Жауынгер-ұстаз
Қасымхан Ысмайловтың есімі сырдариялықтар үшін етене таныс. Ұлы Отан соғысының ардагері – 40 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп, мыңдаған шәкіртке білім берген жауынгер. Ұлағатты ұстаздың есімін мәңгі қалдыру мақсатында кенттен атына көше берілген.
Қасымхан Ысмайловтың №101 ұлттық дербес атқыштар бригадасының құрамында шайқасып, елге екі бірдей аяғынан айырылып оралғанын ел-жұрт жақсы біледі. Жанкешті жауынгер туралы Қазақстанның құрметті журналисі Ахат Жанаев кезінде «Сыр бойының Маресьеві» деген деректі хикаят жазған. Деректі хикаятта автор «Бала күнімізде ержүрек ұшқыш Маресьев Алексей Петровичтің таңғажайып ерлігі мен темірдей төзімділігіне қайран қалушы едік қой. Кешегі қанды шайқас жылдарында апатты жағдайға тап болған истребителін жау тылына қондырып, 18 тәулік бойы нәр татпай жер бауырлап еңбектеп, ақыры өз әскерлерімізге аман-есен қосылады. Екі аяғын да тізеден төмен кестіріп, протез салдыртып, қалай да жаудан кек алу мақсатымен қайтадан ұрысқа түседі. Сөйтіп, әуе шайқасында фашистердің 7 бірдей ұшағын атып түсіреді. Осындай көзсіз ерлігі үшін оған «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріледі. Неткен ерлік, жанкештілік десеңізші! Қарап отырсаңыз, өзіміз әңгімелеп отырған Қасымхан Ысмайлов пен әлгі Маресьев Алексей Петровичтің арасында да әдемі ұқсастық жатқан сияқты. Өмірге деген керемет құштарлық, өз Отанына шын берілгендік, тас-түйін табандылық бұларды бір-бірімен туыстырып тұрғандай. Сондықтан да біз бұл мақаламызды «Сыр бойының Маресьеві» деп атадық» дейді.
Қасымхан Ысмайловтың өмір жолы былай өрбиді. 1923 жылы Тереңөзек ауданы Майлықұм ауылында өмірге келген ол 1941 жылы 9-шы сыныпта оқып жүргенде неміс басқыншылары тұтқиылдан соққы беріп, әскерге 18 жасында алынады. Ақтөбе қаласында сол жылдары жасақталған ұлттық дербес №101 атқыштар бригадасы құрамына қабылданады. Хамит Бекішев басқаратын №2 батальонның пулеметшілер ротасының құрамына енеді. Взвод командирі ретінде жерлесі Бексейіт Піржанов бекітілгенін өз естеліктерінде айтқан жауынгер, кейін туыс, ағайын болып шыққанын да жазған екен. Бексейіт Піржанов інісін пулеметтің қыр-сырымен жақсылап таныстырған. Қаруды орнату, көздеу, уақытылы майлап, күтім жасау, бәрін назардан тыс қалдырмай үйреткен. Жас жауынгер ептілікпен 228 күн ішінде нағыз сұрмерген болып шыққан. Дайындық барысында ең жоғарғы баға алған.
1942 жылдың мамыр айында №101 бригаданың әзірлігін маршал К.Ворошиловтың өзі келіп көріп кетеді. Бұл жауынгерлер үшін күтпеген жағдай еді. Себебі, маршалдың бұл келуінен кейін қазақстандық жауынгерлерді тарихта «Ажал аңғары» деп аталған Ржев-Вязьма плацдармына дайындағаны белгілі болады. Көп ұзамай жауынгерлер Мәскеу маңындағы Ногинскіге келіп жеткен. Осы жерде тағы да 2 айдай дайындықтан өтіп, ұрысқа кіріседі. Жауынгер естелігінде бұл шайқас туралы:
«Калинин майданы, қиян-кескі шайқас. Үсті-үстіне толассыз жарылып жатқан ауыр бомбалар мен снарядтардан құлақ тұнады. Тіптен қара жердің өзі ғаламат соққыларды ауырсынғандай қалш-қалш етеді. Ржев-Вязьма плацдармы. Өрт шалған орман, ойдым-ойдым жер, күл талқан болып қираған деревнялар мен хуторлар. Қазақстандық жауынгерлер аянып жатқан жоқ. Бірақ, жаудың жаяу әскері де, қару-жарағы да, әуедегі ұшақтары да бізден әлде қайда басым болатын. Жауды осы жерде талқандамаса, олардың Сталинград бағытындағы қанды жорықтары еселей түсері ақиқат еді. Сондықтан жоғарғы ставка бұл маңды ұдайы қатаң бақылауда ұстап отырды. Бірер аптаның ішінде Зайцева, басқа да елді мекендері жаудан тазартылғанмен, алда біздің жауынгерлерді бұдан да ауыр шайқастар күтіп тұрған-ды» деген.
Қасымхан Ысмайлов аса маңызды стратегиялық нысан саналған Мишуково үшін шайқаста екі аяғынан бірдей айырылады. Өлім мен өмір арасында ес-түссіз жатады. Батальонның әскери фельдшері Нұрылла Әлмағанбетов жарақаттың өте ауыр екенін ескеріп, жедел ота жасату үшін ұшақпен Мәскеуге госпитальға жібереді. Екі бірдей аяғынан айырылып, төсекке таңылған арда азаматтың күйзелісі мен өзекті өртеген азапты күндері жалғаса береді. Әуелі Мәскеуде, кейін Горький қаласында жасалған отадан соң дәрігерлер протез салуға ыңғайлайды. Жаралы жауынгер Сібірге, Моңғолиямен шекаралас Читаға аттандырылады. Ұзақ уақыт алған емнен кейін, қос аяғына протез киген жауынгер елге балдақсыз жүріп оралады.
Туған елмен, анасымен, бауырларымен көріскен жауынгер өмірінде ақиқаттың ақ жолынан аттамайтын, барынша әділ, турашыл азамат болған. Жалғандық пен жағымпаздықты, екіжүзділік пен опасыздықты, күншілдік пен көлгірсуді өлердей жек көрген.
Мамандығы тарихшы болғанымен қаламгерлік қасиетінің арқасында небір сын мақалалар жазған. Мақалалары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда үнемі жарияланып отырған. Көпті толғандыратын мәселелерді дөп басып, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген.
Саналы ғұмырында аудан орталығындағы №35 орта мектепте ұстаздық етіп, шәкірттерді білім шыңына қанаттандырған. Өз ісінің майталманы, ұлағатты ұстаз елеулі еңбегі үшін көптеген награданың иегері атанды. Жауынгер-ұстаз Қазақстан Республикасының «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған, сондай-ақ Оқу министрлігінің бұйрығымен «Аға мұғалім» атағын алған.
Ардақты азамат бірлігі мен ынтымағы жарасқан әулеттің басшысы болған. Құдай қосқан қосағы Сұлу Бержановамен 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеген. Балаларының көпшілігі әке жолын қуып, ұстаздық жолды таңдаған. Немерелері Тәттігүл мен Шырын тарихшы, ғылым жолында.
Ұлағатты ұстаздың алдынан дәріс алған шәкірттерінің арасында қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар, өз саласының білгір мамандары да жетерлік. Өнегелі із қалдырған жан туралы көзкөргендердің айтуынша болашақты болжай алатын көреген абыз да болған. Ұстаз дәріс бергенде шәкірттеріне: «Сом тиыннан құралады, біреуге бір тиыныңды жегізсең, өзіңнің нашарлығың» деген. Бұл нақыл мен өсиет бүгінгі қоғамға тура айтылғандай көрініп тұр емес пе?!
Нар тұлғалы азаматтың келер жылы туғанына 100 жыл толады. Сондықтан ұрпақ жадында Қасымхан Ысмайловтың есімін жаңғырту, мәңгі сақтау мақсатында осы бастан естелік іс-шаралар қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді.
Бибісара ЖАНӘЛІ