Ауылдан шыққан банкир
Бұл мақаланы осыдан біраз уақыт бұрын жазуым да керек пе еді деп ойланып отырмын. Десе де, «Сабақты ине сәтімен» демекші, бәлкім, сәті енді түскен де шығар. Бұл кісі жайлы әңгімені маған Нағи Ілиясов ауылдық кітапханасының кітапханашысы Сәуле Найзатаева баяндап берген болатын. Батыр атындағы ауылда туып өсіп, елі үшін еңбек еткен әрбір жанды іздеп, зерттеп жүретін сәуле апайдың бұл қасиетіне тәнтімін. Бірде ол маған хабарласып, біздің ауылдың тумасы «Есқали Қауымбаев ата туралы газетке жазсаң қалай болады» деген болатын. «Ол ауылдан шыққан банкир кісі» дегенде еріксіз қызығушылығым оянып, мақалама арқау етуді жөн көрдім.
Есқали Қауымбаев 1893 жылы бұрынғы Карл Марксте қазіргі Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылында дүниеге келген. 1903-1906 жылдары бұрынғы Хан мектебінде Қоңырқожа Қожықовтан білім алған. Балалық шағы осы ауылдың құмында өткен банкир атамыз білімге жаны құштар өте зерек кісі болған деседі. Колхоздастыру кезінде ел басына түскен ауыртпалық пен асыра сілтеушіліктің барлығын өз көзімен көрген атамыз жаңа заманның шұғылалы боларын сезіп, ол үшін белін буып күрескендердің бірі екен. Есқали ата бірнеше мәрте партия мүшесі, аудандық кеңестің төрағасы және қазіргі облыс орталығында аудандық банктің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Тарихта «Ұлы террордың басы» деп жазылған 1937-1938 жылғы қуғын-сүргін Қауымбаевтар әулетін де айналып өтпеген. Есқали атамыздың туған інісі Қайыпназар Қауымбаев та өте сауатты кісі болған деседі. Қазақ, орыс тіліндегі шығармаларды оңай аударып, орыс классиктерінің шығармаларын жатқа оқыған. Сол кездегі «Правда», «Известия» газеттерінде жұмыс жасаған қаламы қарымды журналист болған. Облыстық «Ленин жолы» газетінде редактор болып та қызмет атқарған. «Правда» газетінің Оңтүстік облыстарының арнаулы тілшісі болып жұмыс атқарып жүргенде «Құмшығанақ» деп аталатын ауылға уәкіл болып барған жерінен НКВД-ның құрығына ілініп, қамауға алынып, кейін ату жазасына кесілген екен. Газетке «Жұртшылыққа ашаршылық жақын, қой қырылып жатыр» деген мақала жазғаны үшін НКВД-ның ұйғарымымен ату жазасына кесіліпті. Небәрі жиырма алты жасында жазықсыз жала жабылып, атылып кеткен Қайыпназар Қауымбаев 1958 жылы облыстық соттың шешімімен арада 21 жыл өткен соң ғана ақталған.
Сол кезде ауыл шаруашылығы банкінің меңгерушісі қызметін атқарған Есқали Қауымбаев інісіне жабылған жалаға байланысты ұсталып «халық жауының ағасы» деп он жылға айдауға жіберілген көрінеді. Артында ағайын-туыстары мен жары және он бір баласы қалған. Бес жыл айдауда болған ол 1943 жылы елге аман-есен ақталып оралған. Елге қайтып келе жатқан жолда пойызда әкесі түсіне еніп «балам Зікірия, Мәрияш, Фатимадан басқалары және Ұрқия (Есқалидың жары) біз жақта» деп аян берсе керек. Елге келгенде жары мен қалған балалары қайтыс болғанын естіп, қатты қамығады. Жоғарыда аталған үш баласы ғана тірі екен. Уақыт өте келе Патыма атты келіншекпен бас қосып, балаларын өсіріп жеткізіп, өзі тылда еңбек еткен. 1946 жылы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы «Ержүрек және жанқиярлық еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Елде пошташы болып та жұмыс жасаған еңбек ардагері 1976 жылы 16 қыркүйекте 83 жасында өмірден өткен.
Қазіргі таңда банкир атаның Мәрияш деген қызынан туған жиен немересі Жұлдызай Ермағанбетова апай батыр атындағы ауылда тұрады. Мектепте ұзақ жылдар бойы ән-күй сабағынан дәріс берген ұлағатты ұстаз қазір құрметті зейнет демалысында.
– Есқали әкеміз өте мейірімді, жылы шырайлы, бойы аласа кісі болатын. Үнемі маңдайымыздан сипап, бар жылулығын көрсетіп отыратын өте қарапайым жан болды. Анамның айтып отыратын естеліктерінен есімде қалғандары әкеміз Сталиннің қолынан аты жазылған алтын сағат алған екен. Бірақ ашаршылық уақытында анадан айрылып, әке айдауға кеткен тұста балалары нанға айырбастап жіберген көрінеді. Үлкен ұлы Зікірия әке жолын қуып, банк меңгерушісі болып жұмыс жасады. Зікірия көкеміздің ізденісінің арқасында жазықсыз жала жабылып ату жазасына кесілген Қайыпназар атамыздың аты ақталды, – деп өз естеліктерімен бөлісті жиен немересі Ж.Ермағанбетова.
Айдана Қалиева