Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Іргелі әулеттің ілкімді ісі

Іргелі әулеттің ілкімді ісі

Есім қоюға ерекше мән берген халқымызда «Адамның есімі жарты ғұмыры» деген тағылымды сөз бар. Осы ретте, Сыр өңіріне белгілі қайраткер, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», СССР Журналистер одағының мүшесі Абызбай Маханбетовтің есіміне зер салсақ, түбірі «абыз» екенін аңғарамыз. Ғибратты ғұмыр иесі расында да адал еңбегімен, өнегелі ісімен абызға және аңызға айналды.

Өзі абыз, ісі аңыз тұлғаның ұрпақтары әкелерін еске алу бағытында игілікті іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Бұған дейін шығармалар байқауын, ардагерлер арасында билярд жарысын өткізген Абызбаевтар әулеті жақында карантиндік талаптарды сақтай отырып, кіші футболдан турнир ұйымдастырды. Облыс ор­талығында өткен спорттық іс-шараға әулет мүшелерімен қатар, А.Маханбетов 14 жыл басқарған аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы мен редакция жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсілім Қалмұратұлы қатысты.

Іс-шараның ашылуында Ғалым Абызбаев әкесінің еңбек жолы, атқарған қыз­меттері туралы айтып, спорттық іс-шараның мақсатын түсіндірді. Мұнан соң әулет үлкендері Алтынбек Есжанов, Бағдат Төрекеев, Нұрлан Жүнісов және Бақыт Бесбаевтар сөз сөйлеп, іс-шараның сәтті өтуіне тілектестіктерін білдірді. Өз кезегінде аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясы жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Қалмұратұлы қайраткер-тұлғаның адал еңбегі, игілікті ісі ешқашан ұмытылмайтынын айтып, естеліктерімен бөліссе, А.Ибрагимұлы аңызға айналған абыз тұлғаға деген құрмет жыл өткен са-йын арта беретінін атап өтті.

– Тағылымды іс-шарада қоғам қай­раткерлерінің Абызбай Маханбетов туралы айтқан пікірлері ойыма оралып тұр. Мысалы Камаладин Наурызбаев: «Бізде үш ұстын болды. Біріншісі – ісі мен сөзі нық Төлеген Əбілдаев, екіншісі – адал басшы Рақымжан Бəйменов жəне үшіншісі – ешқашан ешкімді жамандамайтын, ешқашан ешкімге жамандық ойламаған білімді Абызбай Маханбетов» десе, Алмагүл Божанова: «Абызбай Маханбетов – біздің ұстазымыз, ол Сырдария ауданының тірі энциклопедиясы» деген еді. Сондай-ақ Әріп Хожбанов: «Адал адам əдемі қартайып, ұзақ өмір сүреді. Абызбай аға – адал әрі жақсы адам. Тереңөзектің ғана емес, Сыр өңірінің мақтанышы» деп ой түйіндеген. Осы тұлғалардан асырып ештеңе айта алмасымыз анық. Біз аудандық газеттің тарихына зер салсақ, Абызбай аға басқарған тұста газеттің беделі артып, мазмұны байығанын байқаймыз. Бұл қажырлы еңбек пен нә­тижелі жұмыстың жемісі. Сондықтан тарихи тұлғаны ұмытпаймыз, уақыт өте келе есімін жаңғырту, көше атауын беру секілді жұмыстарға атсалысамыз, бұл біздің ортақ міндетіміз»,– деді аудандық газеттің бас редакторы.

Спорттық іс-шараға іргелі әулеттің спортты серік еткен 100-ге жуық мүшесі мен жанкүйерлер қатысты. Олар алты топқа бөлініп, кіші футболдың көрігін қыздырды. Тартысты өткен ойында әулет мүшелері жеңіске деген ерекше құлшыныстарын байқатты. Кәсіби футболшылар секілді өзара түсіністікпен, жеңістің ең биік тұғырына көтерілу үшін барын салды.

Нәтижесінде, Айбек Абызбай жетек­шілік еткен «Сұңқар» командасы кубок иегері атанды. Жүлделі екінші орынды «Жуас» командасы еншілесе, үшінші орынға «Орда» командасы лайықты деп танылды. Ал «Ең үздік ойыншы» аталымы Сәбит Мираммадинге берілді. Думан Абызбай «Үздік футболшы», Мадияр Жәрекеев «Үздік шабуылшы» атанды. Сондай-ақ Ерұлан Жүнісов «Жасы ең үлкен спортшы», Серікбол Дінмұхамед «Жасы ең кіші спортшы» аталымымен марапатталса, жарыста ең бірінші болып гол соққан Дінмұхамед Ғалымовқа және ең белсенді жанкүйерлер Алтынбек Есжанов пен Нұрлан Жүнісовке де құрмет көрсетілді. Жүлдегерлер естелік сыйлықтармен, медальдармен және арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Атап өту қажет, футболға кәсіби мамандар Жандос Мінәжадин мен Диас Уәлиханұлы төрелік етті.

– Біз ұрпақтар бір-бірімен аралассын, аталарының еңбегін білсін және мақтан етсін деген мақсатта кіші футбол турнирін ұйымдастырдық. Карантин талаптары іс-шараның ауқымын шектеді. Бірақ бәрі ойымыздағыдай өтті. Атсалысқан, қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғыс айтамыз. Әкеміздің рухына бағышталған құран қабыл болсын, – деді Нұрбол Абызбаев турнирдің қорытындысында.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
05 маусым 2021 ж. 631 0