Ерен ерлігі ұмытылмас
Болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін күрескен арқасүйер ардагерлерді ұлықтау, құрметтеу – бүгінгі саналы ұрпақтың парызы. Отан үшін от кешкен жауынгерлер қандай да құрметке лайық. Олар теңдесіз ерліктің күшімен өскелең ұрпаққа бейбітшілік әкелген. Бұл Жеңіс болмағанда, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан да болмас еді. Қазақ халқында туған жерін сыртқы жаулардан қорғап, аман сақтап қалған адал ұл-қыздарымыз аз болмаған. Сондықтан да Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан әрбір майдангерге бас иеміз.
Біздің ауданымызда да көптеген қаһарман ерлер майдан даласында күресе білді, жеңіс күнінің жақындай түсуіне өздерінің үлестерін қосты. Олардың қатарында Бақтияр Жақыпов та бар. Ол 1914 жылы Қараөзек болысының үшінші ауылында дүниеге келген. 12-13 жасынан бастап соғысқа дейін колхозда еңбек еткен. Стахановшы атанған. 1941 жылдың тамыз айында Тереңөзек аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылып, Сібірде құпия әскери бөлімде қызмет етеді. Бұл бөлімді неміс басқыншылары біліп қалып, бомбалағаннан кейін жауынгерлер дереу Ленинград қаласындағы қару-жарақ зауытына ауыстырылады. Жеңіс күнін жақындатуға осы зауытта екпінді еңбек етіп, елеулі үлес қосты. 1945 жылдың қараша айында Жеңіспен елге оралады. Елге келген соң колхоз жұмысына араласып, бау-бақша егеді. Одан соң артта қалған мал шаруашылығын көтеруге жіберіледі. Кейін күріш өсіруді қолға алады. Бұл салада 20 жыл жемісті еңбек етеді. Өзі туып өскен 18 партсъезд атындағы кеңшардың атын шығарды. «Ленин», «Октябрь революциясы» ордендерімен, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталады. Облыстық, аудандық партия комитеті Пленумдарының мүшесі болады. Социалистік міндеттемелерін жоғарғы дәрежеде орындағаны үшін «Облыстың үздік күрішшісі» атағы беріледі. Халық шаруашылығында жеткен жетістіктері үшін екі рет күміс медаль, екі рет қола медальдармен марапатталады.
Майдангер атамыз сонымен қатар, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 50 жыл, 60 жыл», «СССР Қарулы Күштерінің 60,70 жыл» мерекелік медальдарымен, бірнеше мәрте «Мақтау қағаздарымен», «Алғыс хаттармен» марапатталған.
1974 жылы Бақтияр Жақыпов зейнет демалысына шықты. Зейнетке шыққаннан кейін де 1985 жылға дейін кеңшарда күріш екті, иығынан кетпені түспей, өзінен кейінгілерге ақылшы-ұстаз болып жұмыс атқарады. Зайыбы Жақыпова Қантай апамыз екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.
«Жақсының аты өлмейді» дейді халық даналығы. Соғыс ардагері Бақтияр Жақыповтың құрметіне Тереңөзек кенті әкімінің 2016 жылдың 15 наурыздағы №20 шешімімен Тереңөзек кентіндегі жаңа қоныстану аймағынан атауы жоқ көшеге Бақтияр Жақыповтың есімі беріледі.
Біз майдангер аға өмірінен бір үзік сыр шерттік. Бүгінгі күнді, бақытты болашағымызды соғыс отынан өздерінің жалын жүректерімен қорғап қалған аяулы аталарымыз жөнінде жазу, олар туралы естеліктер жинап, бойтұмардай сақтау, оларды жарыққа шығару – аудандық архив қызметкерлерінің міндеті.
Г.Мейрамбекқызы,
Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің Сырдария аудандық филиалының архивисі