104 жастағы әжейге аудандық газетті тегін жаздыртып берді
Өздеріңізге белгілі, өткен аптада әлеуметтік желіде аудандық газеттің оқырмандарын бірлесе еңбек етуге шақырып, ой тастадым. Жазбаға 167 әлеуметтік желі қолданушысы ұнату белгішесін басып, 50-ге жуық пікір келіп түсті. Осы ретте, аталған жазба туралы айта кететін бір жайтты бүгін Сіздермен бөліспекпін.
Сонау әсем Алматыдан Сырдария ауданының тумасы Әнел Иманғалиева есімді замандасым хабарласып, өз есебінен 104 жастағы Балшай Маханбетова есімді әжейге 2020 жылға аудандық газетті тегін жазтыртып беруге дайын екенін айтты. Сөйтіп, игі іс жасауға ынталы замандасымның жақсы ісі арқылы аудандағы ең қарт әжейдің мекен-жайына аудандық басылым келесі жылы тұрақты түрде тегін баратын болды.
Айта кету керек, әжейдің жасы 104-те демесеңіз әлі тың. Аллаға шүкір, кейуана ақ батасын ұмытпаған, әңгіме-сөзі де дұрыс. Өмірі өнегеге толы жанға қарап, дархан даланы мекендеген халқымыздың ақ ниетті, кең пейілді аналары еске түседі. Жағымды жаңалықты естіген ғибратты ғұмыр иесі «Газетті өзім оқи алмасам да, ұрпақтарым оқып береді» дейді.
Қорыта келе, өз есебінен 104 жастағы әжейге ауданық газетті 1 жылға тегін жаздыртып берген шалғайда жүрген түлегіміз Әнел Иманғалиеваға алғыс айтамыз. Сырдариялық жерлесімізге әжейдің жасын берсін!
Ал, аудандық газетті осындай ардагерлерге тегін жаздыртып, ризашылығын аламын деген азаматтар болса, редакцияға келсеңіздер болады. Абырой – ортақ. Бірлесе еңбек етуге әркез дайынбыз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ