Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баһадүрдің кеселге қарсы күресі

Баһадүрдің кеселге қарсы күресі

Данқты жерлесіміз Жалаңтөс баһадүр 1616-1656 жылдары Самарқан қаласының әкім-әміршісі болған. Әрі Бұхар хандығының әскери бас қолбасшысы ретінде Иранға, Ауғанстанға әскери жорықтар жасап, Ташкент пен  Түркістандағы алауыздықтан болған наразылықтарды басып отырған. Осы жорықтардан түскен соғыс олжаларын, өзінің әкімдік лауазымына тиісті алатын қаражатын, Самарқанға бағынышты елдерден түскен салықтарды қаланың құрылысына, көгалдандыру ісіне, білім мен денсаулық сақтау саласына жұмсаған.  
Ал өзінің басшылығымен салынған артында өшпес ізі іспеттес екі алып ғимарат – Шердор мен Тіллә-Қари медресесі қаланың «Регистан» алаңын осы күнге дейін сәнін келтіріп тұр. Жалаңтөс қоғамдық моншаларды да халықты толық қамтитындай етіп салдырған. Бүгінгі Алматыдағы «Арасан» шығыс моншасы Отырардағы монша үлгісімен салынғаны туралы баспасөз беттерінде де жазылды. Алайда, ол шындыққа келіңкіремейді, себебі Шыңғыс хан өзіне қарсылық көрсеткен қалаларды жермен-жексен етіп, орнын сумен толтырып, құртып жіберіп отырған. 1218 жылы Отырар қаласындағы монша мен кітапхана тағдыры осылайша аяқталған болатын, ал «Арасан» – Жалаңтөс бабамыз салдырған орта ғасырдағы моншаның көшірмесі.
Жалаңтөс өмір сүрген заманда жұқпалы аурулар – ішек, оба, түйнеме, тырысқақ, сүзек бұрқ ете түсіп, құйынша ұйтқи өтіп, халықты мыңдап қырып отырған. Жалаңтөстің қоғамдық моншаларды көптеп салдыруы қала тұрғындарының  санитарлық-гигиеналық жағ­дайын жақсартуда жұқпалы ауруларға тосқауыл болды. Са­марқанда  болмаса да, оған бағынышты ауыл-аймақтарда жұқпалы ау­ру тараған. Әкім ретінде Жа­лаңтөс жұқпалы аурулардан сақтану жолдарын іздеп, зерттеген екен. Ауру ошағы пайда болған  елді мекендерді көшіріп, үйлерін, киімдерін, қол­данған заттарын «Мал ашуы – жан ашуы» деген сөзге де қарамастан, малын қо­ра­сымен қоса өртеп  жіберіп  отырған.
Індеттің адамнан, шыбын-шіркейден таралатынын білген  Жалаңтөстің «Шыбынды жерде шығын бар» деген ұмытыла бастаған сөзін айта кеткеніміз жөн. Шешек ауруы шыққан үй­дің маңына қара жалау бай­лаған ұзын ағаш қағылып, індетке қарсы егуді үйренген күтушіні ғана қалдырып, науқас туыс­тарына ол үйге кіріп, халін сұрауға да қа­таң тыйым салған. Карантинді жасырын бұзғандар өлім жазасына кесілген. Осы жағдайлар сол кез­дері қазақ даласын ара­лаған итальян сая­хатшысы Джованни дель Плано Карпини еңбектерінде толық жазылады. 
Ал жеке бастың тазалығын сақта­ма­ған­дықтан болатын ши­қан, күбіртке, те­міреткі, қы­шыма, қо­тыр, шуаш, таз бол­ған адамдарды қатал сынаған. Сол кезде малшыларда таз ауруы көп кездескен екен. Себебі ауа-райының ыс­тықтығынан қор­ғану үшін қой­шы балалар жазда ыстық өткізбейтін қой терісінен иле­ніп жасалған кепеш киген. Балалардың жұқа те­рісі қабызданып, тазға айналып отыр­ған. Жалаңтөстің сақ­шы­ла­ры тазалықты сақтау үшін олар­ға айыппұл да төлеттірген екен. 
Жұқпалы ауруларға қарсы күрес адамзат тарихындағы ең өзекті мәселе болғандығы бел­гілі. Бұл күрес Жалаңтөс ба­ба­мыздың тұсында да мем­ле­кет­тік деңгейде жүргізілген.
2019 жылдың желтоқса­нын­да Қытайда пайда болған коронавирус әлем халықтарын алаңдатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Президент Жарлығымен 2020 жылдың 16 нау­рызынан бастап республиканың бар­лық аумағында төтенше жағ­дай енгізілді. Бүкіл халықтың ден­саулығы үшін осындай ше­шімді дер кезінде қабыл­да­ғанына ел түсіністікпен қа­рауда. Алайда осы індетті әлеу­меттік желілерде күлкіге ай­налдырғандар да табылып жатыр. Бұл күлкілі жағдай емес, дүние жүзі дүрбелең кезді басынан өткеруде. Осындай сын сағатта қауіпті індеттің таралуын болдырмау үшін ат­қарылып жатқан санитарлық-сауықтыру іс-шараларына баршамыз қолдау көрсетейік дегім келеді.


Бану БАҚЫТЖАН,
Қазалы теміржол ауруханасының 
хирургия бөлімінің медбикесі


03 сәуір 2020 ж. 510 0