Абызбай Маханбетовтің ұрпақтарына алғыс айтамыз
Аудандық газет редакциясында ұзақ жыл еңбек етіп, осы мекеменің нанын жеп, осы мекеменің арқасында абырой биігіне көтерілген кейбір жандардың өздері мен ұрпақтарының бүгінде редакция есігін ашпайтыны, артынан ерген жас тілшілермен байланыс орнатпайтыны, кейде біздің қоңырауымызды көтеруге құлық танытпайтыны, құрметімізді дұрыс қабылдағысы келмейтіні және газетке мүлдем жазылмайтыны көңілімізге кірбің ұялатады. Бұл олардың пайым-парасатынан, таным-түсінігінен және көзқарасынан туындаған әрекеттер болған соң, талас тудыра алмаймыз. Бірақ, бұл әңгіменің кімдерге бағытталып отырғаны кім-кімге де сезілетін шығар.
Біз бүгін редакция ардагері, "Сырдария ауданының Құрметті азаматы", абыз аға атанған өнегелі өмір иесі Абызбай Маханбетовтің ұрпақтарына редакциямен байланыс орнатып, біздің ұсыныстарымызды қолдап, өтініштерімізді орындап, әкелерінің қолтаңбасы қалған, маңдай тері сіңген қасиетті қарашаңырақтан арада қаншама жыл өтсе де байланысты үзбегені үшін шын жүректен алғыс айтамыз.
Күні кеше Galym Abyzbayev ағамыз хабарласты. Текті әулеттің түлегі баспасөзге жазылу науқанына байланысты еңбек ардагерлерінің мекен жайына биыл тағы да жергілікті газетті жаздыртып беруге ниеттенгенін айтты. Ісі мен сөзі үйлескен Ғалым ағамыз әкесі Абызбай Маханбетовтің 8 баласының атынан 8 ардагерге басылымды жаздыртып берді. Ғалым ағаның редакция деген қолдауын зор құрметпен қабыл алдық.
Жоғарыда атап өткенімдей, Абызбай Маханбетовтің ұрпақтарының бұл игі ісі аудандық газет редакциясында ұзақ жыл еңбек етіп, осы мекеменің нанын жеп, осы мекеменің арқасында абырой биігіне көтерілген кейбір жандарға ой салады деп ойлаймын. Редакцияға деген құрмет - қазақ баспасөзіне деген құрмет! Сондықтан аудан тарихында өзіндік орны, мәртебелі төрі бар басылым беделін биіктетуді өзімізден бастауымыз қажет.