қағидалар біздің сыныбымыздың ұранына айналды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жігіттер мен қыздардың арқасында бірқатар жақсы істер атқарып келеміз.
Барлық істің бастауында біздің туған жерге деген құрметіміз тұр. Ол құрметте біздің балалық арманымыз, бозбала шақтағы сеніміміз, азамат ретіндегі сезіміміз және шынайы ниетіміз бар. Сондықтан туған жеріміз Тереңөзекке қалай қызмет етсек те жарасады, қандай құрмет көрсетсек те лайықты.
Біз аудан орталығындағы орыс орта мектебінен 1980 жылы үлкен өмірге жолдама алып, қанат қақтық. Бәріміз сыныпта жақсы оқыдық, үлгілі оқушы болдық, ұстаздарымыз да ұлағатты жандар еді. Мектеп қабырғасында алған біліміміз бен тәрбиеміз біздің саналы азамат болуымызға жол ашты. Енді сол білімімізді, өмірлік тәжірибемізді туған жеріміздің гүлденуіне жұмсап жатырмыз. Қай тарапта, қай талапта жүрсек те мектебімізді ұмытпаймыз. Ең бас-тысы, бізді байланыстыратын мектеп, бірге оқыған жылдар және бала күнгі естеліктер бар. Алдағы уақытта қолға алған жұмыстарымыз жалғасын табады деп сенеміз. Тереңөзектің қиырда жүрген ұл-қыздарын туған жерді түлетуге шақырамыз.
Әділбек СЕРІКБАЕВ