Елік пен тазы
Кеше ымырт үйіріле қар жауған. Үлпілдек, жұмсақ қар. Биік көктен билеп-ойнап жауған қар ен даланың етек-жеңін кіршіксіз аппақ жамылғымен қымтап, орап жып-жылмағай етіп тастаған.
Таңғы ауада шыңылтыр аяз бар. Ақ мамық көрпеге оранған сайын дала еркін көсіліп, үнсіз мүлгіп тұр.
– Осы тазының күшіктерін үлкен ұлым Болат Өскеменнен әкеліп бергенде әкем тіріліп келгендей қуандым, – деді есік пен төрдей көшелі торы аттың үстіндегі қаба сақалды Қаби,
– бір жүйрік иттің ызасы әбден өтіп жүр еді. Енді сәтімен ауызданса осы төңіректегі жүгірген аңның бәрі біздің қанжығаға байланады дей бер. Әне, мойыны мен кеудесін көрмейсіңдер ме? Шоқтығы биік, алқымы кең. Қанша шапса да, тынысы тарылмайтын, азуы өткір, белі мықты ит.
Ұялас қос тазы жүні сұйық, қап-қара моншақ таңбалы үшкіл танаулы, дөңес жонды екен. Көздері ақыл мен өжеттілікке тұнып тұр. Арқан бойы жерде із кесіп келеді. Кеше жауған қар үсті жосылып жатыр. Әне бір жерде қоян ізі, шым-шытырық әрқилы құстардың табан таңбасы. Мына тұста тышқан жорғалапты.
Ақтастың етегінен еліктің қарасы көрінген. Қос тазы әуелі ұзын сирақты, қар бетіне тамған жалғыз ноқат іспетті, дөңгелек қара көздері мөлт-мөлт еткен бейтаныс аңға таңырқай қараған. Бойы да өткен күзде өкпелері өшкенше қуған түлкінікі тәрізді емес, ұзын. Бір-біріне ақылдасқандай қарап алған соң жұмсақ қардың үстіне жосылтып, тазылар шаба жөнелді. Құтты адырнадан ажал аңсап атылған сұр жебедей екпінді.
Елік жер астынан шыққандай әлдеқайдан пайда бола кеткен қос тазыға әуелі таңырқап қараған. Содан соң созалаңдай орғып, Қарағаштың қалыңын бетке алып жөнеп берді. Қауіп ойлаған жоқ. Итті талай көрген. Өткен жаз Қамсақтының жиегінде жоңышқыға жайылып жүргенде төрт-бесеуі кезіккен. Өзеннің суы тартылған табанын өрлей қашып, бірде емексітіп жақындатып, бірде алыстатып мазақтаған. Сабалақ жүнді, бойлары бәкене топ ит қозыкөш жерге дейін ілесе алмай, ен даланы бастарына көтеріп, ауық-ауық үріп қала берген. Әлде өздерінің осындай мүскін халіне қорланды ма, әлде кем жаратқан, кембағал еткен жаратушыға назы ма, шәуілдеп ұзақ үрген.
Алғашқыда жеп-жеңіл қардың еш бөгесіні жоқтай көрінген. Аса бір қауіп ойлай қоймаған елік қос тазыға алғаш кезіккенде дәл осылай көсілген жоқ еді. Ақ жамылғыға оранған мылқау дала төрт тұяқтың астында зымырап барады. Әлде шыбын жаны мұрнына келген елік даланың үстінде зымырап келе жатыр ма? Әйтеуір бұл даланың бедерінде бұрын-соңды бола қоймаған жойқын шабыс басталды. Елік қанша жүйрік болса да, созалаңдай шапқан тазылар қолсозым жерде.
Кеше кешкілік жауған қалың қар, ақ боран ұры сайды кептеп тастаған екен. Жүйрік қос тазының қақпалауынан қыстыққан елік өзекшенің өңешіне кептелген қасат қарды қақ жарып шықты да тай шаптырым жердегі ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның етегіне ұмтылды.
Ет пісірім уақыт өткенде қос құлақтың түбінен, омыраудан аққан ащы тер ақ сабынданып, сауырға құйыла бастады. Ұялас тазылар орман шетіне ілугіге мүмкіндік бермеген. Қайтадан жазыққа түсті. Елік тумысында мұндай жүйрік итке кезігіп көрмеп еді. Шашақ құлақтары желп-желп еткен ұялас қос тазы ақ қардың үстінде домалатып жіберген екі түйір моншақ тәрізді.
Елік шындап қысылды. Арандай ашылған анау ауыздардағы өткір азулар қорқыныштан дір-дір еткен қорғансыз денесіне кірш етіп қадалатын тәрізді. Сонан-соң мынау жарық дүние, лақ күнінде емін-еркін асыр салған қалың тоғай, шүйгін шөп, зеңгір аспан көзден бір-бір ұшатындай. Ал адал аңға ауызданып көрмеген ұялас қос тазының елікке деген еш өшпенділігі жоқ еді. Тіпті олар ауыз да салмақ емес. Бар болғаны мынау сайын далада төрт аяқты мақұлықтың ішінде кім жүйрік екенін көрейік деген құмарту болатын.
Елік ит тұмсығы өтпейтін орманнан да пана таппады. Жазда мәйегіне мелтектеп, қыста жұп-жұмсақ қардың үстінде асыр салған қайран да, қайран мына өлке енді бұған бесік бола алмайтындай. Елік бір сәт адамдарды пана көрді. Талай кезіккен. Бәлкім ажалдан алып қалса екі аяқтылар алып қалар. Өлмеусіреген осы дәмемен топ аңшыға қарай бет бұрған. Соңында жалпақ даланың шын жүйрігі кім екен көрейікші деп қыр өкшесінен сынық сүйем қалмай қойған қос тазы.
Көз ұшынан адам қарасыны көрінген. Жалғыз жанына арашашы сол болып көрінген. Жақындағаны сол еді, мылтық гүрс ете түсті. Қабаттап атылған қос ауыздың дара оқтары қос өкпеден тигенде жұлдыздай ағып келе жатқан елік омақаса құлады.
Құлап бара жатқан еліктің көзінде «ит-ай» деген жазу тұрғандай. Әлде өз тілінде солай айтты ма екен. Кімге, тазыға ма, адамға ма?!.
Байқал БАЙӘДІЛ,