Естен кетпес екі кездесу
Ардагер-ұстаз, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Ажар Әзқожаеваның қолжазбалары қолымызға тиіп, қайраткер-тұлғаның халқымыздың қаһарман батырларымен кездескен сәттерін аудандық газетке жариялауды жөн көрдік. Мақалада автор өмірдегі ең ұмытылмас кездерін қарапайым тілде баяндайды.
Редакция
1972 жылдың шілдесі еді, сол кездері Кисловодск қаласында одақтың маңызы бар «Эльбурс» атты санатория болатын. Сол санаториядан қайтып келе жатып, Мәскеуге тоқтадық.
Казань вокзалында Қазақстан ішкі министрлігінің жауапты қызметкері Румянцевті жұбайымен кездестірдік. Румянцев пен Нұрғали құшақтасып, қуанысып қалды, бізді де таныстырып жатыр. Румянцев ашық, ақжарқын жігіт екен, «орыспын» деп шалқайып тұрған жоқ. «Хорошолап» асты-үстімізге түсіп, арасында «Мы с вами земляки» деп қояды. Кешкі 7-де пойызға отыруымыз керек, олар да осы пойызға билет алған екен.
Вокзалда көп аялдамадық, вокзалдың маңайындағы бір кафеден шай ішетін болдық. Кафеге де келдік, бір үстеліне жайласып отырып жатырмыз, тапсырыс беруші Нұрғали. Румянцев: «Товарищ майор кого я вижу» деп оң жағын көзінің қиығымен нұсқады. Сол-ақ екен мен:
– Міне, қызық, Бауыржан Момышұлы ғой, – деп орнымнан ұшып тұрдым. Үлкен кісіні ойламаған жерден кездестіргенімізге қуанғаным ғой. Баукеңнің үстеліне жақындай бергенімізде (жігіттер формада болатын) офицерлеріміз аяқтарын сарт еткізіп: «Здорово желаем, товарищ полковник» деп қолдарын шекелеріне қоя бергенде, Баукең өзі де қасындағы Қамаш жеңгейге де бұйрық беріп, орындарынан тұрды, жігіттерге «вольно» деді. Осы жайлақаттықты мен де пайдаланып, қолымды беріп амандастым да, басымды иіп сәлем бердім. Бұрындары естуім бар болатын, қазақша көп сөйлемейді, ұнатпаса кейістік жасайды деп, рас екен, орысшаға басымдырақ көрінді, маған да «садитесь» деп бұйрық берді. Отырдым. Қасымдағы Румянцевтің келіншегінде үн жоқ. Нұрғали отырмастан ең жақсы деген сусын мен тамақтардың түр-түріне тапсырыс берді, даяшы жүгіріп, бәйек болып жүр. Осының бәрін көріп отырған ол қайдан екенімізді сұрады.
– Қызылордалықпыз, жолдас полковник, мына кісі алматылық, ішкі істер министрлігінің жауапты қызметкері, – дептаныстырды.
– Мені қайдан таныдыңдар, осы сұрағыма жауап беріңдер, басқа ешнәрсе сұрамаймын, – деді.
– Сізді білмегенде кімді білеміз, Сіз біздің бетке ұстар батыр ағамызсыз, – дедік.
Мен:
– Бауыржан аға, кешіріңіз, Сізді бүкіл Совет халқы біледі. Сіз үшін мақтанады, ал мен сіздің батыр ғана емес, үлкен жүректі жазушы екеніңізді «Біздің семья», «Москва үшін шайқас», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты кітаптары мен «За нами Москва» фильмдері арқылы тереңірек білемін, – дедім.
Баукең көз салып бір қарады да, «рақмет, білгенің жақсы екен, просто замечательно» деді. Біз екі сағаттай Баукеңнің жанында отырдық, ал жеңгеміз Кәмеш бір-екі ауыз сөзден аспады. Өте шаршап қалған екен. Үстел үстінде артық сөз болмады, тыныштық басым, қашан босар екен. Біз деп отырғаным да Баукең:
– Вам всем за все спасибо, о том что Вы меня знаете, я пока буду здесь», – деді де, бізге «разрешаю, можно идти, от меня всем привет» деді. Біз де артық сөзге келмей рақмет айтып, қол алыстық та кафеден шықтық...
Ал, халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевпен кездесуім өз алдына шағын әңгіме.
1969 жылы тамыз айында сіңілім Қамарды мединституттың жатақханасына орналастыру үшін Алматыға барғанмын, ертеңіне алдымыздан бойы ортадан жоғары, бурыл шашты, тік иық, сымбаты мен келбеті өзіне жарасқан кісі кездесе кетті де, Әбіраш екеуі бір-біріне «Әбеке», «Рекелесіп» жөн сұрасып жатыр. Қарап тұрайын ба мен де сәлем беріп амандастым. Әбіраш мені таныстырамын дегенше:
– Бұл бала кім болады? – деді.
Әбіраш:
– Бұл балаңыз – біздің Ажбан, қарындасым Қызылордадан келді, баланы жатақханаға жатқызуым керек, – деді.
Ол кісі өзін таныстырып, «Мен Рақымжан Қошқарбаев деген жауынгер ағаң боламын, шырақ», – деді.
Жүзі жайдары, ақ көңіл кісі екендігін байқадым да, мен де қысылмай, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев батыр ағамыз сіз болдыңыз ғой, – дедім. Батыр ағамыз рақаттанып күліп алды да кешке қонаққа шақырды. Көп кешікпей Қалекем де келді. Келе сала ешкіммен жұмысы жоқ, «Ажбан төре», келіп қалғансың ба», – деп амандық-саулық сұрап жатыр. Достарына:
– Сіздер кешіріңіздер, күнде менің қасымдасыздар ғой, – деп олардың да көңілін тауып жатты, жайсаң бауыр!
Сөз арасында мен:
– Рақымжан аға, айып болмаса, ту туралы бір-екі ауыз айтып бересіз бе? – дедім.
Маған сәл ғана қарап алды да:
– Неге айтпайын, айтып беремін, өздеріңіз білесіздер, Берлинге 2 мамыр күні жеттік, қаланы түгелдей алдық десе де болады, бірақ жан-жақтан, табаныңның астынан атылған оқ шыбын жаныңды қайда қоярыңды білгізбейді екен. Жоғарыдан қалай да Рейхстагтағы неміс туын құлатып, совет туы қадалсын деген хабар үстін-үстін келіп жатты. Тапсырманы орындау үшін 7-8 солдатты таңдады, соның бірі мен тағы бір қазақ жігіті бар, қалғаны орыстар. Әрқайсымыздың атқаратын міндетіміз бар, қолдарымыз бен белдерімізге бір-бір туды байлап алғанбыз, жеткеніміз неміс туын құлатып, өз туымызды қадауымыз керек. «Қорқыныш» деген ондай кезде адамнан қашып кетеді екен, батыл қимылдап, Рейхстагқа жеттік те, өрмелеп бара жатқанымызды білемін. Үш солдат төбеге де шықтық, әрине, намысты қолдан бергім жоқ, бірден неміс туын құлатқанымды білдім де, қайта тірілдім, туды құлатып, совет туын қададым-ау дегенде «победа, победа, победа» деп, жан сала айқайладым. Қасымдағылар аман-есен тудың сабынан ұстап, олар да «победалап» айқайлап қояр емес. Міне, сол қып-қызыл қырғыннан ағаларың аман қалып, елге оралды, сендердің орталарыңдамын, осы «Жетісу» ресторанының директорымын, халыққа қызмет ету, оны абыроймен атқару ағаларыңның бірінші міндеті.
Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен қазақ екенін сырттай естіп, біліп риза болған қазақ халқы батыр туған баласына дән риза, оның атын ардақ тұтты. Қазақ баласы Қошқарбаев қандай батырлық жасаса да кезінде «Совет Одағының батыры» атағын ала алмады. Себебі түсінікті. Міне, еліміз Тәуелсіз Қазақстан Республикасы атанғалы сөнгеніміз қайта жанып, лаулады емес пе! Сол ағаларымыз бейнеттерінің жемісін өздері көре алмады, бірақ ұрпақтары «Біздің қаһарман батыр ағаларымыз» деп аттарын аспандатып келеді. Лайым солай болған.
Ажар ӘЗҚОЖАЕВА,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы