Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫМБАТТЫ СЫРДЫҢ СҰЛУ СҮЛЕЙЛЕРІ

СЫМБАТТЫ СЫРДЫҢ СҰЛУ СҮЛЕЙЛЕРІ


Сыр суы сырғып аққан Тянь-Шаннан,
Сарқылмас сағасы арна, сан заманнан.
Басы – тау, аяғы – Арал, байтақ дала,
Ел суын емін-еркін пайдаланған.

Суретті сұлу Сырдың бойындағы,
Толғайын білгенімше ойымдағы.
Жаз болса жасыл орман гүл безенген,
Қуанған көріп соны ой ырғағы.

Екі ұлтты Сырдың суы аралайды,
Өн бойын өзбек, қазақ жағалайды.
Жағалай жапырақты жасыл орман,
Орманда аңдар өсіп, балалайды.

Бойында Сыр суының түрлі қызық,
Сырды айтсам желдей есем, жырды ағызып.
Атақты аттары бар мұралардың
Айтайын білгенімде атын тізіп:

«Қосасар», «Жетімасар», «Күмісқорған»,
«Құлке» еске мұра көптен қалған.
Қаланың Ақмешіттей крепосын –
«Жай екен,– дейді үлкендер, Қоқан салған».

Түркістан ел аузында ескі мұра,
Атақты аты мәлім Қорқыт бұ да.
Сыр бойы сақтап мәңгі орын берген,
Құндақтап қойнына алып біра жола.

Аңырап Асан қайғы Келес келген,
Асқар тау, асып талай белестерден.
Жер шарын тауысқанда, қойнын ашып,
Келгенде: «Келес кетпес» кеңес берген.

Арқа, Сыр, бәрін кезген Асан қайғы,
Тарихта тараулар көп Асан жайлы.
Келесте келіп марқұм опат болған,
Келестей таппаған кең Асан жайды.

Сан сүлей сұлу Сырдың саласы бар,
Өн бойын өрлей салған қаласы бар.
Күнбе-күн күндей күліп гүл жайнаған,
Бетпақ шөл – бақытты көл даласы бар.

Бал тамған таңдайынан ақын да өтті,
Жаппас та Жанқабылдай батыр да өтті.
Қанқұмар хан Кене мен ол Наурызбай:
«Қырылып, сонан қорқып қаштық», – депті.

Жауынгер Жалбыр, Мәмбет Сырды жайлап,
Қан төкпей жауын жеңген тірі байлап.
Ардақты батырлардың атап атын,
Үлкендер отыратын айтып, сайрап.

Қыстаубай өткен батыр Шөмекейден,
Ел үшін қанды көйлек күнде киген.
Қыпшақтан тонау төлеп, өліп ақыр,
«Боқтыөлең» деген жерден орын тиген.

Қарабай, Қарымсақ пен Көккөз батыр,
Тарихтың таңбасындай көп сөз жатыр.
Қамалын Қоқандардың жеті бұзған,
Жасқанбас жауды жойған ноян батыл.

Бұдабай Сыр бойының сүлейі еді,
Ақынның аса күшті дүлейі еді.
Өшпейтін өрен жүйрік сөз қалдырған,
Шешеннің шеңбері кең біреуі еді.

Бұдабай ұлы жүйрік Сыр бойында,
Өлген жоқ оның сөзі ел ойында.
Айтысып Қарлығаштай қызды жеңген,
Қалмады не шешендер жер қойнында.

Орта жүз Шашты руы қыпшақтағы,
Біледі бүкіл қазақ бұл уақтағы.
«Жеңілген жері жоқ, – деп, – еш ақыннан», –
Сыр халқы сынап әбден шын мақтады.

Күлдірлеп Күдері өтті, Таспаменен,
Айтыстан талай жүйрік қасқаменен.
Айтысып Ұлбикемен үздік шыққан,
Тең таппай теңесуге басқаменен.

Бұл Сырда пәрмен жорға Палман да өтті,
Еш болып, есіл сөздер арманда өтті.
Палау қыз, Жұбатқан қыз, Қызтумашпен
Айтысып, сан думанда самғап өтті.

Қайнаған аузын ашса өлең қаптап,
Ұстаған не жүйрікті бір-ақ аттап.
Не пайда, қағазда жоқ қалған сөз,
Бар аздап жұрт аузында жүрген жаттап.

Ақын деп ел мақтайды асып кеткен,
Жол жорға, жортақыны басып кеткен.
Үйлерге Палман барған жолай алмай,
Ақындар байшыл, бишіл қашып кеткен.

Кеншімбай кені жырдың өткен Сырда,
Айтыстан Ақсұлудай қызбен бұл да.
Тек қана мен Сыр бойын айтып тұрмын,
Әйтпесе жоқ демеймін ақын Қырда.

Әнші әйел қандай еді Қараторғай?
Қонбады әні жерге дала толмай!
Сылдырап сұлу Сырмен қосылды әні,
Қазірде бағалы әндер санаулы ондай.

Жорықбай жойқын жүйрік өтті кеше,
Жырында болдық айтқан әлденеше.
Бейне бір жаттап алған төл сөзіндей,
Айтулы ақын еді ол тым өзгеше.

Сексенге жасы келіп тақалғанда,
Қай жерге қаймықпаушы еді апарғанда.
Оқ сөзі өзін ұрды, өлді жаудан,
Қаһарман кәрі тарлан аталғанда.

Кетеде Шораяқтың Омары өтті,
Өлгенше өлең-жырды жоғары етті.
Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау
Тұрымбет бес Бозғұлдан бұлар да өтті.

Топ бастар Тұрмағамбет тұлпар еді,
Самғаған самұрықтай сұңқар еді.
Астасқан бүкіл Шығыс тарихымен,
Сөзіне сырын сезген іңкәр еді.

Баласы Қадырберген Қаңлы Жүсіп,
Нақыппен сөз жазысқан бірдей түсіп.
Бәйге алған жүйріктер көп Сыр бойында,
Жиында жүлде бермес сөз жарысып.

Таубайдың Жүсібі өтті төмендегі,
Ерімбет Қарасақал Шөмендегі.
Сарыбай Әзілкеш пен һәм құлназар,
Шегебай, Бәйім, Сайын өрендері.

Сарыбай Сәдір өтті, Бекішпенен,
Жері жоқ жедел сөзге жетіспеген.
Аралда Жаңаберген өтті және
Бұлармен ақын талас етіспеген.

Белгілі барлық Сырға, Балқы Базар
Әйгілі Шөмендегі ақын Назар.
Әлібек, Асқар, жырау Молдахмет,
Тұрманды тұлпарлар ед топтан озар.

Бұлардың әрқайсысының дәражасы,
Берілген көпшіліктен бар бағасы.
Әр жерде аңсағанда айтылып жүр,
Сұлу ән Тасбергеннің «Маңрамасы».

Жиенбай жер бұлағы Кетедегі,
Шәкірт қып көп шайырды жетеледі.
Баласы қазірде бар Рүстембек,
Демейді: Жиенбайдан бөтен еді.

Баласы Ешнияздың Жүсіп ақын,
Адам аз білмейтұғын Жүсіп атын.
Қалам мен домбыраға бірдей еркін,
Жел сөзден жері жоқ ед қысылатын.

Атақты Орта жүзде Нартай ақын,
Адам аз білмейтұғын Нартай атын.
Айтыстан ақындарын жеңген жүйрік,
Өлмесе емес еді қартаятын.

Нартайдың ағасы еді Мансұр ақын,
Айтуға арзан сөзді арсынатын.
Айтысып қыз Дәмедей қызды жеңген.
Анықтап айтсақ шынын, аршып атын.

Қажымұқан жер жүзінің палуаны,
Айтайын риза болсын «әруағы».
Қабыры Сыр бойында, Қырда туған,
Қандай ел Қажымұқанды танымады!...

Керейттің тіл шебері Келдібайы,
Белгілі барлық жүзге мұның жайы.
Бітірген нардың пұлын, ердің құнын,
Аз сөзбен елдің дауын, келсе ыңғайы.

Үш жүз боп аста, тойда ел бөлінгенде,
Топ-топ боп ұру-ұру көрінгенде.
Жүйрік ат, күшті палуан, атқыш мерген,
Осылар ұлттық дәстүр біздің елде.

Сүлейлер, міне, осылар Сыр бойында,
Жатпаған сұлу Сырдың кім қойнында?
Көл қаптап көктей өсіп теңіз болмақ,
Жойылмас бұлар қазына ел ойында!...

Жырласам туған жерім – Сырдың бойын,
Қызыммен, қызықтырып ұлдың ойын:
Сұлу Сыр сырғанатып сыйға бөлеп,
Таратып беріп жатыр халық тойын.

1937-1962 жылдар
31 қазан 2018 ж. 1 165 0