Талантты да тағылымды әулет
Сонау 50-ші жылдары, театрда істеп жүргенде бұл идеясын сол кездегі Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы І.Омаровқа айтады. Ал бұл жобаны жүзеге асыру сәті кейінірек, 60-шы жылдардың соңына қарай туғанда Құлахмет Қожықов қоюшы-суретші ретінде алғашқы жұмыстарына кірісіп кетеді.
Өкінішке қарай ол фильмге дайындық барысында сценарий авторымен арада туындаған кейбір көзқарас қайшылықтарына байланысты бастаған жұмысын орта жолдан тастап кетуге мәжбүр болады. Негізі, Құлахмет Қожықовтың басты идеясы Жібек пен Төлегеннің ғашықтық оқиғасын сол замандағы қоғамдық-саяси тыныс-тіршілікпен, ұлт бірлігіне зардабын тигізіп жатқан руаралық тартыстармен тығыз байланыста қарастыра отырып, халқымыздың тұрмыс салты мен дәстүрін, этнографиялық ерекшеліктерін көрнекі түрде кеңінен бейнелеу еді. Фильмді түсіру тобынан кетіп қалғанымен, режиссер Сұлтанахмет Қожықовтың суреткерлік концепциясы мен шешіміне көп жағдайда ағасы Құлахметтің осы тұрғыдағы кеңестері мен жасаған иллюстрацияларының әсері болғаны даусыз. Құлахмет суреттерінің өзегіндегі ой-пайымды, түйін-тұжырымды ол экран тілінде сөйлетті. Бұдан кейін сценарийін өзі жазып, 1957 жылы «Қазақтардың қолөнері» атты ғылыми-танымдық фильм түсіруі – Құлахметтің қазақ дәстүрі жайындағы энциклопедиялық мол білімінің бұлжытпас дәлелі. Ал оның «Алдар көсе» фильміне жасаған «Түркістан қақпасы» кинокешені «Қазақфильмнің» бүкіл тарихындағы ең монументті декорация ретінде мойындалғаны мәлім.
Құлахмет Қоңырқожаұлының қазақ ұлттық өнерін сақтау мен дамытудағы қолтаңба ізі әлі де сайрап жатыр. Мәдениеттің үлкен жанашыры, белсенді жақтаушысы өзі ұзақ жылдар бойы жинаған халық қолөнер шеберлері туындыларының негізінде 1970 жылы Алматыда Республикалық ұлттық қолданбалы өнер музейінің іргесін қалап, алғашқы директоры болды. Ол бұл музейге Қазақстанның қайта тірілген өнерінің тарихи мекені ретінде қарады. Музейге қойылған экспонаттарды тарихи айғақ ретінде сақтау және оларды қолданбалы насихатқа пайдалану, жоғары дамыған эстетикалық талғам үлгілерін қазіргі заманғы тұрмысқа енгізу мәселелеріне ерекше мән берді. Жай ғана көшіре салумен шұғылданатын қолөнершілердің орнын ғылыми теориямен қаруланған, арнайы дайындықтан өткен халық шеберлерімен алмастыруды армандады. Қ.Қожықов үлкен сүйіспеншілікпен жинастырған қазақ халық өнерінің баға жетпес ескерткіштер топтамасы еліміздегі ірі музейдің бірі – Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі қорына алынып, бүгінде осы рухани орданың байлығы мен мақтанышына айналып отыр. Суретші туындылары аталмыш музеймен қатар, Мәскеудегі Шығыс халықтары өнері музейі, Қызылорданың облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорларына алынған, отбасылық және жеке коллекцияларда да сақталып келеді.
Қоңырқожаның тағы бір перзенті Нұрахмет Қожықов (1919–1993) – алғашқы суретші-монументалист, мүсіншілердің бірі. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл (қазіргі Тараз) және т.б. қалалардағы безендіру жобалары мен монументті ескерткіштер авторы. Екінші дүниежүзілік соғысынан 1-топтағы мүгедек болып оралған ол басынан алған жарақатынан жиырма жылға жуық зардап шегіп, төсекке таңылып жатады. Әттең, халқымыздың талантты ұлдарының бірі Нұрахмет осындай ауыр науқасының салдарынан бойындағы барын бере алмай кетті.
Өнерлі де өнегелі әулеттің кенже ұлы Сұлтанахмет Қожықов (1923–1988) – қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, белгілі кинорежиссер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1972), Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1972).
С.Қожықов мектеп бітіргеннен кейін өз еркімен майданға аттанып, И.Панфиловтың 8-гвардиялық дивизиясы құрамында шайқасады. Соғыстан аман-сау елге оралған соң әскери мамандықты таңдап, артиллерия училищесіне оқуға түседі. Алайда оны әскери мансап аса тартпайды. Ағалары сияқты Сұлтан да бала күнінен сурет салуға икемді болатын. Оның карикатуралық суреттері «Известия» газеті, республикалық «Ара» журналының беттерінде жарық көріп жүреді. Алматы киностудиясында істейтін ағасы Құлахметтің ақыл-кеңесі бойынша, ол өз өмірін қазақ мәдениетіндегі жаңа жанр – кино өнеріне арнауды ұйғарады. Сөйтіп 1947 жылы Бүкілодақтық кинематография институтының режиссерлік факультетіне түсіп, белгілі режиссерлер Л.Кулешов пен А.Довженконың шеберханасында дәріс алады. Оны 1952 жылы ойдағыдай аяқтағаннан кейін Алматыдағы көркем және деректі фильмдер киностудиясында еңбек етеді. Кинодағы алғашқы қадамын «Шабандоз қыз» фильмінің екінші режиссері боп бастайды. Бұдан соң жеке шығармашылық жолына бет бұрып, қазақ кино өнерінен өзіндік орын алған «Ана мен бала» (1953), «Біз Жетісуданбыз» (1958), «Егер біздің әрқайсымыз» (1961), «Шыңдағы шынар» (1965), «Қыз Жібек» (1970), «Бізді танып қойыңдар» (1985) кинофильмдерін түсірді. Режиссер туындыларының ішіндегі шоқтығы биігі – отандық кинематографияның інжу-маржаны саналатын «Қыз Жібек» фильмі. Қазақтың тамаша лиро-эпостық жырының негізінде дүниеге келген, халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрін, тұрмыс ерекшелігін көрсететін, ұлттық колориті қанық бұл фильмі арқылы талантты режиссер қазақ кино өнерін бұрын-соңды қол жетпеген үлкен бір белеске көтерді.
Режиссердің өмірінің соңғы кезеңінде түсірген қазақтың жауырыны жерге тимеген атақты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов туралы фильмі дәстүрлі спорт түрін насихаттап, ұлтымыздың бойындағы тағы бір қасиетті ұлықтауымен құнды. Оның келесі бір туындысы – Екінші дүниежүзілік соғысы қаһармандарының ерлігін дәріптейтін «Панфиловшылар» деректі фильмі. Отаны үшін жанын пида еткен майдангер достары туралы фильм түсіру Сұлтанахметтің оқ пен от кешіп, қанды қырғынның ортасында жүрген кезінде-ақ ойына келіп, өз өзіне серт берген екен. Ержүрек жауынгерлердің өшпес рухына бас июдің үлгісі іспетті фильм осылайша дүниеге келеді.
Алматыдағы №39 мектеп-лицейге режиссер есімі берілген және онда өмірі мен шығармашылығына арналған мұражайы жұмыс істейді. Туғанына тоқсан жыл толуына орай «Сұлтан Қожықовтың соғыс пен бейбітшілігі» деректі фильмі (режиссері Б. Нүсімбеков) түсірілді. Талантты режиссердің аты қазақ өнерінің тарихында мәңгі қалары сөзсіз.
Қожықовтар әулеті туралы сөз еткенде, Құлахмет Қоңырқожаұлының жұбайы Гүлжауһар Айыпқызы Шомбалова (1919–1958) жайлы айтпай кету әсте мүмкін емес. Ол – кәсіби музыкалық білім алған алғашқы қазақ қызы, тұңғыш пианист әрі музыкатанушы ғалым. 1930 жылдары Қазақстандағы алғашқы орта музыкалық оқу орны – Алматы музыка техникумы ашылғанда, Гүлжауһар осы білім ордасының табалдырығын аттады. Техникум қабырғасында білім алған тұңғыш әрі жалғыз қазақ қызы болды. Ол 1936 жылы, аталған оқу орнында 2-курста оқып жүргенде-ақ Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне қатысып, сол кездегі Кеңес Одағы астанасында әйгілі сахна шеберлерімен бірге өнер көрсету құрметіне ие болады. 1940 жылы, училищені үздік аяқтағаннан кейін, болашағынан үлкен үміт күттіретін талапты маман өзі түлеп ұшқан білім ошағында оқытушылық жұмысқа қалдырылады, ал 1942–1945 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында хор капелласының пианист-концертмейстері болып істейді.
1944 жылы Алматы консерваториясы (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) шаңырақ көтергенде, Гүлжауһар осы жаңа жоғары музыкалық оқу орнының тарих-теория факультетіне түседі. Оқи жүріп, консерватория қабырғасында міндетті фортепиано класында сабақ береді. 1950 жылы консерваторияны ойдағыдай аяқтап, жоғары білімді музыкатанушы маман болып шығады. Жас ұстаз теориялық білімді кәсіби машықпен және педагогтік ізденістерімен шебер ұштастыра білді. Осы тұста Гүлжауһар ғылыми-зерттеушілік қабілет-қарымымен де таныла бастайды. Ол студенттік жылдарынан бастап ғылыми-зерттеулер жүргізу және опера шығармаларына музыкалық-драмалық сараптама мақалалар жазумен шұғылданған еді. Гүлжауһардың опералық қойылымдар мен симфониялық оркестрдің концерттері, одақтас республикалардың түрлі музыкалық ұжымдары мен орындаушыларының гастрольдік сапарлары тәрізді, республикамыздың мәдени өмірінде болып жатқан шаралар жайындағы мақалалары, рецензиялары мен пікірлері мерзімді басылым беттерінде жиі жарияланып тұрады. Г.Шомбалова Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары қазақстандық жауынгерлерге дем беру, оларды жеңіске рухтандыру мақсатында түсірілген «Домбыра үнімен» фильм-концертіне қатысады, белгілі тарландармен бірге Қиыр Шығыстағы жауынгерлер арасында өнер көрсетеді. Орындаушы-пианист ретінде фортепианолық концерттер беріп, Қазақстанның музыкалық өміріндегі мәнді де маңызды оқиғалар мен құбылыстардың бел ортасында жүреді. Белгілі композитор Е.Брусиловский «Фортепианоға арналған экспромт» атты туындысын Шомбалованың концерттік репертуарына арнап шығарған. Алматы консерваториясында білім алып жүрген жылдары Г.Шомбалова профессор П.Аравиннің жетекшілігімен қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбаевтың музыкалық шығармашылығын зерттеуге ден қойып, ақын-композитордың ән мұрасын дипломдық жұмысының тақырыбы етіп алады. Кейіннен бұл тақырып музыкатанушы ғалымның басқа да еңбектерінде көрініс тапты. «Абай әндері» атты көлемді мақаласы 1957 жылы жарық көрген «Қазақ музыка мәдениеті» атты топтама жинаққа енді. Идеялық және әдістемелік тың ойлармен толықтырылған бұл зерттеуі кейіннен кандидаттық диссертациясының бір тарауын құрайды.
Сол жылдары республикада әр салада ұлттық мамандар даярлау, ғылыми кадрлар қалыптастыру мәселесі кеңінен қолға алынғаны белгілі. Осы мақсатпен республика үкіметі болашағынан үлкен үміт күттіретін Гүлжауһарды білімін тереңдету үшін П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының аспирантурасына оқуға жібереді. Аспирантурады оқып жүргенінде ол Қазақстан музыкатану ғылымын дамытуға аса қажетті зерттеулер жүргізумен айналысып, «Совет дәуіріне дейінгі қазақ музыкасын нотаға түсіру және оны зерттеу тарихының очерктері» тақырыбында кандидаттық диссертация жазуды қолға алады. Ғалымның бұл жұмысы тақырыбы мен зерттеу нысаны, ғылыми түйін-тұжырымы тұрғысынан жаңашылдығы мол еңбек еді. Ол ХIХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында хатқа түскен қазақ музыкасының сол кезге дейінгі беймәлім құнды жазбаларын ғылыми айналымға енгізуге қатысты материалдарға аса бай болатын. Г.Шомбалова диссертациялық жұмысында сонымен қатар шығыстанушы ғалым Шоқан Уәлиханов пен ақын-ағартушы Абай Құнанбаевтың қазақ халқының рухани өміріндегі зор рөлін нақты дәлелдермен ашып көрсетеді. Сөйтіп 1958 жылғы мамыр айында Мәскеу консерваториясының ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғаған Гүлжауһар, республикамыздағы алғашқы музыкатанушы ғалым қыздардың бірі ретінде, осы саланың көшбасшысына айналады. Әлемдік және Кеңес музыка мектебінің үздік дәстүрлерін насихаттай және практикаға енгізе білген Гүлжауһар Айыпқызы бұдан кейін Алматы консерваториясында «КСРО халықтары музыкасының тарихы. Қазақтардың 1917 жылға дейінгі музыка мәдениеті» курсынан дәріс оқып, мамандар тәрбиелеумен бірге, тарих-теория факультетінде ашылған фольклор және халық шығармашылығы кабинетінің меңгеруші қызметін атқарады. Оның осы жылдары жазған «Мұқан Төлебаевтың шығармашылық жолы», «Біржан – Сара» және «Абай» опералары туралы музыкалық-драмалық талдау негізіндегі зерттеулері – республика музыкатану ғылымының дамуына сүбелі үлес болып қосылған ғылыми еңбектер. Алайда бергенінен берері көп талантты ғалым, шебер орындаушы-пианистің өмірі қысқа болды. Ол диссертация қорғағаннан кейін көп ұзамай, 39 жасқа толар-толмаста ауыр науқастан дүние салады. Гүлжауһар жарқын да қысқа ғұмырында бай шығармашылық және ғылыми қызметі арқылы қазақ музыка ғылымы мен білімі саласына өлшеусіз үлес қосып, ұлттық музыка мәдениетінде айрықша із қалдырды.
Адам өмірі елі мен халқы үшін тындырған еңбегімен қоса, артына лайықты, саналы ұрпақ қалдыра білуімен мәнді де маңызды. Қожықовтар әулетінің шығармашылық қабілеттен кенде болмаған үшінші буын өкілдерінің өмір жолы да үлгі-өнеге етуге тұрарлықтай. Нұрахметтің ұлы Арыстан (1940–2012) Ленинград киноинженерлер институтының дыбыс режиссерлерін дайындайтын факультетін бітіріп, өмірінің соңына дейін «Қазақфильмде» өз мамандығы бойынша жұмыс істеді. Қызы Жанна осы киностудияда монтаж цехының шебері болды. Құлахмет пен Гүлжауһардан қалған тұяқ – қыздары Сәуле мен Гүлнәр еді. Сәуле Құлахметқызының мамандығы – педагог, Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің роман-герман бөлімін бітіргеннен кейін көп жылдар бойы жоғары оқу орындарында ағылшын тілі пәнінен сабақ берді. Сонымен қатар Сәуле – тәуелсіздік кезеңіндегі қазақтан шыққан тұңғыш импресарио. Халқымыз үшін тосын кәсіп – импресариолықты ол еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы күндерден бастап қолға алып, нарық заманының талабына бірден икемділік танытты. Қазақ өнерін шетелдерде насихаттау, мәдениет ұжымдарын экономикалық жағынан қолдау мақсатында жеке фирма ашып, Қазақ циркі, Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Ұйғыр музыкалық комедия театры, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, Мемлекеттік қуыршақ және иллюзия театры сияқты жетекші өнер ұжымдарының Қытай Халық Республикасына ұзақ мерзімді коммерциялық гастрольдік сапарларын ұйымдастырды. Айта кетерлігі, бұл қиыншылық кезеңінде аталмыш ұжымдардың материалдық жағдайларын айтарлықтай жақсартуға үлкен сеп болды. Бүгінде бүтін бір әулеттің шырақшысына айналған Сәуле Құлахметқызы Қожықовтардың өмірі мен шығармашылығын көпшілікке танытуда бір өзі-ақ біршама іс тындырып жүр. Алматыдағы «Өжет» шағын ауданында және Қызылорда қаласында бір көшенің «Ағайынды Қожықовтар» атымен аталуы, Қызылорда қаласының бір көшесіне Қоңырқожа Қожықовтың есімі берілуі, сондай-ақ Ләтипа Қожықованың туғанына 125 жыл толуына, Құлахмет Қожықовтың 100 жылдық мерейтойына орай екі пошта маркасының айналымға шығарылуы – Сәуле Қожықова еңбегінің нәтижесі. Оның ұсынысы және бастамасымен үлкен суреткерлер отбасы ретінде Қожықовтар қазақтардың рекордтар кітабы – КИНЕС-ке енгізілді. Әулетіне тән ізгілікті жолды абыроймен жалғастырып келе жатқан ол, Қожықтармен қатар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған басқа да Алаш арыстарының есімін қайта тірілту, олардың өмірі мен қызметін насихаттау ісіне ұйтқы болып, еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласуда. Қазір республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының атқарушы директоры, Қазақстан Суретшілер және Кинематографистер одақтарының мүшесі. Гүлнәр болса анасының ізін жалғастырып, өнер жолына түсті. Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебін, Алматы консерваториясын тәмамдаған талантты жас Қазақстандағы альтші орындаушылардың көшін бастады. Қазақ радиосы мен телевидениесінің мемлекеттік камералық оркестрі альтшілер тобының концертмейстері қызметін атқарып, Алматы консерваториясында сабақ берді. 1980 жылы отбасы жағдайына байланысты Израильге, одан кейін 1983 жылы Кипрге қоныс аударады. Кипрде симфония оркестрі альтшілер тобының концертмейстері, жасөспірімдер симфониялық оркестрінің альт класының оқытушысы және «Panthea» ішекті аспаптар квартетінің белсенді мүшесі болады. Гүлнәр 2012 жылы дүние салды. Сұлтанахметтің үлкен ұлы Рүстем (1953–2012) Бүкілодақтық кинематография институтының сценарлық факультетін бітірген. Әкесімен бірге кең форматты 2 сериялы «Бізді біліп қойыңдар» көркем фильмі мен «Түркістан әскери округі» деректі фильмінің сценарийлерін жазған. Екінші ұлы Валерий (1957 ж.т.) – Мәскеу сәулет институтының түлегі. Алматы қаласындағы бірқатар құрылыс пен ғимарат жобасында оның сәулетшілік қолтаңбасы бар.
Еліміздің қоғамдық-саяси және мәдени-рухани өмірінде қайталанбас із қалдырған Қожықовтар әулеті феноменінің құпиясы неде? Бұл, алдымен, бәріне бірдей табиғи талант дарытқан Жаратушының құдіреті болса, екіншіден, халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын ұлттық рухани әлеуетінің тереңдігі мен мықтылығында, үшіншіден, тума дарынның көзін ашуға бағытталған отбасылық тәлім-тәрбие мен үлгі-өнегенің жемісі және де, ең бастысы, бұл әулет мүшелерін өзара байланыстырушы күшті рух сабақтастығы мен жалғастығы екендігі анық.
Өкінішке қарай қазақ мәдениетіне төрт бірдей үлкен суреткер сыйлаған Қожықовтар әулеті жайлы қалың көпшілік егжей-тегжейлі біле бермейді. Атақты режиссер С. Қожықовтан басқасы әлі күнге дейін жұртшылыққа аса мәлім емес. Өйткені ең бір өкініштісі, «халық жауының баласы» деген өшпес ен-таңба олардың кеңес өкіметі тұсындағы тағдыры мен шығармашылығына салқынын тигізбей қалған жоқ, кезінде аса мойындала да қоймауының түп себебі сол. Алайда өмір жолдарында кезіккен қилы кедергілерге қарамастан, олар бойындағы таланттарын халқының игілігіне барынша жаратып кетті. Өнерлі де өнегелі әулетті көпшілікке, әсіресе жас ұрпаққа кеңінен насихаттаудың тағылымы зор. Ол тек бүгінімен ғана емес, ертеңімен де өмір сүретін, мәңгілік ұлт болудың қамын ойлайтын өркениетті, өскелең халық үшін аса қажет екені хақ.
Балжан ХАБДИНА,
журналист-баспагер
Алматы,