Жорықбай жырау жөнінде
Біз көп жылдан бері Сыр бойындағы алымды ақын, әрі жырау Жорықбай Табынбайұлының өмір жолы, шығармашылығы жөнінде бірсыпыра ізденістер жасаған едік. Жорықбайдың үлкен ақын, мықты жырау болғандығын ақын Қуаныш Баймағамбетовтің мына өлеңінен-ақ аңғаруға болады.
... Жорықбай жойқын жүйрік өтті кеше,
Жырында болдық айтқан әлденеше.
Бейне бір жаттап алған төл сөзіндей,
Айтулы ақын еді ол тым ерекше.
Сексенге жасы келіп тақалғанда,
Сапардан қаймықпаушы еді апарғанда.
Оқ сөзі өзін ұрды, өлді жаудан,
Қаһарман кәрі тарлан атанғанда.
Жорықбай Табынбайұлы 1864 жылы Перовскі уезіне (қазіргі Қызылорда облысы) қарасты Қабылкөл деген жерде туған. Жорықбай жырау ғана емес, табанда суырып өлең шығаратын ақын әрі шешен болатын. Ол ұзын бойлы, сақалды, мұрнының үсті батыңқы келген, ашаңдау қызыл шырайлы кісі екен.
Жорықбай бірде жолдасымен отырғанда бір әйел қауын құшақтап келіп, жүресінен отыра қалыпты. Осыны ерсі көрген досы әйел кеткен соң осыған бір өлең шығаршы дегенде:
... Жарылып сары тілік сары қауын,
Алады сары қауын көздің жауын.
Бір әйел жүресінен отыра кетті,
Құлаштай салбыратып дамбал бауын.
Және де жан-жағына алақтайды,
Мен оның біле алмадым ауру-сауын – деп табанда өлеңге қосқан көрінеді.
Бірде Боқай табын Кемелдың бидай орып жатқан үстіне келіп тұрғанда айтқаны:
Уағалейкумасалам Кемелім,
Кемелдей болсын дегенім.
Кемел бидай орған соң,
Арпаның нанын жемедім,
Бидайдың нанына тоям деп
Қасына таман келгенім.
Уытты сөздің мәнісіне түсінген Кемел Жорықбай жырауға бидай беріп жіберіпті.
Далакөл маңы ертеде айдын шалқар көл болып, осы маңның елі балық, аң аулап күн көріпті. Бірден ақынжанды жырау Тұйғын деген замандасының үйіне келсе сары сазан аспай, шортан асып беріпті.
Осыған назаланған ол:
...Әлінше бұл да тамақ шортан, шабақ,
Мұны да керек қылып еттің тамақ.
Жылымда сазанменен бірге шықса,
Суға сап жіберуші ем сабап-сабап.
Тұйғынның Асан деген ұлы ағасы,
Халыққа қадірі бар тон жағасы.
Тұйғын деп әлде қалай ат қойыпты-ау,
Тұйғын түгіл қарғаның садағасы, – деп үйден шыға беріпті.
Енді Жорықбай жыраудың 1926 жылы Мүтән қожа Әсеновтің үйінде жырлаған делінген өлеңінен үзінді келтірейік. Оған себеп отырғандар Жорықбай келгенде үндемей қалыпты. Бұл дүниеде не бір жақсылар өткен, қу дүниені қуғанымен түбіне жеткен жоқ деген ой түсіп, жыр шумағын төгіп-төгіп жіберіп...
... Жорықбай егін еккен жоқ,
Жерге тұқым сепкен жоқ.
Бір кемнің бәрі кем,
Тұқымменен кетпен жоқ,
Аз берсең де аламын,
Көп берсең де аламын.
Бермесең де өкпем жоқ.
Бермей қалмай тұрарсың
Қазақ исің кеткен жоқ, – деп байдың бермес астығын алып кеткен көрінеді.
Ақынның: «Нұрмағамбетпен сөз қағыстыру», «Қара болысқа айтқандары», «Нақыл сөздері», «Ошақты садаққа», «Әліпбай милицияға», «Қожамұраттың Жақыбына», «Сапар құдаға», «Бақтыоразға», «Жарма қазғандарға», «Мыңбайдың бағасы», «Жетірудың ақыны келді әлпештеген», «Жорықбай деген шайырың», «Қармақшыда», «Ақымақ адам қол береді», «Ақназар ұстаға», т.б. көптеген өлең-жырлары болған.
Жорықбай ақынның өмірі жоқшылықта өтеді. Тұрмыс тауқыметін көп көрген. Әйелі, балалары бірінен соң бірі қаза болады. Ауыр қайғыны өлең-жырмен көтерген Жорықбайды 1932 жылы жол үстінде қарақшы-ұрылар өлтіріп кетеді. Жорықбай жырау Табынбайұлы – негізінен қысқа қайырымға, бір нәрсені табан астында жырға қосуға өте шебер ақын болған.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
этнограф-жазушы,
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы»