Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызықты махаббат оқиғасы

Қызықты махаббат оқиғасы

Сырдария аудандық жастар ресурс­тық орталығының ұйымдастыруы­мен «15 сәуір­ – Қозы Көрпеш – Баян сұ­лу ға­шық­тар күніне» орай байқау өт­кізілуде. Байқау «Ең әдемі жұп» және «Ең қызықты махаббат хикаясы» номинациясы бойынша жүзеге асуда.
Аудандық байқауға қатысуға ниетті жастар «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі «Syrdarya_jastary» па­рақ­шасына жұптық суреттері мен махаббат оқиғаларын жариялауда. 3361 оқырманы бар парақшадағы арнайы жазбаларға көпшілік дауыс береді. Байқаудың мақсаты – аудан жастарының белсенділігін арттырып, қоғам өмі­ріне етене араластыру. Ұлттық ғашықтар күнінің мазмұнын байытып, қазақ жұптарына тән іңкәр махаббатты дәріптеу. Осы күнге дейін байқау талаптарына сай келетін 27 жұптық сурет, 15 махаббат оқиғасы қабылданған.
– Аудандық жастар ресурстық орталығы жыл са­йын танымдық жобаларға көңіл бөледі. Біз осыған дейін аудан көлемінде «Көшбасшы бол» деген тақырыпта семинар-тренинг өткізіп келдік. Сонда аудан жастары қызықты әрі танымдық жобалар ұйымдастыру жөнінде ұсыныс тастаған болатын. Бұл жолы «15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу ғашықтар күні» мерекесі аясында айрықша байқауды қолға алдық. Қазіргі таңда жас жұптар қызықты махаббат оқиғаларын жариялау­­да. Қаншама отбасы берік байланыстың болмауынан ажырап кетіп жатады. Сондықтан біз жұптардың махаббатын, сезімін нығайту мақсатында қолдау көр­сеткіміз келеді, – деді аудандық жастар ресурстық ор­талығының маманы Сәуле Сыздықова.
Айта кетейік, жарасымды жұптар арасындағы бай­қау жеңімпазы 15 сәуір күні анықталады. Байқау жеңімпазына арнайы сертификат табысталады. Ендеше, барлық жұптарға сәттілік тілейміз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
09 сәуір 2022 ж. 867 0