Сұлу Сырдың бойындағы қорғандар
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында біртұтас ұлт тарихын игеру үшін әуелі туған өлке тарихын білу керектігі айтылған. Қазіргі таңда «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында туған жердің мәдениеті мен өнегелік құндылықтары дәріптеліп жатыр. Осы тұста, аудан көлемінде тарихи құндылықтарға толы жерлер мен мемлекет қорғауындағы ескерткіштер, рухани-мәдени жәдігерлер жетерлік.
Сұлу Сырдың бойында орналасқан елді мекен көптеген тарихи оқиғаларға куә. Осы жерде Қоқан билігі мен қазақтар арасында қақтығыстар орын алған. Олай дейтін себебіміз, ХҮІІІ ғасырда Қоқан хандығы құрылып, Сырдария өзені бойын жайлады. Осы төңіректе бекіністер салып, қоқандықтар билігі нығая бастады. Қазақтармен тайталас күшейіп, өз билігін жүргізген болатын. Оның ар жағында да көптеген текетірестер болған.
1830 жылы хиуалықтар Аққыр тауы маңындағы және Жаңадария мен Қуаңдария өзендері бойындағы елді басқару үшін Майлыөзек өзенінің жағасында мықты бекініс салды. Бекіністі Хиуа бегі Қожанияз басқарып тұрғандықтан бекініс те соның атымен «Қожанияз қорғаны», «Қожанияз бекінісі» деп аталып кеткен.
«Қожанияз қорғаны» ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Сыр бойындағы ірі бекіністердің бірі болған. Бекіністің көлемі 6 гектар жерді алып жатқан. Бұл территория қазіргі Қызылорда қаласының КБИ ауданының алып территориясымен пара-пар болып келеді. Сыртқы қабырғалары дөңгелене салынып, шеті Майлыөзек арнасына тірелген. Көне дуалының қалындығы 2 метр, биіктігі 8 метр шамасында болған. Бекініс айналасында терең ор қазылған.
«Қожанияз қорғанының» дуалының биіктігі қазіргі 3 қабатты үймен тең. 1840 жылы бекініс қоқандықтардың қол астына уақытша қарайды.
Қожанияз қорғанынан онша алыс емес жерде «Күмісқорған қорғаны» орналасқан. «Күмісқорған қорғанын» 1818 жылы қазіргі Сырдария ауданының Ақжарма мен Шаған ауылдарының шекарасындағы «Шіркейлі» каналының жағасында қоқандықтар салдырған. Кезінде қабырғалары биік, төрт бұрышты, айналасында қарауыл мұнаралары болған. Қорғанда қоқандықтардың зеңбіректері бар қарулы әскері шоғырланған. «Күмісқорған қорғаны» Ақмешіт пен Қуаңдария арасында қазақ ауылдарына билік жүргізу мақсатында салынған. 1840 жылдары «Күмісқорған қорғанының» бегі Нияз болыпты. Қорғанның айналасында қарауыл мұнаралары болған. Мұнда зеңбіректері бар қарулы әскер тұрған. Күмісқорған Ақмешіт пен Қуаңдария арасындағы қазақ ауылдарына билік жүргізу мақсатында салынған. Қорғандағы билік басындағылар елден құшыр, зекет жинап және әрбір отбасынан 1,5 теңге күміс ақша түтін пұл салығын алып тұрған. Қорғанның Күмісқорған аталуы туралы түрлі аңыз-әңгімелер сақталған. Соның бірі зорлықпен келген Күміс атты қазақ қызының ауылдастарына көмегі айтылады. Қорғанды Бұқарбай, Тоғанас, Түлкібай батырлар шапқан. Қамалдың сыртынан айнала ор қазылған. Қорғанның солтүстік-батыс бұрышында «Осы Күмісқорғанда Түлкібай Жаңатайұлы Қоқан бегі Ниязбектің қазақ намысын таптағаны үшін 1853 жылы басын алған» деген жазумен белгі қойылған.
Түлкібай батыр Сырдария ауданы жерінде ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. Ол қоқандықтардың осы «Күмісқорған қорғанының» бегі Ниязға қарсы қол бастайды. Көмекке жерлестері, Сыр бойының батырлары – Шөмекейдің батыры Тоғанас Бәйтікұлы мен Табынның батыры Бұқарбай Естекбайұлын шақырады. Осы уақыттары Күмісқорған бекінісінің ішінде ме, бекіністің маңайында ма аударыспақ сайысы өткізіліп жатады. Аударыспақ сайысы – қазақ халқының ХІХ ғасырдағы жекпе-жек спорт түрлерінің бірі. Міне, осы аударыспақ сайысында қазақтың Түлкібай батыры «Күмісқорған қорғанының» иесі, қоқандық Нияз бекпен сайысқа түседі. Түлкібай батыр Нияз бекті атынан аударып құлатып, оның атын алады, яғни Түлкібай батыр сайыста жеңіске жетеді.
Тағы бір аңыз әңгімелерде Күмісқорғанның бегі Нияз күн сайын қазақтың қаракөз қызы мен бір қойды әкеліп беруді талап ететіндігі айтылған. Бұдан халық әбден азар көреді. Оң жағында отырған қызды жатқа кім қиған. Осыған ыза болған Түлкібай қылышын ішіне тығып, қызша киініп, Күмісқорғанға барады. Барғаннан соң қоқандық бекті өлтіріп, сарбаздарын да талқандайды.
Тарих кешегі мен бүгінгінің арасындағы алтын көпір десек, есімдері ел жадынан өшпейтін алып тұлғалар болады. Бұл – рухани құндылығымыз әрі аға ұрпақтың келер ұрпаққа жеткізетін алтын қазынасы.
Бибісара ЖАНӘЛІ