Асыл текті абыз аға
Кез келген қоғамда елдің дамуын алға жетелейтін, халықтың қамын ойлайтын текті тұлғалар көптеп кездеседі. Олардың арасында жан-жақтылығымен көзге түсіп, жауапкершілік пен адалдықты өмірлік ұстаным ететін марқасқалардың орны бөлек. Мен білетін Абызбай аға Маханбетов сондай кісі болатын.
Ағамен алғашқы таныстығым мен үшін ренішпен басталған еді. Отбасы жағдайымен сырттай оқу бөліміне ауысып, Қызылорда облыстық радиосында тілшілік қызметке тұрғаныма да екі-үш айдың жүзі болған. Қаладағы туыстарымды да жақсы тани қоймаған соң, жұмысыма Шағаннан қатынап жүретінмін. Қиналып-ақ жүрмін. Басқаларға білдіргім де келмейді.
Бір күні басқарма төрағасы Жақсылық Бекқожаев ағамыз (жаны жұмақта болғыр) шақырып алып:
– Жағдайыңды айтпасаң да сезіп жүрмін. Кеше Тереңөзектегі редактор Абызбай Маханбетов ағаңмен сен туралы сөйлестім. Сондағы Кеңес Әбуов деген радио хабарларын ұйымдастырушы тілшімен сені алмастырмақшымыз. Қалаға көптен сұранып жүрген оған да жақсы, ауылдан қатынап жүрген саған да жақсы. Барып сөйлесіп қайт, – демесі бар ма?!
Іздегенге – сұраған, ағаға рахметімді жаудырып, алып-ұшып Тереңөзекке жетпеймін бе?! Бұрын-соңды «Еңбек туына» бармасам да редакцияны тез таптым. Редактор екінші қабаттағы кабинетінде екен. Обалы не керек, тез қабылдады. Кең кабинет, мәжіліс үстелі, жағалай орындық, бір қабырға толы кітаптар. Төрдегі үлкен үстел басында қағазға шұқшиған аққұба реңді, қағылез кісі. Оның төбесінен күн көсемдердің бірі қарап тұрғандай. Бірін бұрын көрмеген екенмін, екіншісі – менің балам да білетін бейне. Сәлемімді селқос қабылдады да, алдындағы орындықты нұсқады. Отыр дегені болар. Келген жұмысымды баяндап отырмын. Тыңдап отыр. Бір кезде барып:
– Кеңес – өте тәжірибелі тілші, мұғалімдіктен келген. Сенің қабілетіңнің қаншалықты екенін білмеймін, жазғандарыңды оқымадым, тыңдамадым, оқуыңды да бітірмепсің. Кеңес кеткен күннің өзінде, оның орнына сұранып жүрген басқа да үміткерлер бар. Дегенмен өмірбаяның мен мына анкетаны толтырып тастап кетерсің...
Түсіндім. Ол мықты екен, мұғалім екен. Мен ешкім емес екенмін. Намысқа тиіп кетті.
– Ағай, өмірімнің өзегі журналистік мамандық болар деп армандаушы едім. Оқымасаңыз – оқып көріңіз, мына дүниелерімді қалдырып кетейін. Ал алатын адамыңыздың журналистік мамандығы болса, менің таласым жоқ...
Осыған дейін жарық көрген өлеңдерім мен әртүрлі жанрдағы материалдарым салынған папкіні алдына тастадым да, қоштасып шығып кеттім. Өңешке келіп өксік тірелгендей... Шағанға жеттім. «Төрт көзіміз – түгел», шәй ішіп отыр екен. Көңілсіз кейпімді әкем бірден байқады. Кездесудегі әңгіменің жай-жапсарына қаныққан соң, күлді де: – Жездең ғой, сынағаны болар, алар, – деді.
Баласының қарым-қабілетін білетін әкемнің маған деген сенімінен күш алғандай болып, ертеңіне қаладағы жұмысыма келсем, атына заты сай Жақсылық ағамыз өзіне тән жылы жымиыспен қарсы алды. Сөз төркінінен Тереңөзекпен сөйлескені байқалады. Кабинетіне шақырды. Кірсем, Кеңес – мұғалім, Кеңес – тілші арыз жазып отыр екен. Отыра қалып, мен де жаздым шығу арызын. Сәт сапарын, шығармашылық табыстарын тілеп, аудан жаңалықтарын облрадиоға үзбей беріп тұруымды қатаң тапсырған Жақсылық ағам сөйтіп шығарып салды.
Тереңөзекке сол күні жеттім. Абызбай ағамның кешегі салқындығы жылылыққа ауысқан. Жымиысы да жанға жайлылық ұялатады. «Туысқан екенімізді біле ме екен өзі» деп те ойлап қоямын. Өмірбаянымда әкемнің аты-жөні, өзімнің өсіп-өнген ортам жазылған. Білетін болар. Сонымен не керек, жұмысқа кірісіп-ақ кеттім. Мұхтар ағам (Сақтапов) айтқандай, «Нөмірден қалған – Өмірден қалған» болмайын» деп жанталасып газетке де, радиоға да өзімше мықты материалдар жазамын. Редакторға кірген мақалалар ішінен менікі ғана қан-жоса болып шығады. Журналистке мұнан артық қорлық бола ма екен, сірә?
Кейде алдына шақыртып алып, үстел үстіндегі қос қаламның көк сиялысын алып, ұшына қарайды да, сылқ еткізіп орнына қайта қояды. Келесі қалам – қызыл сиялы. Алады да, ұшына қарайды. Жанары мен жақты да жанай өтіп, қағазға үңіледі. Үңіледі де қып-қызыл майданды бастап кеп жібереді дерсің. Сөздерім синонимдер мен антонимдерге, салалас құрмалас сөйлемдерім аралас құрмаластарға айналып кетіп жатады. Кейде қызыл сияның астында қиылып, құрып кететіндері де кездеседі. Көріп отырамын, шыдамның шегі үзілгенде ғана қарсылық көрсетесің. Ал ол болса кітап сөресіне көз тастап:
– Екінші сөредегі «Түсіндірме сөздікті» ал да, мына-мына сөздеріңнің жазылуын, ана сөредегі мына кітаптан өз жазғандарыңды тауып көр, – дейді. Редакторым мені осылай оқытты, төсіле, көсіле жазуға, сөздерді, сөйлемдерді, тіпті айтылар ойларды қайталамауға машықтандырды, пунктуация ережелерін сақтауды, сан салалы газет жанрларында жазуды үйретті. Алты ай бойы бетімді сызғылағандай болған еңбегі босқа кетпеген сияқты. Үйреніп шықтым. Жазған дүниелерім тексерусіз өтетін болды.
Сексенінші жылдары мекемелердің орта буын басшыларын баламалы негізде сайлап алу деген нұсқау шықты. Жер-жердегі сол сайлау біздің «Еңбек туын» да айналып өтпеді. Редакцияның жауапты хатшысы лауазымына бақ сынаған үшеудің бірі болып мен де сайлауға түстім. Үшеудің бірі – бұрын осында жауапты хатшы болып қызмет атқарған, республикалық бір газеттің облыстағы тілшісі Келдібай Уәйісов (жаны жәннатта болсын) те, екіншісі – газеттің жауапты хатшысы Еркін Әбілов еді. Екеуінің де жасы үлкен, тәжірибелері мол. Газеттің қыр-сырын жетік меңгерген олар облыс, республика көлеміндегі баспасөзге есімі белгілі журналистер болатын. Жазу-сызуым екеуінен кем болмаса да, сайлау күні жақындаған сайын екі ағам сәлемімді алудан қалып, елемейтін кейіп танытып жүрді. Сонымен не керек, сайлау күні жабық дауыспен 17 адам өз шешімдерін жасады. 14 дауыс менікі, қалғаны екеуінікі. Сөйтіп, газеттің жауапты хатшысы болып сайландым. Аудандық партия комитетінің хатшысы, газетіміздің басшылары, байырғы бөлім меңгерушілері, тілшілер қауымы құттықтап, жұмысыма жеміс тіледі.
Абызбай ағамыздың есімінің өзінде үлкен қасиет жатқандай. Шыр етіп дүние есігін ашқанда-ақ оның болашақта адамгершілігі мол, адалдықты ту етіп, жан мен тән тазалығын бойына дарытқан үлкен ақыл, парасат иесі болатынын білгендей атын Абызбай қойған екен. Оның үстіне ол кеңпейілді де қарапайым, кішіпейіл жан болатын. Ортасында «энциклопедист» атанған, терең білім мен білік иесі де еді. Қазақы ортада өсіп, өзге ұлттары да қазақша сайрайтын ауданда жүрсе де орыс тіліне өте жүйрік, сауатты жазушы еді. Сыр бойы халықтарының ру-тайпаларын жілікше шағатын шежірешілдігі де ешкімнен кем емес еді. Қарамағындағы қызметкерлердің жағдайымен санаса білетін, жақсылығы мен жамандығында қасынан табыла қалатын адамгершілігі мол ақжүректігін сезіне жүретін едік. Аудан көлеміндегі биік лауазымдарда жүрсе де өзін өзгелерден биік ұстамайтын немесе артықпын да демейтін. Әркез жанында жүрген жандарға мейірім шуағын шашып, оларға тек жақсылық ойлайтын кеңпейілін, жан жомарттығын айтсаңызшы.
Алға қойған мақсатының мұратына жету үшін адамға мінез де керек. Қайсарлық танытқан адам ғана арман биігінен көрінетіні белгілі. Өз биіктерінен көріне білген Абыз ағамыз бен Гүлжан апамызды Алла бір-біріне сай етіп қосқан еді. Олардың Тереңөзектегі қарашаңырақтары білім мен бақыттың, тәлімді тәрбиенің, ауызбірлік пен ынтымақтың, сыйластықтың, тағы да басқа жақсылықтардың ордасы болды. Қыздары бойжетті, ұлдары өсті. Тұрмыс құрды, үйленді. Немере, жиендер қызықтарын сыйлады. Апамызды ертерек жіберіп, бар қызықты өзі көргені болмаса (кейде балдыздығым ойнап кетеді, айып етпеңдер).
Абыз ағамның бойындағы кей қасиеттерді ұлы Ғалымжанның, қыздары Гүлсім мен Ләззаттың бойынан байқаймын (басқа ұрпақтарымен қатысым жоқ). Ғалымжанның алға қойған мақсатқа жетудегі бірбеткей қайсарлығы мен қарапайымдылығы, Гүлсімнің білімге деген ерекше құштарлығы мен кішіпейілдігі, Ләззаттың істеген ісіне деген адалдығы мен кеңпейіл тазалығы ұнайды. Абыз ағаның ұрпақтарының кемел жасқа жеткенде үлкен парасат пен пайым иелері болатынына сенемін.
Ал өзім болсам осы өмірімде тек ілгерілеумен, қызмет бабында жоғыралаумен келіп, құрметті еңбек демалысына шықтым. Қайда жүрсем де, қандай қызмет жасасам да Абыз ағамнан және басқа да қызметтестерімнен үйренген, солардан бойыма дарыған, күнделікті өміріме ту еткен адамзатқа тән қасиеттерді жоғалтпауға тырысып келемін.
Алтынбай ДӘУРЕНБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер Одағы
сыйлығының лауреаты,
әскери полковник
Қазақстан Журналистер Одағы
сыйлығының лауреаты,
әскери полковник