Жеңіс туын желбіреткен
Халқымызда «Іздеушісі бардың ізі өшпейді» деген тәмсіл бар. Сол секілді көнекөз қариялар «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Айтса айтқандай, іздеуші ұрпақтарының арқасында бүгін сырдариялық майдангер Күзентай Шерімовтің рухы қайта жаңғырмақ.
«Атамыз туралы мақала жарияламақ ниетте едік. Аудандық газет ақпараттық қолдау көрсетеді ме екен?!» деп әлеуметтік желідегі жеке парақшамызға хат келді. Хатты жолдаушы Асқар Күзентаев есімді азамат өзінің Сырдария ауданының тумасы екенін айта келе, атасының Ұлы Отан соғысына қатысқанын баяндапты. Айтуынша, майдангер атасы Күзентай Шерімов елге жеңіспен оралғаннан кейін ішкі істер саласында жемісті еңбек етіпті. Әлеуметтік желі арқылы жолданған аталған хабарламаны оқығаннан кейін жауап жаздық. Ойлы оқырман – басылым тірегі екенін айтып, газеттің алдағы нөміріне мақала дайындалатынын жеткіздік. Сөйтіп, ізденісті серік етіп, осы мақаланы жазуға кірістік.
Майдангердің немересі бізге қысқаша өмірбаян мен сурет жолдапты. Сосын атасын тануы мүмкін деген азаматтардың аты-жөнін жазып жіберіпті. Олардың қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы бар екен. Ардагер атамызбен хабарласқанымызда майдангердің елге жеңіспен оралғанын, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп, ішкі істер саласында еңбек еткенін айтты. Күзентай Шерімов жөнінде Рақымжан Байменовтің жақсы білетінін жеткізді.
...Әрине шағын өмірбаянға қарап бір-екі беттік очерк жаза салуға болатын да шығар. Бірақ жас кезде ізденейік, зерттеп көрейік деп Рақымжан қажы Бәйменовке де хабарластық. Қария біздің қаламымызға арқау болған кейіпкеріміз жөнінде есте қалған естеліктерімен бөлісті.
– Ұлы Отан соғысының зардабы жанын жараламаған адам жер бетінде жоқ шығар. «Соғыс» деген сөзді жек көретін ұрпақтың бірі менмін, – деп бастады ардагер әңгімесін. Мұнан соң қызмет барысында көп майдангермен бірге жұмыс істегенін, араласқанын айтты. Ауданда көзі тірі екі-ақ ардагер қалғанына назар аударды. – Арада қаншама жыл өтсе де Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің есімі, ерлігі ұмытылмайды. Күзентай Шерімов сондай ерлердің бірі болатын, – деді Рақымжан Бәйменов.
– Біз Күзентайдың отбасымен Тереңөзек кентінің қазіргі Аманкелді Иманов көшесінде көрші тұрдық. Жақсы, ақ көңілді азамат еді. Майор шенін алғаны есімде. Көрші болған соң араластық. Ол кездерде көрші деген бауырыңдай жақын, сырлас, жанашыр еді. Балаларымыз бірге ойнап, бірге өсті. Ішкі істер саласында қызмет атқаратын азаматпен кейде аудан туралы пікірлесетінбіз. Өз жұмысына адал азамат болатын. Қазір арада көп жыл өтті. Түрі еміс-еміс есіме түседі, – дейді ардагер атамыз.
Енді өмірбаянда көрсетілген деректерді оқырман назарына ұсынайық. Күзентай Пірәліұлы Шерімов 1922 жылы дүниеге келген екен. Ол майданға 1942 жылы шақырылыпты. Сұрапыл соғысқа 181-ші гвардиялық-артериялық минометшілер полкінің құрамында дәлдеуші ретінде аттаныпты. Жау әскерін талқандау жолында аянбаған кіші сержант Берлин қаласына дейін жеткен. 1944 жылдың қазан айында өкпе тұсынан ауыр жарақат алып, госпитальға түскен.
Күзентай Пірәліұлы соғыстағы жауынгерлік ерлігі үшін көптеген алғыс хатпен, медаль, ордендермен марапатталған. Майдангер әсіресе Таганрог, Жаңа Буг, Одесса, Минск, Брест, Дебрецен, Хатван қалаларындағы шайқастарда ержүрек жауынгер ретінде танылыпты. Соған сәйкес Кеңестер Одағының Жоғарғы Бас қолбасшысының бұйрығымен бірнеше рет марапатталған. Мұнан бөлек Ұлы Отан соғысының II дәрежелі орденімен, «Кеңес әскері және флотына ХХХ жыл» медальдарымен наградталған.
Соғыс аяқталған жылдардан кейін де Күзентай атамыз өзінің саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған. Ол темірдей тәртіпті қажет ететін ішкі істер саласында жемісті еңбек еткен. Қызылорда облысының Сырдария, Шиелі, Жалағаш, Қазалы аудандарында және Төретам кентінде жұмыс істеген. Жеңіс сарбазы майор шенін алған. Тәртіп пен талап, тазалық пен тиянақтылықты жұмысына арқау еткен ол әріптестерінің арасында зор беделге ие болған. Бұл туралы Ұлы Отан соғысының ардагері Маханбет Бержанов айтты.
– Біз үшін соғыс ең ауыр, ең қорқынышты сөз. Өйткені біз бұл қырғынды көзімізбен көрдік, басымыздан өткердік. Қазіргі жастарға бәрі ертегі, бәрі бір сәтте бола салғандай көрінеді. Бірақ әсте олай емес. Соғыс біздің жанымызды жаралады, жақынымыздан айырды. Қаншама ерлер қаза болды. Елге оралғаны тылдағы тауқыметті тіршілікке араласып, еңбек етті. Сондай майдангерлердің бірі Күзентай еді. Ол менің есімде. Ол да мен секілді ішкі істер саласында жұмыс істеді. Тиянақты болатын. От пен оқтың ортасынан келген оның ақкөңілділігі кімді де болса таңғалдыратын. Ішкі істер саласының дамуына қосқан үлесі және мінсіз қызметі үшін Күзентай Шерімов «КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл», «Мінсіз қызметі үшін» КСРО Ішкі істері министрлігінің II дәрежелі медалімен марапатталғаны есімде, – дейді майдангер.
Иә, ер есімі – ел есінде. Майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Жас буын олардың ерлігін өмірлік өнеге санайды. Ал Күзентай Шерімовтің ұрпақтары соғыс ардагерінің ұрпағы болғандарын мақтан тұтады және сол атқа кір келтірмей, Отанға адал қызмет етуді мақсат еткен.
– Жыл сайын Жеңіс күнін асыға күтеміз. Бұл күн біздің отбасы үшін ерекше мереке. Атамыздың рухына Құран бағыштап, еске аламыз. Тағзым алаңына барамыз. Жеңіс туын желбіреткен майдангердің ұрпағы болғанымызды мақтан тұтамыз. Күзентай атамызбен Несібелі әжемізден Қалдыгүл, Сәкен, Молдабек атты балаларының ұрпақтары бүгінде егемен еліміздің Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған және Қызылорда қаларында еңбек етуде. Олар мемлекеттік қызмет, білім беру, экономика, спорт, темір жол, кен орындары секілді сан салада қызмет атқаруда, – дейді батырдың немересі Серік Сәкенұлы.
Біз бүгінгі мақаламызда сырдариялық майдангер Күзентай Шерімов туралы жаздық. Ардагер есімін жаңғыртқан ұрпақтарының ізденісі бізді сүйсінтті. Шіркін, әр ұрпақ осылай өз аталарын мақтан тұтып, ерлік шежіресін жаңғыртар болса, Ұлы Жеңістің қадір-қасиеті артып, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі оянар еді. Бұл ретте өмірі өнегеге толы майдангердің ұрпақтары өз замандастарына үлгі көрсетті деп нық айта аламыз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ