Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Даңғайыр дихан атындағы көше

Даңғайыр дихан атындағы көше

Екі-үш айдан бері жаңа үйге көштік. Кенттің жаңа қоныста­ну аймағында тұрамыз. Кент әкім­дігінің берген мәліметі бойынша бұл аумақ 60 гектарды құрайды, 8 көше бар. Оның 7-не со­ғыс ардагерлерінің есімдері берілсе, біреуі мемлекет және қоғам қайраткерінің атында. Онда 45 жаңа үй салынған.
Жаңа қоныстану аймағы аудан орта­лығындағы №36 Ә.Тәжібаев атын­дағы үлкен мектеп-лицей мен өт­кен жылы пайдалануға берілген көп қа­батты үйлерден басталады. Бұл зәулім үйлер аумақтың кірер қақпасы іспетті. Сондай-ақ еліміздің жетекші партиясының аудандық ғимараты да жаңа қоныстағы беделді ұжым саналады.
Мен Ұлы Отан соғысына қаты­су­шы, майдангер Бақтияр Жақыповтың көшесінде тұрамын. Көшеде жаңа қоныстану аймағын ауыз сумен қамта­масыз етіп тұрған кешенді су мұнарасы орналасқан. Сондай-ақ бұл көшеден «Жалағаш-Қызылорда» трассасы таяқ тастам жерде.
Көше атын иемденген Бақтияр Жақыпов кім болған? Ол 1914 жылы Қараөзек болысының №3 ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін колхозда егіншілікпен айналысқан, Стахановшы атанған. 1941 жылдың тамыз айында Тереңөзек аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылып, Сібірде құпия әскери бөлімде қызмет етеді. Бұл бөлімді неміс басқыншылары біліп қалып, бомбалағаннан кейін жауынгерлер дереу Ленинград қаласын­дағы қару-жарық зауытына ауыстырады. Б.Жақыпов Жеңіс күнін жақындатуға осы зауытта екпінді еңбек етіп, елеулі үлес қосты. 1945 жылдың қараша айын­­да Жеңіспен елге оралады. Ауылға келген соң колхоз жұмысына араласып, бау-бақша егеді. Одан соң артта қалған мал шаруашылығын көтеруге жіберіледі.
Бақтияр Жақыпов өткен ғасырдың 60 жыл­­дарынан бастап күріш өсіруді қол­­ға алды. Бұл салада 20 жыл жемісті ең­бек етті. Өзі туып-өскен 18 партсъезд атындағы кеңшардың атын шығарды. «Ленин», «Октябрь революция­сы», «Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Об­лыс­тық, аудандық партия комитеті Пле­нумдарының мүшесі болды.
Бақтияр аға зайыбы Қантай апамен бірге 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Балалары Серік пен Бейбіт әке жолын қуып күріш өсірумен айналысады. Биыл Бейбіт Жақыпов «А.Тоқмағанбетов-ЛТД» ЖШС диқандарының алды бол­ды. Әр гектардан 60 центнерден жоға­ры өнім алды.
«Жақсының аты өлмейді» дейді халық даналығы. Соғыс ардагері 2005 жылы 91 жасында дүние салды. Майдангер, даңғайыр диқан Бақтияр Жақыпов­тың құрметіне Терең­өзек кенті әкімінің 2016 жылдың 15 наурыз­дағы №20 шешімімен жаңа қоныстану аймағынан көше берілді.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

23 қараша 2019 ж. 752 0