Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауынгер есімі жаңғырды

Жауынгер есімі жаңғырды

Ұлы Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында соғыс жауын­герлерінің есімін жаңғырту мақсатында көптеген мәліметтер келуде. Солардың қатарында майдангер Жа­ңатай Есмағанбетовтың құжаттарынан келтірілген мәліметті ұрпақтары қолы­мыз­ға әкеліп тапсырған болатын.

Жаңатай Есмағанбетов 1920 жылы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Әкесі Есмағанбет Тілеулиев, анасы Қадиша Тілеулиева отбасында үш баланы тәрбиелеген. Олар Жаңабай, Жаңатай, Жаңақұл.

Әке-шешесі мал шаруашылығымен айналысқан. Олардың бар малын кеңес өкіметі тәркілегеннен кейін ауданнан кетуге мәжбүр болған. Жаңатайдың құжаттарынан отбасы Оңтүстік Қазақ­стан облысының Пахтаарал ауданында тұрғандары анықталған. Туған елге қай жылдары оралғаны белгісіз. Бірақ әскерге Жаңатай 1939 жылы Пахтаарал ауданынан алынған.

«Халық ерлігі» атты ақпараттық сайт­тағы әскери құжаттардан белгілі болғандай соғыс кезінде Жаңатай Есмағанбетов 3-ші жеке шаңғышылар бригадасында Солтүстік-Батыс майданында әскери борышын өтеген. Шаңғышылар бригадасының барлық құжаттары 245-атқыштар дивизиясына ешқандай қатысы болмаса да сол дивизия арқылы өткен.

Құжаттарда жазылған мәлімет бойынша 1943 жылдың ақпан айын­да Новгородтың Старорусский ауда­­ны­­ның селоларын, оның ішін­де Ужин деген деревняны неміс басқыншалырынан азат ету үшін қанды шайқас болған. Жан алысып, жан беріскен ұрыста жауынгер Жаңатай Есмағанбетов қаза тапқан. Құжаттар бойынша майдангер 1943 жылдың 23 ақпанында қайтыс болған. Мерт болған жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында осы Старорусский ауданында үлкен ескерт­­кіш бой көтерген. Ескерткіште майдангер Жаңатай Есмағанбетовтың есімі қашалып жазылған екен.


Осы ескерткішті ашқан кезде май­дангерлердің туған туыстарына арналып хат жолданған. Хатта жауынгерлер қорымына олардың рухына тағзым етуге келуге болатыны айтылған. Бұл шақыртуға жауынгердің туыстары жауап бермеген. Себебі бұл ұрыс туралы басқа да құжаттар табылған. Онда аталған шайқастан тірі қалған жа­уын­­герлер Ильмень өзенінен өткендігі айтылады. Неміс ұшақтарының бомбылауынан кейін көптеген кеңес жауын­­герлері тұтқынға алынған. Бұл 1943 жылдың 25 ақпан күні еді. Қанды шайқаста тұтқынға түскендер туралы нақты дерек болмағандықтан, білместіктен қаза тапқандардың қа­тары­на жазып жіберген. Жаңатай да «Шталаг ВХ» концлагеріне тұтқынға түскен. Бұл концлагерь Зандбос­тель деген жерде орналасқан. Адам төзгісіз жағдайда өмір сүргендіктен Жаңатай Есмағанбетов сол лагерьде 1944 жылдың 23 сәуір күні қайтыс болады. Құжаттарда майдангердің тегі Джанатай Езмаганбетов деп қате кеткен. «Смерш» тапқан құжаттарда оның аты-жөні Шанатай Гесмаганбетов деп жазылған. Барлық құжаттарда оның лагерьдегі нөмірі 150044 деп таңбаланған. Сондықтан әртүрлі аты-жөнімен жазылса да, бұл құжаттар бір адамға ғана тиесілі екені анықталған. Ата-анасының мекен-жайы да Құндызды ауыл советі, 1 Май атындағы совхоз деп көрсетілген. Ал 1 Май совхозы қазір С.Сейфуллин ауылының бұрынғы атауы.

Міне, жауынгердің шайқаста қаза таппағаны, оның мүрдесі Герма­ния­ның Зандбостель деп аталатын жерінде жерленгенін құжаттар дәлелдеген. Майдангердің інісі Жаңа­құл Есмаған­бетов те Сталинград майданында болып, елге аман-есен оралған. Соғыс ардагері 2001 жылы дүниеден өткенше өзінің ағасының жерленген жерін іздетумен болған. Дегенмен мұндай жақсы хабарды жеткізген, барлық құжаттарды жинақтап, іздестірген ағайынды үш азаматтың анасы Қадишаның інісі Қанатай Минеевтың қызы Нина Минеева. Нина апайдың тынымсыз ізденісінің арқасында осындай құнды деректер қолға тиіп, жақында туған-туыстары әруаққа арнап ас беріп, хатым Құран шығарған.


Осы күні Сәкен Сейфуллин ауы­лын­­дағы Ұлы Отан соғысының арда­герлеріне қойылған ескерткіш тақтада Жаңатай Есмағанбетовтың есімі жа­зылған. «Боздақтар» кітабында да Великие Луки қаласы үшін болған шайқаста қаза тапқан деп көрсетілген.

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында ата-баба есімі қайта жаңғырды деген осы болар!

Бибісара ЖАНӘЛІ
07 мамыр 2022 ж. 510 0