Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Бір пайда»

«Бір пайда»

Мұхтар Сақтапов – хаттар бөлімінің меңгерушісі. Ол кісіге жан-жақтан сәлемдемелер көп келеді. Соның барлығы Ерхан ағайдың кабинетінде тұратын болған. Жұмыс аяқталған тұста әріптестер жиналып, отырады екен. Бірақ оған Балашбек Шағыровты қоспайтын болған. Өйткені, ол кісі тапқан-таянғанын бөліспейтін көрінеді. Ол кезде Б.Шағыров – жауапты хатшы.
Бір күні Мұқтар Сақтаповқа келіп:
– Мұха, екеуміз туысқанбыз. Сіз маған ағасыз. Бірақ мені ортаға қоспайсыздар.
Мұхтар аға болса еш мүдірместен:
– Әй, сен өзің қосылмайсың. Анда-санда әріптестерге дас­тархан жаю керек. Жан-жақтан келген сәлемдемелермен бөліспейсің. Сосын қайдан қосыласың, – дейді. Сонда Б.Шағыров басын қасып тұрып:
– Шынында, солай екен ғой. Келесіде бір жөнін жасайын, – депті.
Арада біршама уақыт өткенде М.Сақтаповқа келіп:
– Жұмыстың аяғында кетіп қалма, – деп сыбырлап кетіпті.
– Не болды?
– Бір «пайда» келіп еді, – дейді Бәкең.
– Ә-ә, мақұл.
Мұхтар Сақтапов сол арада Ерекеңді шақырып алып, Б.Шағыровтың айтқанын айтып, оған да кетіп қалмауды ескертеді. Оны естіген Ерхан аға бір қызық ұйымдастырайын деп ойлайды. Сөйтеді де Балашбек ағайдың әкелген шөлмегінің ішіне су толтырып, шкафына қайта салады. Ішіндегісін бөлек алып қояды. Оны ешкім білмейді.
Ол кезде Абызбай Маханбетов – редактор. Жұмыс уақыты аяқталғанша Б.Шағыров:
– Абызбай әлі кеткен жоқ, – деп М.Сақтаповқа қайта-қайта келе беріпті. Мұхтар аға:
– Қазір кетеді. Шыдай тұрсаңшы, – депті. Редактор тура уақытында жұмыстан шыққанда бәрі жиналып қалады. Ерхан ағай барлық қызметті жасап жүрген. Содан Мұхтар ағаға тілек айт дейді. Ол кісі Б.Шағыровтың ортаға қосылатынын жеткізіп, әріптестер тартып қалғанда ішкендері су болып шығады. Бәрінде үн жоқ. Бір кезде Ерхан ағай:
– Қазір дүкендерде осындай шығып жатыр екен. Естіген боларсыздар? – дейді.
– Ойпырмай, мен де естіп едім. Шынында солай болғаны ма? – дейді Б.Шағыров.
Содан Балашбек аға Ерхан ағайға өтініш айтады. «Күні ертең ақшасын әкеліп беремін. Сен бүгін ұйымдастыр. Бірақ таза болсын» деп ескертеді. Сөйтіп, Ерхан ағай табан астында жақын «дүкеннен» таза бір шөлмек әкеле қояды. Ертеңіне айтқандай-ақ Б.Шағыров ақшасын әкеліп беріпті. Ал сол күні жұмыс аяғында Балашбек Шағыровтың кешегі табысы ортаға келіпті.

Е.БЕРКІНБАЕВ
05 сәуір 2019 ж. 1 198 0