Талантты да тағылымды әулет
Заманалар көшінде тарих дөңгелегі өз бетінше, стихиялы түрде алға жылжымайтыны, оған белгілі бір үлкен тұлғалар әсер ететіні айдан анық. Тіптен бір адамның өзі ескі қоғамның түп орнымен күйреп, жаңасының орнауына мұрындық болатынына адамзат басынан кешкен тарихи жайттар куә. Қазақ халқы жаттың табанында тапталып, уысында кетпей, өз алдына тәуелсіз, дербес ел болу үшін талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, ғасырлар бойы күресіп келгені мәлім.
Жан алысып, жан беріскен мұндай күрестердің түп бастауында халқы мен елінің болашағына, ұлы мақсат-мұраттарына бүкіл ғұмырын арнаған, өз ортасынан асып туған тарланбоздар тұрғаны ақиқат. Солардың бірі – өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қуғын-сүргін құрбаны, Алаш қайраткері Қоңырқожа Қожықов. Бір ғажабы, оның кіндігінен тараған төрт ұлы, құдай қосқан қосағы, отбасының өзге де мүшелері ерекше дарын қонған жандар еді. Осы тамаша әулеттен Қазақстанның қоғамдық және мәдени өмірінде терең із қалдырған тұтас таланттар шоғыры шықты. Бұл – шын мәнінде өмірде өте сирек кездесетін құбылыс.
Әулет отағасы Қоңырқожа Қожықов (1880–1938) – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы айтулы қазақ зиялысының бірі, ағартушы, реформатор педагог, мәдениет тарихын зерттеуші ғалым, «Алаш» қозғалысының мүшесі, көрнекті саяси және қоғам қайраткері. 1880 жылы Перовск (бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда) қаласы түбіндегі Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген ол алдымен ауыл молдасынан хат танып, қаладағы қазақ-орыс мектебінде оқиды, кейін Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясында білім алады. Семинария басшыларының жергілікті ұлт өкілдерінен бірен-саран шәкірт қабылдаудағы мақсаты империя мүддесіне қызмет ететін кадрлар даярлау болғанымен, Қоңырқожа бұл жолға түспей, ағартушылық қызметпен шұғылдануға ден қояды. Түркістан өлкесіндегі Қоғалыкөл мектебінде, Перовскідегі темір жол жұмысшылары мектебінде сабақ береді. Қарнақ пен Әндіжан қалаларында орыс-түзем оқу орындарының мұғалімі, мектеп меңгеруші болып істейді. Ұстаздық қызметі барысында қазақ мектептеріне оқудың жәдидтік тәсілін енгізу мақсатында мұғалімдер мен шәкірттер үшін араб-парсы әліпбиі негізінде әр қазақы дыбысты жеке әріппен таңбалайтын «Әліппе» жазады. Түркістан генерал-губернаторлығы оқу бөлімінің рұқсатымен жарыққа шыққан бұл оқу құралы өлкедегі ағарту ісін ілгерілетуге зор септігін тигізді.
Патша өкіметі тұсында Қожықов ағартушылықпен қатар ұлттық қозғалысқа қатысып, қазақ мүддесін көздейтін қоғамдық қызметпен де белсене айналысты. 1907 жылғы әйгілі патша манифесі бойынша Түркістан өлкесі қазақтары мен өзге де жергілікті халықтардың сайлау құқынан айрылып, Мемлекеттік Дума жұмысынан шеттетілуіне наразы болды. 1912 жылы кезекті сайлауда Мемдумаға қазақ өкілін өткізуде Орынборда Ахмет Байтұрсыновпен бірге татар зиялыларымен келіссөз жүргізді. Түркістандықтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде патша өкіметі жазалаушы отрядтарының жасаған қылмыстары жөнінде Думаға наразылық хаттарын жолдап, қазақтардың саяси және қоғамдық өмірдегі құқтарын қорғауға атсалысты.
Ол Ақпан революциясынан кейін қоғамдық-саяси жұмыстарға біржолата ауысты. Ферғана өңірінде қазақтардың мүддесін қорғайтын «Көшпенді» атты ұйым құрып, соған жетекшілік жасады. Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясының күрескерлері қатарында болды. Қоқан талқандалып, 1918 жылғы көктемде Ресей құрамындағы Түркістан Кеңестік Республикасы шаңырақ көтергенде, әуелі ұстаздықпен шұғылданды. Ташкентте 1918 жылғы күзде ашылған қазақ педагогикалық курстарында, көп ұзамай, соның негізінде алдымен педучилище, кейіннен Қазақ халық ағарту институты (Киринпрос) болып құрылған оқу орнында қызмет істеп, қазақ мұғалім кадрларын даярлау ісімен нақтылы шұғылданды. 20-шы жылдары Түркістан Орталық Атқару Комитеті мен оның төралқасының мүшесі, ОАК-ның төтенше өкілетті мүшесі болды. Жер халық комиссариатының мүшесі, содан соң оның комиссарының орынбасары қызметін атқарғанда жер реформасын жүргізу жөніндегі түрлі комиссиялардың жұмысына тікелей атсалысып, мұнда да бірқатар маңызды шаруа тындырды. Жетісу облысында жер-су реформасын басқарып, осы және басқа да облыстарда қазақтарды жерге орналастыру, жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін қолға алды. Ол бірнеше рет ТүркЦИК мүшелігіне сайланды және Қосшы Орталық комитеті басшыларының бірі болды. 1924 жылы Орталық Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу науқаны кезінде Қазақ республикасының шекарасын анықтау жөніндегі жұмыс комиссиясының құрамына сарапшы ретінде қатысты. Жер-суы мен халқы бірігуіне орай 1925 жылы өткен Кеңестер съезінде «киргиз» аталып келген қазақтардың тарихи төл атына ие болуына, сондай-ақ Ақмешітті «Қызылорда» деп атауды заңдастыруға үлес қосты.
Қ.Қожықовтың еліміздің қоғамдық-саяси өмірімен қатар мәдени саласына сіңірген еңбегі де өз алдына бір төбе. Негізін қалаушылардың бірі және ғалым хатшысы ретінде Ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институтында, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының тарих секторында қызмет істеді. Оның республикамызда тұңғыш өлкетану мұражайы, көркемсурет галереясы мен өнер училищесінің шаңырақ көтеруіне бастамашы болғанын, Жетісу өңіріндегі көне қорғандар мен ескерткіштерді зерттеумен айналысып, тарих пен археологияға, соның ішінде Орхон жазуы, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Келіншектас, Ақтас мазарларына қатысты ғылыми еңбектерді жарыққа шығарғанын атап айтқан жөн. Сондай-ақ 1935–1936 жылдары профессор Санжар Асфендияровтың жетекшілігімен жарық көрген «Қазақстанның өткендегі тарихы туралы деректер мен материалдар» атты екі томдық тұңғыш тарихи еңбекті құрастырушылардың бірі – Қоңырқожа Қожықов. Ол ұлттық көне ескерткіштерді қорғау комитетін ұйымдастырып, келешек үшін бірқатар сирек кітаптарды, заттық құндылықтарды сақтап қалу, көне сәулет ескерткіштерін мемлекет қарауына алу мәселелеріне көңіл бөлді, Қазақстандағы бағзы ескерткіштердің атлас-картасын жасады. Бүгінде бұл құнды дүниелер адамзат игілігіне айналып, ЮНЕСКО-ның тізіміне еніп отыр. Сол кезде ұйымдастырылып жатқан көпшілік кітапханасының (қазіргі Ұлттық кітапхана) жұмысын жолға қоюда айтарлықтай істер тындырды. Кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорында қызмет істеген жылдары, шығыстанушы маман ретінде, Қазақстан бойынша оларды жинастырып, сипаттамаларын жазып қалдырды. Араб, парсы, шағатай тілдеріндегі тарихи және әдеби шығармаларды қазақшаға аударды, көпшілік кітапхана қорына Сүлеймен Бақырғанидің «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-ғарифин» атты қолжазба кітабын табыс етті.
Алайда сол кездегі қазақ арыстарын жаппай жалмаған қуғын-сүргін нәубетінен ол да тыс қалмады. Қ.Қожықов 1938 жылы 27 қаңтарда «халық жауы» деген жалған жаламен ұсталып, 1938 жылы 15 ақпанда атылып кетті. Халқының дербес ел болып, ұлт ретінде қалыптасуына елеулі еңбек сіңірген аяулы перзентінің есімі 1958 жылы ғана ақталды.
Қоңырқожа Қожықовтың зайыбы, әулет отанасы Ләтипа Мұңайтпасова-Қожықова (1893–1960) – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш театр суретшісі, сахна безендіруші, ұлттық қолданбалы өнер шебері, халық ісмері, Қазақстан және КСРО Суретшілер одақтарының мүшесі. Ол – текті жерден шыққан, атақты Лапиндер әулетінің ұрпағы. Әкесі Мұңайтпас ел арасында беделді, озық ойлы адам болған, болыстық еткен кезде ауыл балаларына арнап мектеп ашқан. Ал оның ұлы Серәлі Лапин – алғашқы заңгер, шығыстанушы, Ресей Мемлекеттік Думасы Мұсылман фракциясы Ұйымдастыру бюросының мүшесі болған, мұсылман қозғалысында, Ташкенттегі ұлттық ұйымдарда белсенді қызметтер атқарған қайраткер, тарихи тұлға.
Ләтипа Қожықова – Қазақстанда жаңадан шаңырақ көтерген кәсіби сахна өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі. Ұлттық киім-кешек үлгілерінің ісмер маманы 1925–1936 жылдары қазақ драма театрында, 1936–1958 жылдар аралығында Абай атындағы опера және балет театрында еңбек еткен жылдары қазақтың сәндік-қолданбалы өнерін қайта жаңғыртып, сахна төрінен жарқыратып көрсетуге күш салады. Опера театрында костюм және тігін цехының меңгерушісі болған кезде алғашқы қазақ операларын дайындауға өзіндік үлес қосты. 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндіктеріне қатысады. 1936 жылғы онкүндікте Ләтипа Мұңайтпасқызы арнайы тіккен киіммен қазақ бұлбұлы Күләш Байсейітова Үлкен театр сахнасында Қыз Жібектің ариясын шырқайды. 1944 жылы қазақ өкіметінің тапсырысымен Америка президенті Франклин Рузвельтке сыйға тартуға арнап қазақы костюм – қымбат бағалы терілермен көмкерілген шапан, бөрік және шалбар тігеді. Осы сыйлық Алматыға келген америкалық делегацияға табыс етіледі.
Қолөнершінің шебер қолынан шыққан, сәнді ішкі жасаумен безендірілген қазақ киіз үйін 1958 жылғы онкүндік кезінде алғаш рет Мәскеу жұртшылығы тамашалаған. Кейінірек бұл киіз үй номадтардың бірегей тұрақжайы ретінде шетелдердегі көптеген көрмелерде көрсетілді, сондай-ақ республикамыздың Орталық мұражайынан тұрақты орын алды. Ләтипа тіккен түрлі бұйымдар бүгінде еліміздің басқа да мұражай қорларында сақтаулы тұр.
Халық өнерінің білгірі әрі насихатшысы Ләтипа Ресейден келген жас суретші Анатолий Ненашевке кеңесші болып, қазақ салт-дәстүрі мен ұлттық қолөнер ерекшеліктері туралы көптеген мағлұмат береді. Оның қазақ фольклоры мен ұлттық музыкасынан да хабары мол болған. Композитор Е.Брусиловский алғашқы қазақ операларына пайдаланған көптеген қазақ әндері мен әуендерін Ләтипаның айтуынан жазып алады. Қазақ әйелдері арасынан тұңғыш рет КСРО Суретшілер одағының мүшесі атануы – Ләтипаның туабітті талантының айқын айғағы.
1938 жылы отағасы Қоңырқожа жазықсыз жазаға ұшырағанда, Ләтипа «халық жауының» жары ретінде тағдыр тауқыметін көп тартқанымен, балаларын азамат қатарына қосуға бар жанын салады. Халық шығармашылығы мен бейнелеу өнеріне деген сүйіспеншілігін перзенттері: Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтанахметтің бойына ұялатып, оларды туған халқына қызмет етуге, өмірлерін сол жолға сарп етуге баулиды.
Қожықовтар отбасының тұңғышы Қожахмет Қожықов (1910–1953) – қазақ суретшілері алғашқы буынының өкілі, тұңғыш суретші-график, плакат шебері, декоратор, кітап безендіруші. Талантты отбасында өмір есігін ашқан ол өнерге ерте араласады. 15 жасында анасы Ләтипа және інісі Құлахметпен бірге Ұлт театрының сахнасында қойылған алғашқы қазақ спектакльдерінің бірі «Қарагөзді» көркемдеу жұмысына қатысады. 1926 жылы мектеп бітіргеннен кейін Қазақстан Халық ағарту комиссариатының жолдамасымен Мәскеудегі Жоғарғы көркемөнер-техникалық шеберханалары жанындағы курста оқыды. Бұдан кейін Қарақалпақстанның Төрткүл қаласындағы бейнелеу өнері техникумында сабақ берді. Өзінің дербес шығармашылығын алғаш график және кескіндемеші болып бастап, балалар кітаптары мен тарихи романдарды безендірді. Киностудияда декоратор болып қызмет істеді. 30-40-шы жылдары оның қаламынан туған акварельдер сериясына («Егін орағы», «Газет оқу», «Алқызыл моншақты келіншек», «Ақын толғанысы» (Ж.Жабаев бейнесі) жаңа заман, жаңа дәуір тынысы, еңбек адамдарының өмірі арқау болды. Бұлар шын мәнінде ұлттық бейнелеу өнерінің бастауында тұрған туындылар деуге толық негіз бар.
Алайда суретші 1937 жылы тұтқындалып, Поляр сырты аймағына он жылға жер аударылады. Сол жерде денсаулығының күрт нашарлауына байланысты алты жылдан соң, мерзімінен бұрын босап келгеннен кейін, шығармашылығын қайта жалғастырды. Суретші бұдан кейін туған суреттеріне жайлау өмірін, тау пейзажын арқау етті. Тағдыр сынақ тезіне аяусыз салып баққанымен, ол өз өмірі мен шығармашылығында оптимистік рухын, суреткерлік шабытын сақтап қала білді. Суретші туындылары – өмірге, адамдарға, туған жерге деген сүйіспеншілікке толы, бояуы қанық, жарқын шығармалар. Тұңғыш график заман тынысын бейнелейтін жүзден астам акварельдік жұмыстар мен сатиралық плакат жазды. Қожахмет Қожықов іс жүзінде өнердің барлық түрлеріне үлкен үлес қосты. Қазақстан өнеріндегі жаңа бағыттың – карикатура мен плакат жанрларының негізін салушы, талантты кескіндемеші, график және иллюстратор ретінде есімі ұлттық көркемөнер тарихына енді. Өмір сапары соңғы нүктесіне жеткенде, Қожахмет бар-жоғы қамал бұзар қырықтан енді ғана асқан еді. Суреткер ғұмырының осылайша ерте үзіліп, құдай берген талантын бар қырынан жарқыратып көрсете алмай кеткені аса өкінішті-ақ...
Бүгінде Қожахмет Қожықовтың жұмыстары Нөкіс қаласының мұражайларында, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында, Қызылорданың облыстық өлкетану мұражайында және жеке коллекцияларда сақталған.
Қожықовтар отбасында дүниеге келген Құлахмет Қожықов (1914–1986) – ұлттық мәдениеттің көрнекті өкілі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі де бірегейі, тұңғыш театр және кино суретшісі, кітап безендіруші, акварельші, қондырғылы графика шебері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1966), КСРО Суретшілер одағының (1942) және КСРО Кинематографистер одағының мүшесі (1958), КСРО кинематографиясының үздігі (1970). Ұлы Отан соғысына қатысушы.
Тума талант Құлахмет Қожықовтың артына қалдырған мұрасы алуан қырлы әрі өте бай. Шығармашылық жолын 1932 жылы қазақ драма театрында суретші-безендіруші болып бастағанда ол небәрі он сегіз жаста екен. Тырнақалды жұмысы – «Еңлік-Кебек» спектаклі. 1933 жылдың мамыр айында сахнаға шыққан осы қойылымның декорациясы жас суретшінің шығармашылық қуат-қарымы мен мүмкіндігін айқындаған алғашқы белесі еді. Ол 1934–1936 жылдары Ленинградтың М.Горький атындағы Үлкен драма театрында тәжірибе жинақтап, Бүкілресейлік көркемөнер академиясы жанындағы театр суретшілері студиясында оқыды. Ал Қызыл Армия қатарындағы міндетін өтегеннен кейін, Алматыға қайтып оралып, туған театр қабырғасында еңбек етті. Бұл жылдары ол ұлттық және классикалық тұрғыдағы жиырма шақты спектакльді безендірді. Оның ішінде С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ш.Құсайынов, тағы басқа белгілі жазушы-драматургтердің пьесалары бар. Ұлы Отан соғысы басталғанда өз еркімен майданға аттанған еді. Алайда республика өкіметінің шақыруымен тез арада кері оралып, Мәскеуден Алматыға көшірілген Орталық біріккен киностудияда (ЦОСК) киносуретшілік кәсібін бастады. Мұнда С.Эйзенштейн, Г.Рошаль, М.Левин сияқты кеңестік кино шеберлерімен қоян-қолтық еңбек етіп, олардан осы өнердің қыр-сырына қанығады. Шығыс тұрмысының білгірі болған Құлахмет атақты Сергей Эйзенштейннің «Иван Грозный» фильміне кеңесшілік жасайды. Әйгілі режиссер Григорий Рошаль түсірген «Абай әні» фильмін, өзге де алғашқы қазақ киноларын жасауға тікелей атсалысады.
Бұдан соң қоюшы-суретші өз қызметін деректі және көркем фильмдер киностудиясында, кейіннен «Қазақфильмде» жалғастырып, қазақ киносын аяққа қоюда Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Шәріп Бейсембаев тәрізді режиссерлермен тізе қоса жұмыс істеді. Қазақ кинематографиясының алтын қорына енген «Біз Жетісуданбыз», «Менің атым Қожа», «Алдар Көсе», «Атамекен», «Гауһартас» және тағы басқа фильмдердің дүниеге келуінде оның үлкен үлесі бар.
Құлахмет Қожықовтың шығармашылық дарыны тек театр мен кино саласында ғана емес, бейнелеу өнерінде де жарқырай көрінді. Ол төлтума график, талантты кітап безендіруші де еді. Сызба суреттің бесаспап шеберінің қаламынан қазақтың тұрмыс-салтын, Абай поэзиясын, қазақ эпосы мен әлемдік классикалық әдебиет тақырыбын бейнелейтін тамаша ксилогравюралар туды.
Құлахмет Қожықов – ұлттық салт-дәстүрдің табиғаты мен шынайы болмысын тереңінен сезініп, түйсінген шебер суреткер еді. Тарихи тақырыптарды арқау еткен суреттері (мәселен, «Ақтабан шұбырынды» топтамасы) заман тынысын терең де дәл бейнелеуімен ерекшеленеді. Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Тарас Шевченко, Мұхтар Әуезов шығармаларының, қазақ дастандарының («Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын») желісін негіз еткен иллюстрациялары, театр спектакльдеріне («Еңлік-Кебек», «Абай», «Арқалық батыр», «Октябрь үшін», «Шаншарлар», тағы басқа), кинофильмдерге («Жамбыл» (1-ші нұсқасы), «Абай әндері», «Алмастан да қатты», «Менің атым Қожа», «Алдар көсе», «Атамекен», «Гауһартас») жасаған эскиздері – халық мәдениеті мен тарихын жан-жақты, терең білуінің нәтижесінде сәтті шыққан дүниелер.
Құлахметтің білімі мен білігі, суреткерлік шеберлігі алғашқы қоюшы-суретшісі болған кең форматты «Қыз Жібек» фильмі үшін салған кескіндемелерінен де айқын көрініс береді. Ол әкесі Қоңырқожа мен анасы Ләтипадан құлағына құйып өскен қазақ фольклоры мен эпостары, әсіресе «Қыз Жібек» жыры туралы әңгімелер желісінде 50-жылдары бірнеше иллюстрация салады. Кейіннен бұл тақырыпты кинофильмге жасаған эскиздері арқылы дамытып, байытты. Көшпелі халық тұрмысының тынысын бейнелейтін эскиздері, атап айтқанда, Сырлыбай мен Базарбай хандардың киіз үйлері, Жібектің көші, Қыз Жібек пен Төлегеннің некелесу көрінісі, ханның көші панорамасы, тағы басқа иллюстрациялары суретшінің этнографиялық білімінің молдығы мен жаңашыл ізденістерін байқатты. Шындығына келгенде, «Қыз Жібек» фильмін түсіруді алғаш ойға алған Құлахмет Қожықов екенін айта кеткен ләзім.
Балжан ХАБДИНА,
журналист-баспагер,
(Жалғасы бар),