Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр халқымен байланысқан ғұмыр

Сыр халқымен байланысқан ғұмыр

Ел тарихында «31 мамыр – сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ес­ке алу күні» деп белгіленді. Елбасы жарлығымен 1997 жылы жарияланған тарихи күннің қо­ғам үшін қажеттілігі – ел басынан өткен нәубет жылдары оқиғалары туралы өскелең ұрпақтың білуі және одан сабақ алуында.

Кеңес өкіметі тұсында кең байтақ қазақ елінде 2 мәрте ашаршылық орнады. Оның біріншісі 1919-1922 жылдардағы ашаршылық болса, «Ұлы жұт» деген таңба таққан өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қырғын миллиондаған адамды қынадай қырды.

Ашаршылықты Голощекиннің есімімен байланыстыру тектен тек емес. Партия ұйымына басшылыққа келген Ф.Голощекин «ауылдарды кеңестендіру» саясатын жүргізді. Басында баспанасы бар, қорасында малы барларға тәркілендіру жүргізді. Оларды бай-кулактар қатарына қосып, қырып-жою міндетін қойды. Халықты жаппай ашаршылыққа әкелген жағдай – ауыл шаруашылық құрылымын күштеп ұжымдастырудан басталды. Жөн-сіз қудалау, мал-мүлкін тартып алу, ел-жерінен көшіру қазақ еліне аштық әкелді.

Үш жылға созылған нәубет салдарынан 2 млн 300 мыңға жуық адам аштыққа ұшырап, өлім құшты. Басынан қиын-қыстау заманды өткізсе де, талай ұлт пен ұлысқа пана болған қазақ жұртының даналығы, көрегендігі, қанға сіңген қасиеті – ешкімді жатсынбай, қолынан келгенше өзгеге қамқор болу қасиетінде.
Тереңөзектік қарт ана Дашу Саидова балалық шағы туралы айтуды жөн көрмейді. Ол алыстағы таулы аймақ Грозный қаласынан ата-анасымен бірге қызыл вагонға тиеліп жер аударылғандардың бірі.

– Ашаршылық жылдары әкем қып-қызыл жігіт болған екен. Әкем Гана отбасылы болғанда ел қатарлы өмір сүрген. Екі қыздарының, менің әпкем Ашу және менің қызығыма тоймай, шағын шаруаларын дөңгелеткен. Ол еңбек армиясында жұмыс істеп, соғыс кезінде Отан үшін маңдай терін төгіп, Жеңісті жақындатқандардың бірі. Не үшін қуғынға ұшырағанын көп айта бермейтін әкем, ол тақырыпты талқылатпайтын. Білетінім, бір ауылдың адамдарын вагонға тиеп, белгісіз жаққа айдап жібергені. Қақаған күннің суығында, әлі есімде 23 ақпан күні Қазақстанның бір станциясына тірі қалғандарымызды вагоннан түсіріп кетті. Жолда қаншама аштықтан бала-шаға қырылды. Оларды пойыз тоқтағанда шын мәнінде «лақтырып» кете баратын. Жасым 4-те болуым керек, қатты ауырдым. Анам құшағына алып, өлтіріп алмаудың қамын істеп, аузыма су тамызған. Пойыздан түскен шешендерді әр ауылға бөліп жіберді. Біз отбасымызбен О.Мәлібаев ауылына келдік. Жолдан арып-ашып келген біздерді ауыл адамдары алдында жатырқағанымен, үлкендер жағы құрақ ұша қарсы алды. Тоқал тамдарының бір бөлмесін босатып беріп, ауыздарынан жырып нан берді. Колхоз жұмысына қабылданған әкем қазақ халқының кең пейіл, дархан көңілін еш уақытта ұмытқан емес. Баспана беріп, отбасын асырауға көмек берген қазақ халқына өле өлгенше рақметін айтып өтті, – дейді ауыртпалық көрген жылдарын еске алған қазыналы қарт Дашу Ганақызы.

Гана Саидов әйелі қайтыс болған соң екінші мәрте отбасын құрады. Дәужан есімді келіншегі екі қызға сүйікті ана болып, өзі де кейін көпбалалы ана атанады. – Менің анам Дашу 18 жасында тұрмыс құрған. Өзі секілді қуғынға ұшыраған Салихов Хусайн есімді, ата-анасы қайтыс болған, әпкесімен Қазақстанға жер аударылған шешен жігітімен көңіл жарас-тырады. Әкем ұсталығымен танылған азамат еді. Біздер 4 ұл, 4 қызбыз. Анамыз шамалы уақыт Тереңөзектегі мейрамханада ыдыс жуушы болып жұмыс істеді. Содан кейін балаларының жағдайын жасау үшін жұмысты қойды. Адамгершілігі мол, қиналған жанға қол ұшын беруге асығатын әкемнің қамқорлығын талай адам көрді. Қолынан келмейтіні жоқ ағаш ұстасы болатын. Қазір бұл кәсіпті ұлдары жалғастырды, – дейді Дашу апайдың үлкен қызы Лиза.

Көзге көрінген балаларының амандығын тілеп, бауырындай болып кеткен қазақ жұртының ортасында көгеріп көктеген Дашу апай бүгінде сексенге келді. Осынша жасқа келгенге дейін қазақтың дәстүрін, тілін, ділін құрметтеп, перзенттерін де ата-баба дәстүріне үйреткен отбасында береке орнаған. Түрі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір шешен ұлтының ең қарт өкілі барша қазақстандықтарға бейбіт өмір тілейді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ халқының басына түскен нәубетті жылдар тарихтың бетіне қатталып жазылды. Жазықсыз жапа шеккен, қуғын-сүргінге ұшыраған мыңдаған адамның атылып кетуі ащы да болса шындық. Алаш көсемдерінен бастап, зиялы қауым өкілдері, көзі ашық, көкірегі ояу ақын-жазушылар да саяси күштің құрбанына айналды. Ашаршылықтан көп жапа шек-кендердің арасында балалар өлімі көп болғанын мұрағат деректері дәлелдейді. Мәселен, 1941-1944 жылдары 924 бала, ал 1950-1952 жылдары 1130 сәбидің өмірі қыршынынан қиылған...

Бибісара ЖАНӘЛІ
01 маусым 2021 ж. 422 0