Ежелгі қазақ жеріндегі көлік өндірісі
Адамзаттың ежелгі тарихында тайпалар мен бүтіндей халықтар сапырылысып көп көшкен, яғни кең байтақ Еуразияны шарлаған кездері болған. Ол замандарда да әркім өз хал-ахуалына қарай жаяу-жалпы босқандары, ең танымалдары – атқа, түйеге, тіпті пілге, есекке мініп көшкен. Осы көші-қонның әсерінен де болар, уақыт өте келе кәдімгі дөңгелектер, дөңгелекті арбалар және жүк тасымалдайтын арбалар пайда болды. Әсіресе дөңгелекті арбаларды соғысқа икемдеп жасап және оларды ұрыстарда белсенді пайдалану әскери істердегі төңкеріс еді. Батыс Қазақстаннан Монғолияға, одан қазіргі Шынжанға дейінгі ұлан-ғайыр аумақта, шашыраңқы орналасқан көптеген жартастардағы суреттер, сол өңірлерде тіршілік еткен адамдардың күймелі арбаларды пайдаланғанын да айғақтайды.
Ғалым Алан Медоев «Қазақстанның петроглифтері» атты іргелі еңбегінде, соғысқа икемделген дөңгелекті арбаларды пайдаланған тайпалардың петроглифтік дәстүрі, ежелгі Қазақстан жеріндегі неолит дәуіріндегі прототүркілік субстрат мәселесін көтеруге мүмкіндік беретінін атап көрсеткен. Соңғы онжылдықтарда ресейлік зерттеушілер Еуразиядағы дөңгелекті арбалар мәселелерін зерттеуде айтарлықтай жетістікке жетті. И.В.Чечушков атқа жегілетін дөңгелектер – «өнертабысы» біздің эрамызға дейін Шығыс Еуропа даласында болған деп санайды. Е.А.Черленок 42 дала қорғандарынан шыққан (Ақсайман, Берлік-II, Бестамақ, Ұлыбай, Нұртай және т.б.) арбаларды зерттеген. Е.Е.Кузьмина «Екі доңғалақты арбалар бейіттердің түбінде сақталған дөңгелектердің іздері мен қалдықтары арқылы анықталғанын» жазады.
Қазіргі уақытта Еуразия даласының азиялық бөлігінде көптеген қорымдар мен арба қалдықтары бар қорғандар тобы белгілі. Біздің еліміз бойынша: Солтүстік Қазақстанда – Кеңес, Ұлыбай, Берлік-II, Новоникольское, Батыс Қазақстанда – Танаберген-2, Орталық Қазақстанда – Сатан, Ащысу, Нұртай, Аяпберген, Бозінген және т.б.
Синташ (сынтас. Башқұрстан) деген жерде дүниежүзіндегі ең ескі дөңгелекті арба табылған. Археологтар мен тарихшылардың пікірінше, негізінен әскери мақсатта қолданылатын көліктің бұл түрін жасаушылар Андронов мәдениетінің өкілдері болған. Бұл ежелгі көлік өндірісінде технологиялық төңкеріс жасаған жаңалық.
Қазақстан аумағындағы зираттан табылған арбаларды зерттеушілер, көлікке жегілген дөңгелекті арбалардың негізінен көші-қонда тасымалдау құралы болып табылатынын, оны әскери істерде де кеңінен пайдаланғанын дәлелдеді. Дәлірек айтқанда, ежелгі тұрғындар Орталық және Солтүстік Қазақстанның жазық далаларында ұрыс жүргізу үшін қолданған. Арба кешендері негізінен қола дәуірінде әскери техниканың дамығанын және оны жобалаудағы кәсіби шеберлікті айғақтайды. Дөңгелектер шикі былғарымен қапталған – заманауи доңғалақтар соның жетілдірілген түрі немесе жалғасы деуге негіз бар. Былғары кеуіп құрғаған кезде дөңгелекті қатайтады, ішіндегі шығырдың қорғаныс қызметін атқарады.
Барлық арба қорымдарында сүйек немесе шақпақ жебе ұштары түріндегі қашықтан ұрыс қаруы бар (Г.К.Омаров, С.Т.Сағындықова). Демек, қашықтан ұрыс қаруының болуы, арбалардың жауынгерлік мақсатта пайдаланылғанын көрсетеді. Тас қоймада жерленген 6 жауынгердің біреуі құрама садақпен қаруланғаны (қарапайымнан гөрі дәлірек және ұзақ қашықтыққа ұшатын) оны арбалы жауынгердің қаруы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан территориясынан табылған жартастағы суреттер арбалардың ежелде пайда болғанын және қолданылғанын айғақтайды. Біздің ата-бабаларымыздың арбаларды пайдаланғанын, олардың Мұғалжардағы (Ақтөбе обл.) жартастағы бейнелері дәлелдейді. ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында табылған қола және ерте темір дәуіріндегі Қаратау петроглифтеріндегі әскери күйме мен жүк арбаларының елуге жуық бейнесі ерекше құнды дүние.
Екі-төрт осьті арбаларды пайдалану дәстүрлерінің сабақтастығы туралы ауызша және жазбаша дәлелдер көп. В.Бартольд 1930 жылы 10 мамырдағы «Орталық Азиядағы ат жегілген дөңгелекті арба туралы» баяндамасында оңтүстік-шығыс Еуропада көшпелілер көшіп-қонып, тіпті арбада өмір сүргенін грек әдебиетінде Страбон айтқан деп жазады. Қытай деректерінде Орта Азиядағы арбалар туралы жазылған. Орталық Азия арбасы туралы сөз алғаш рет «Соdex Comanicus» және Ибн Баттутада кездеседі. Махмуд Қашқари «бұл – жүк тасымалдауға арналған арба» десе; Рашид ад-Диннің айтуы бойынша, ол олжаны жинау үшін қолданылған; Әбілғазыда кангла сөзі арбаның ономатопеясы ретінде түсіндіріледі (қаңқыл – қазақта сықырлау). Арбалар көбінесе, Юань-чао би-шиде, Рашид ад-Динде, Чанчунде, Плано Карпиниде, Рубрукта және Марко Полода жиі айтылады. Ибн Баттута төрт дөңгелекті арбалар туралы жазған. Шыңғыс ханның екі дөңгелекті арбалар туралы сөздері бар.
Дала өлкесінің зерттеушілері ХVII ғасырда қазақ көшпелілерінің тұрмыс ерекшелігі – отбасын, тұрғылықты үйін және мүлкін жылқылармен немесе түйелермен жегілген арбалармен тасымалдағанын атап өтті. Сол дәуірдегі қазақтардың негізгі баспанасы олар «жіңішке талдан» жасаған кутарме (көтерме – сөзбе-сөз көтерілетін мағынасында) деп аталатын жеңіл шатырлар немесе киіз үйлер болды. Арба жасау, оларды орын ауыстыру, көшу үшін пайдалану дәстүрлері дала халқында ғасырлар бойы сақталып келген.
Осылайша, арба технологиясын біздің ата-бабаларымыз игеріп, бірнеше мыңжылдықтар бойы пайдаланған. Сонымен қатар үңгірлердегі суреттер көрсеткендей, арбаларды жауынгерлік көлік ретінде пайдалану қола дәуірінде-ақ басталған. Сызбаларда арбаның дизайны анық бейнеленген: екі доңғалақты, екі атқа жегілген, садақпен қаруланған жауынгерге арналған тұғыры (шағын платформа) бар. Олар «Авестадағы» сипаттамаларына сәйкес келеді.
Қазақстан аумағындағы соғыс арбаларының жерлеу орындарынан табылуы «Авестада» сипатталған оқиғалардың біздің даламызда болғанын растайды. Мәселен, Хамаспамаздайдың дәстүрлерін сипаттауда берік арба туралы айтылатын жолдар бар: «Осы жерде, үйде болсын. Жануарлар табыны және адамдар. Жүйрік ат болсын. Және мықты дөңгелекше».
«Авестаның» басқа бір тұсында: «Ұлы патшалықтар, онда олар мол ас әзірлейді, оларға үлкен кесектерді береді. Жылқылар мұрны, дөңгелектері дірілдейді» деп көрсетілген.
Жалпы «Авестада» соғысатын арбалар туралы бірнеше рет айтылады. Оларды басқару үшін ерекше шеберлік қажет делінген:
«Және арбаны, Епті жауынгер басқарады....».
Алтын және күміспен қапталған тұяқтары бар, жылқыларға жегілген алтын жалатылған арбалардың ерекше түрі каянидтердің билеушілерінің сән-салтанатынан көрінеді: «Олардың аттары күшті, Шапқанда жылдам. Олар дөңгелекшелерді зымыратып әкетеді, Қайыс тізгінін тартады. Олар батыл мадақтаушыны алып жүр, Жүйрік аттар мен арбалардың (жүргізушісі), Ұзын сапты өткір найзамен қаруланған...». «Құрметтейміз Митраны... Басқаратын күймені, ең үлкен доңғалақты, «қуатты Митраны шығарады... Өзінің әдемі, тамаша, жеңіл алтын дөңгелекшелерін, Төрт ақ түсті, жүйрік аттар тартуда, Тұяқтарының алды, Алтынмен көмкерілген, Арты күміспен. Төртеуінің де әбзелдері бар, Баулары бар бір қамытта, Оқ ағаштары Ілмекпен бекітілген».
Аши билеушісі туралы: «Алдыңғы оның дөңгелекшелерін басқарады, Дөңгелекшелердің тізгінін ұстай отырып, Ол батырды аңсап... дөңгелекшелермен зулайды, Оның төрт жылқысы бар, Барлығы ақ түсті, Бір тұқымды, биік».
«Авестадан» алынған бұл жолдар арбаларды спорттық мақсатта пайдаланғаны туралы, бәсекелес-шабуылдаушылардың спорттық емес әрекеттері туралы айтуға мүмкіндік береді: «Мен, ең алдыңғылардың барлық дөңгелекшелерінен, Жүгіру жолының бүкіл ұзындығын, Жаман адам қазған тұзаққа түсіп қалмас үшін, Егер ол, шабуылшы мені ат үстінде жеңсе. Мен зұлым адам қазған қақпаннан сақтанамын. Егер ол шабуылшы болса, ат жарысында жеңеді».
Ілкіде келтірілген жолдар «Авестада» қола дәуірінде пайда болған. Археологтар бұл кезеңді дөңгелек пен арбалардың, қол арбалардың ойлап табылған уақытымен байланыстырады. Яғни бұл жолдар арийлер Каспий даласынан қоныс аударғанға дейін, Арийана жайында болған кезде пайда болған. 3900 жыл бұрын палеогенетикамен байланыстырылған көші-қонның басталуы, жауласушылардың аумақтарды бұзып өткенде соғыс арбаларының қолданылғанымен дәлелденеді.
«Авестада» жауынгерлік арбаларда, бұғы тамырлы садақтармен, қыран қауырсынынан жасалған жебелермен, ұзын сапты шортандармен, сойылдармен, лақтырылатын тастармен, екі жүзді пышақтармен, ат жалына сүйеніп, ат үстінде немесе соғыс түйелерін, мүмкін пілдерді («төрт аяқты батыр») қолдана отырып, арийлер, тұрандықтар, каянидтер жеті каршвар мен басқа жерлердің тұрғындары өздерін қорғап немесе жаңа жерлерге ұмтылып, үздіксіз шайқастар жүргізгені айтылған.
Қарағанды облысы Шет ауданында археолог В.Новоженов бірнеше қорғандардан тұратын қорым кешенін зерттеді. Олардың бірінде тек арбаға жегілген жылқыларды басқаруға арналған арнайы құрылғылар табылды. Ол былай деп атап өтеді: «Жылқылардың орналасуы мен жерлеу, тас қорапшасының өзі арбалар тобы түріндегі жерлеуді анық көрсетеді. Мұндай ескерткіштердің мерзімі біздің дәуірімізге дейінгі үшінші немесе екінші мыңжылдықтармен анықталады. Қорғаннан табылған қола жебелер мен найзалардың ұштары бұл адамның жауынгер, арба мәдениеті дәуірінің өкілі болғанын меңзейді».
Соңғы жылдары ежелгі далада соғысқа дөңгелекті арба қолданғаны туралы сенімді деректер пайда болуда.
Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы, профессор В.В.Евдокимовтың жетекшілігімен Кент тауларының бөктеріндегі қола дәуірінің қорғанын қазу барысында, Сарыарқаның дәл ортасында дөңгелектері мен шанақ бөлшектері бар арбаның көмілгенін анықтады.
Бұл Орал-Қазақстан даласында қазылып алынған алпыстан астам ескерткіштің ішінде арбаның жақсы сақталған алғашқы көмбесі болды. Жасы төрт мың жылдан асатын бұл арбаны тарих ғылымының кандидаты, археолог және шығыстанушы Виктор Новоженов және суретші, «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының негізін қалаушы жетекшісі Қырым Алтынбеков қайта қалпына келтірді. Ол Алматыдағы ЮНЕСКО қамқорлығымен Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының алаңында, ашық аспан астындағы интерактивті мұражай экспонаты ретінде орнатылды.
2020 жылы «Павлодар-Өскемен» тас жолының бойында, Байдала ауылының маңында бір жарым метр тереңдіктен ортағасырлық арба табылды. Ғалымдар жәдігерді Қимақ қағанаты гүлденген Х-ХII ғасырларға жатқызады. Қазіргі уақытта ғалымдар мен мамандар арбаны қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда, оның қандай тұрпатта болғаны және қандай мақсатта пайдаланылғаны анықталмақ.
Далада екі нұсқа да қолданылған сияқты: сүйретпе арба, соғыс арбалары. Көші-қон көбінесе жауынгерлік жағдайда болды. Мигранттар қарудың барлық қолда бар және игерілген түрлерін пайдаланғаны дау туғызбаса керек. Атты әскер, сондай-ақ дөңгелектердің пайда болуы соғыс арбаларының жасалуы, ұрыс қимылдарында қоршауды бұзып өтуге және өзге де айла-тәсілдерге жол ашты. Біздің эрамызға дейінгі 2000 жылдан бастап әлемнің басқа аймақтарында, арбалардың дамуы және таралуы бұл жаңалықты соғыс қимылдарының шешуші факторларының біріне айналдырды.
Қола дәуіріндегі Қаратау петроглифтерінен алынған жоғарыдағы суреттен, екі ат жегілген дөңгелекшелермен, садақпен соғысудың айқын бейнесін көреміз. Суретте жауынгер атыс жүргізуге ыңғайлы жерде отырғандай әсер қалдырады. Бұл ежелгі тас суретшісінің қиялы емес сияқты. Ал Қазақстан аумағындағы зираттарда дөңгелекті соғыс арбаларының табылуы, «Авестада» баяндалған оқиғалардың ұлан-ғайыр далада болғанын растайды.
Рахман АЛШАНОВ,
«Тұран» университетінің
ректоры, профессор