Іргелі әулеттің ілкімді ісі
Есім қоюға ерекше мән берген халқымызда «Адамның есімі жарты ғұмыры» деген тағылымды сөз бар. Осы ретте Сыр өңіріне белгілі қайраткер, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», СССР Журналистер одағының мүшесі Абызбай Маханбетовтің есіміне зер салсақ, түбірі «абыз» екенін аңғарамыз. Ғибратты ғұмыр иесі расында да адал еңбегімен, өнегелі ісімен абызға және аңызға айналды.
Өзі абыз, ісі аңыз тұлғаның ұрпақтары әкелерін еске алу бағытында игілікті іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Бұған дейін шығармалар байқауын, ардагерлер арасында бильярд жарысын өткізген Абызбаевтар әулеті өткен аптада кіші футболдан турнир ұйымдастырды. Облыс орталығында өткен спорттық іс-шараға әулет мүшелерімен қатар, А.Маханбетов 14 жыл басқарған аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы қатысты.
Іс-шараның ашылуында Ғалым Абызбаев әкесінің еңбек жолы, атқарған қызметтері туралы айтып, спорттық іс-шараның мақсатын түсіндірді. Мұнан соң әулет үлкендері сөз сөйлеп, іс-шараның сәтті өтуіне тілектестіктерін білдірді. Қайраткер-тұлғаның адал еңбегі, игілікті ісі ешқашан ұмытылмайтынын айтып, естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы аңызға айналған абыз тұлғаға деген құрмет жыл өткен сайын арта беретінін атап өтті.
– Тағылымды іс-шарада қоғам қайраткерлерінің Абызбай Маханбетов туралы айтқан пікірлері ойыма оралып тұр. Мысалы, Камаладин Наурызбаев: «Бізде үш ұстын болды. Біріншісі ісі мен сөзі нық Төлеген Əбілдаев, екіншісі адал басшы Рақымжан Бəйменов жəне үшіншісі ешқашан ешкімді жамандамайтын, ешқашан ешкімге жамандық ойламаған білімді Абызбай Маханбетов» десе, Алмагүл Божанова: «Абызбай Маханбетов – біздің ұстазымыз, ол Сырдария ауданының тірі энциклопедиясы» деген еді. Сондай-ақ Әріп Хожбанов: «Адал адам əдемі қартайып, ұзақ өмір сүреді. Абызбай аға – адал әрі жақсы адам. Тереңөзектің ғана емес, Сыр өңірінің мақтанышы» деп ой түйіндеген. Осы тұлғалардан асырып ештеңе айта алмасымыз анық. Біз аудандық газеттің тарихына зер салсақ, Абызбай аға басқарған тұста газеттің беделі артып, мазмұны байығанын байқаймыз. Бұл – қажырлы еңбек пен нәтижелі жұмыстың жемісі. Сондықтан тарихи тұлғаны ұмытпаймыз, уақыт өте келе есімін жаңғырту, көше атауын беру секілді жұмыстарға атсалысамыз, бұл – біздің ортақ міндетіміз,– деді аудандық газеттің бас редакторы А.Ибрагимұлы.
Спорттық іс-шараға іргелі әулеттің спортты серік еткен 100-ге жуық мүшесі мен жанкүйерлер қатысты. Олар алты топқа бөлініп, кіші футболдың көрігін қыздырды. Тартысты өткен ойында әулет мүшелері жеңіске деген ерекше құлшыныстарын байқатты. Кәсіби футболшылар секілді өзара түсіністікпен, жеңістің ең биік тұғырына көтерілу үшін барын салды. Нәтижесінде, «Әулиеата» командасы ең көп ұпай жинап, бірінші орын иегері атанды. Жүлделі екінші орынды «Жуас» командасы еншілесе, үшінші орынға «Арлан» командасы лайықты деп танылды. Сондай-ақ «Ең үздік ойыншы», «Үздік футболшы», «Үздік шабуылшы», «Жасы ең үлкен спортшы», «Жасы ең кіші спортшы» аталымы бойынша жекелеген азаматтар марапатталды. Ал «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымы «Арнайы жүлде» иеленді. Жүлдегерлерге естелік сыйлықтар, медальдар және арнайы «Алғыс хаттар» берілді. Атап өту қажет, футболға кәсіби мамандар төрелік етті.
– Біз ұрпақтар бір-бірімен аралассын, аталарының еңбегін білсін және мақтан етсін деген мақсатта кіші футбол турнирін ұйымдастырдық. Былтыр карантин талаптары іс-шараның ауқымын шектеді. Биыл қатысушылар саны артып отыр. Біздің шақыруымызды қабыл алып, арнайы команда жасақтап келген Сырдария аудандық газетіне, Қорқыт ата атындағы университет ұжымына ризашылығымызды білдіреміз. Футбол жарысы ойымыздағыдай өтті. Атсалысқан, қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғыс айтамыз. Әкеміздің рухына бағышталған Құран қабыл болсын, – деді Ғалым Абызбаев турнирдің қорытындысында.
Ердос БЕРКІНБАЕВ