«Қызыл жұлдызды» майдангер
Екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллионнан аса жауынгер елді жаудан қорғауға аттанған. Зұлмат жылдары еліміз 600 мыңнан астам халқынан айырылған. Соның 271 мыңнан астамы із-түзсіз жоғалғандар қатарына енген. Әлемді дүр сілкіндірген соғыс жылдарында ерлігі үшін 499 азамат ең жоғарғы награда «Кеңес Одағының батыры» атағын алған.
Ұлы Отан соғысына Отан қорғау үшін аттанғандардың қатарында Тотан Балапанов та болды. Тереңөзек ауданы Далакөл ауылдық кеңесінде 1919 жылы дүниеге келген Т.Балапанов 20 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылған. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін әскер қатарында болған азамат алдымен фин соғысына қатысқан. Гвардия старшинасы деген әскери атағы бар жауынгер тау зеңбірегі расчетының командирі ретінде неміс басқыншыларына талай мәрте тойтарыс берген.
1944 жылы Украинаның Житомир қаласы маңындағы ұрыста аяғынан ауыр жарақат алып, елге сол жақ аяғынан айырылып, 1946 жылы оралған.
Майдангер туған жерге оралған соң Ворошилов колхозында есепші болған. 1954-1963 жылдары Тереңөзек аудандық тұтынушылар одағында есепші, аға есепші қызметін атқарған. 1964-1980 жылдары «Тереңөзек» күріш совхозында экономист, бас экономист болып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне атсалысқан. Т.Балапанов секілді мықты мамандардың арқасында совхоз «Күріш фабрикасы» атанғанын ел-жұрт жақсы біледі.
– Әкеміз өнегелі өмірімен ұрпағына, кейінгі жас мамандарға жақсы тәрбие берді. Жиындарда өтімді сөз айтатын шешендік қасиеті бар болатын. Майдангердің ұрпағы болғанымды мақтан етемін. Әкеміз Сыр шайырларының, ақындардың өлеңдерін, мақал-мәтелдерді орнымен пайдаланып, тыңдаушысын баурап алатын сөзшеңдігімен ел аузында қалды. Анамызбен соғыстан келген соң 1947 жылы отасқан. Қазір үлкен әулетке айналдық, – дейді майдангердің баласы Ертай Тотанұлы.
Соғыс және еңбек ардагері Тотан Балапанов елге сыйлы, өнегелі отбасының иесі болды. Өмірлік қосағы Бибайша Әлиевамен алты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Жұмысында өзіне лайықты ізбасарлар дайындап, олар аудан, облыс көлемінде жақсы қырларымен танылды. Балаларының барлығы жоғарғы оқу орынын бітіріп, әртүрлі мамандық иесі атанып, халыққа қызмет етуде. Қазір барлығы бір-бір шаңырақ иесі, немере-шөберелері бар.
Тотан Балапанов Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталды. Сондай-ақ, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Жеңістің 20 жылдығы», «Жеңістің 25 жылдығы», «Жеңістің 30 жылдығы», «СССР Қарулы күштерінің 50 жылдығы», СССР халық шаруашылығы көрмесінің қола медалімен, Социалситік жарыстың 1973 жылы және 1974 жылы жеңімпазы төсбелгісімен марапатталды.
«Қызыл жұлдызды» майдангер 1981 жылы дүниеден өтті.
Артында өшпес із қалдырған соғыс ардагерінің ерен еңбегі ұрпақ жадында мәңгі қалмақ.
Бибісара ЖАНӘЛІ