4000 сөз және өзбек тілінің қысқаша грамматикасы
Өшкенді жаңғыртып, жаңаны ата-бабаларымыздың бізге қалдырған асыл қазыналарамыз арқылы дамытуға бағыт берерлік Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында “Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені” тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана болған, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс деп атап көрсеткен-ді.
Сондай елі білгенімен, саяси қайраткерлік бағасы айқындалмай жүрген азамат әңгімемізге арқау болмақ.
Перовск уезіне қараған Кеңтүп болысына қараған қазірге Бесарық, Қоғалыкөл ауылдарының аумағында Лапиндер әулетіне байланысты жер атаулары көптеп кездеседі.
1835 жылы Лапының қорасанға қой айтып, әулие жағалап жүріп, Алладан тілеу тілеп жүріп дүниеге келген Мұңайтпасы еті тірілігінің арқасында ел басқару ісіне ерте араласады.
Өткен ғасырдың басында қазіргі Қоғалыкөл ауылының іргесіндегі Еуропалық үлгідегі алғашқы оқу орнын ашып, елге тұтқа болар талай азаматтарды тәрбиелеуге жол ашқан да осы Мұңайтпас. 1906 жылы аталас інісі Тыныштықбайұлы Бәлтікке мешіт салдырып бір ғасырдан астам уақыт халыққа оқу ағарту жұмысының негізін қалаған да Мұңайтпас болатын.
Көне тарих Тораңғылсай деп таныған Жаңадарияның оңтүстік беті, Қызылқұмның етегінде Мұңайтпас аталатын алқап пен ондағы «Алақашар» көлдер жүйесі осы Мұңайтпасқа байланысты атаулар.
Бердіқожа сумұрын Өмірбек би мен Қалқаман сумұрын екеуі арасында жер дауы болып, биге жүгінеді.
«Осы өлкеге кім су шығарып игерсе, сол жерге иелік жасасын», – деп пәтуа етіледі.
Батысқа қарай ағып жатқан Тораңғылсай арнасынан саға тартып Мұңайтпас бастаған азаматтар мен мұрабы құрлыққа су шығарып, өзектің ағысына қарама-қарсы бағытта он-он бес шақырымға созылған су сай-саланы қуалап көл пайда болады. Су сағасына құрбандыққа шалынған алақашардың атымен көл «Алақашар» көлі аталып кетеді.
Күні кешеге дейін айналасынан атты адам көрінбейтін қалың қамысты, нулы өлке Қоғалыкөл, Бесарық халқының малына қыста пана, жазда жайылымдығы болған шұрайлы өлке, соңғы екі-үш жыл көлемінде ғана су азайып күйі тая бастады.
Малы мен жанына береке дарыған Мұңайтпастың үш әйелінен тараған он тоғыз ұл-қыз осы өлкеде туып, ер жетіп, алашқа қызмет ету үшін әлемнің түкпір-түкпіріне тарап жатты. Болыстың балалары алды Алмания, Ресейде білім алған өркөкірек, “барам” деген жеріне барған, “алам” дегенін алған кілең сен тұр, мен атайын атпал азаматтар болып өсті. Мұңайтпастың үлкен ұлы Сейдәлі. Сейдәлінің бөркіндей бөрік киіп, астындағы атының ажары асып түскен жолаушы болсын, ауыл ағайыны болсын, атынан аударып алып «Сен Сейдәлі болам деп пе ең», – деп жаяу жіберетін.
Ауыл үстінен есегі ақырған жолаушы да жазасыз қалмайтын. Тіпті Гержоттың қапас түрмесінде атылар сәтін күтіп жатқанда «Тектінің тұқымы ғой мен-ақ атылайын» – деп Сейдәлі Лапиннің орнына «мен деп» шыққан ауылдас жамағайынын қағып жіберіп, «Сен Сейдәлі болам деп пе ең» – деп кеудесін оққа төсеген өр тұлғалар жайлы бұл өлкеде аңызға бергісіз әңгімелер әлі де бар.
Қазақтың атын әлемге танытқан «Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтанахмет Қожықов та осы Мұңайтпастың қызы Ләтипаның ұлы екені көп нәрсені аңғартса керек.
«Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші сол тоғыздың бірі Серәлі Мұңайтпас Лапин жайлы аз-кем әңгіме етелік.
Серәлі 1868 жылы Перовск уезі, Кеңтүп болысының 4-ші ауылында дүниеге келген. Ауыл молдасынан білім алған зерек бала білімін көтеру үшін үнемі талаптанды. Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын, 1891 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген соң Самарқан әскери губернаторының аудармашысы, Түркістан өлкесінде түрлі әкімшілік орындарда қызмет ете жүріп, халық мүддесін қорғауды өзінің басты міндеті санады.
Жан-жақты білім иесі сәулет өнері мен оның сырын зерттеумен жүйелі түрде айналысады.
Лапиннің қызмет тізімінде мынандай белестер бар: ол 1889-1892 жылдары Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясында орыс оқушыларын жергілікті тілдерге жаттықтыратын репетитор, 1892 жылдан Самарқан облысы әскери губернаторы жанында аудармашы, 1901 жылдан үзілістермен 1917 жылға дейін Самарқан, Сырдария облыстарында адвокат болды. Осы жұмыстарды атқара жүріп, Серәлі Мұңайтпасұлы еліміздің тарихында алдымен шығыстанушы, одан ағартушы және қоғам қайраткері ретіндегі өзіндік елеулі орыны бар тұлға болып қалыптасқан.
Лапин араб, парсы, т.б. шығыс тілдерін білген. Ол зайырлы шығыстанушы ғылымында тұңғыш рет Гури-Эмир, Регистан, Шаһи-Зинда кешендеріндегі, Көкілташ медресесі және т.б. көне архитектуралық ескерткіштердегі арабтың көне сюльси және зюльфи емлелерімен өрнектелген көркем жазуларды (эпиграфикаларды) оқыды, оларды орысшаға аударып ғылыми айналымға қосты. Жәдігерліктердің тұрғызылған уақытын, оларды салдырған адамдардың сәулетшілердің есімдерін (мысалы Регистан ансамбліндегі Шер-Дор, Тилля-Кари медресселерін әйгілі қазақ қайраткері және жауынгері Жалаңтөс батырдың салдырғанын) анықтады. Серәлі Мұңайтпасұлы, сондай-ақ «Шаһнама», «Туһрат әл-Хани» дастандарының парсы тіліндегі қолжазбаларын тауып, шығыстану ілімі айналымына қосты.
Лапин Шаһи-Зинда (Тірі патша), араб қолбасшысы ибн Куссам жайында ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізіліп айтылып жүрген аңыздарды ел аузынан жазып алып қалдырды. Халық ағарту ісіне (өлкеде қазақ мектебін ашуға, онда сабақ беруге) атсалысты. Ал оның 1895 жылы Самарқанда жарық көрген «Самарқан қаласының тарихи ескерткіштеріндегі жазулардың аудармасы» және «Орыс-өзбек қалта сөздігі. Түркістан өлкесіндегі отырықшы туземдіктермен күнделікті тұрмыстық әңгімеге арналған 4000 сөз, өзбек тілінің қысқаша грамматикасы қоса тіркелген» деп аталатын кітапшалары Ресей шығыстану ғылымына елеулі үлес болып қосылды. Серәлінің аталған сөздігінің қайта басылымы 1914 жылға дейін төрт рет жарық көрген екен. Ол түркі халықтарының (қазақ, өзбек, қырғыз т.б.) атауларын дұрыс қолдану жөнінде «Түркістан ведомостары», «Орынбор парақшасы» беттерінде 1900-04 жылдары әлденеше рет мәселе көтерді. Оның шығыстану, түркітану саласында өзіндік қолтаңбасын көрсеткен жұмыстарына кезінде әйгілі ғалымдар В.Л.Вяткин, В.В.Бартольд, Н.И.Веселовский, В.В.Розен назар аударып, пікір білдірді.
Өлкедегі зиялылар Лапинді халықтың түбегейлі мүдделерін терең білетін қорғаушысы ретінде таныды. Сондықтан да оны алғашқы Мемлекеттік Думаға депутат етіп сайлау үшін кандидаттыққа ұсынды. Кейін оған қазақ секілді бұратаналарды сайлау және сайлану құқығынан айырған әйгілі «3 маусым төңкерісінен» кейін, түркістандықтардың мұң-мұқтажын Думаға жеткізетін өкіл болуды тапсырды. Соған байланысты ол 1908 – 10 жылдары Санкт-Петербург қаласында тұрып, 3-Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясының ұйымдастыру бюросында қызмет етті.
Осында 2-Мемлекеттік Думаның мүшесі Бақытжан Қаратаевпен бірге 1908 жылғы сәуірде мұсылмандардың діни істері мен діни мекемелері туралы және 1908 жылғы маусымда – қазақтарды жерге орналастыру жөніндегі заң жобаларын дайындады. Жер-су хақындағы қазақ мүддесін қорғайтын осы заң жобасын Думадағы түрлі фракциялардан 60 депутат (мұсылман, октябрист, кадет, трудовик) қолдаған болатын, бірақ үкіметтің Жер өңдеу және жерге орналастыру бас басқармасы оған негіз етілген қағидалармен келіспейтіндіктерін білдіріп, қарсылық көрсеткендіктен, жоба Мемлекеттік Думаның талқылауына салынбады. Қазақтың шұрайлы жерлерін орыс мұқтаждықтары үшін кесіп алу жалғастырыла берді.
Сонда Лапин мұндай ахуалдан әлі де сағын сындырмай, халық мүддесіне қызмет етудің одан басқа, қолданыстағы заңдар ауқымына орындалуы мүмкін бір жолы ретінде Түркістан генерал-губернаторының рұқсатымен, қазақ арасында сауда-экономикалық серіктестік құрды (ол 1910 жылы ашылып, түрлі кедергілерге байлансты көп қанат жая алмай, 1913 жылы жұмысын тоқтатты). 1912 жылы Санкт-Петербург оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық студенттерге көмек көрсету қоғамының жұмысына қатысты. Қоғамның жиналысында 1913 жылы Түркістан халық-ағарту ісінің жай-күйі туралы баяндама жасады. Санкт-Петербургтегі құрылысы Романовтар үйінің патшалық құруының 300 жылдығына аяқталған мұсылман мешітін салу ісіне атсалысты. 1914 жылы Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысып, патша үкіметінің ағарту және діни салаларындағы саясатын сынады.
1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде патша өкіметінің құлауын С.Лапин зор қуанышпен қарсы алды. Ол қалыптасқан саяси ахуал Түркістанның саяси бостандығына қол жеткізуіне мүмкіндік береді деп түсінді. Сол себепті Уақытша үкіметке барынша қолдаушылық танытып, оның жергілікті органдарын құруға белсене қатысты. Жергілікті халықтың мүддесін қорғау мақсатында құрылған ұлттық ұйым – «Шуро-и-ислам» (Ислам кеңесі) ұйымына мүше болып кірді.
Бірақ көп ұзамай С.Лапин «Шуро-и-ислам» ұйымынан қол үзіп, өз алдына бөлек ұйым құру жолына кіріскен-ді. Ол өзінің мұндай қадамға баруын «Шуро-и-ислам» ұйымы мен Түркістан өлкесі мұсылмандарының кеңесінің жергілікті халықтың мүддесін қорғауда мұсылмандық, исламдық идеяларды басшылыққа алмауымен байланыстырды.
1917 жылы 26 қарашада Қоқан қаласында өлкелік төртінші төтенше мұсылмандар съезі өз жұмысын бастады. Сол съезге 250-ден астам делегат қатысты. Съезд үш күн жұмыс істеп, Түркістан өлкесі халықтарының өзін-өзі билеу ықыласынан туған Түркістан автономиясын жариялады. Түркістан Құрылтайы шақырылғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша кеңесіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылданды. Түркістан Уақытша кеңесіне 54 адам сайланды. Олардың қатарында С.Лапин да болды.
Сонымен, Түркістанда қос билік орнап, оның алғашқысы кеңестік негізде құрылып, ең алдымен, ресейлік қоныс аударушылардың мүддесін көздеп, солардың жағдайын нығайта түсуге қызмет ететіндіктерін білдірсе, соңғысы отарлық езгіге қарсы, діни және ұлттық қоғамдарды негізге ала құрылып, жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын баянды ету мақсаты екендігін жариялады. С.Лапин өлкеде большевиктер үкіметі мен ұлттық Түркістан автономиясының қатар өмір сүруі қантөгіске әкеліп соқтыратындығын жақсы түсінді. Соған орай осы екі биліктің өзара ымыраға келуін жақтады. Осы мақсатта С.Лапин 1918 жылы 10 қаңтарда Ташкентте мұсылмандар митингісін ұйымдастырып, өлкелік Халық комиссарлар кеңесі мен Түркістан автономиясы арасындағы текетірестен тек қарапайым халық зардап шегеді деп мәлімдеп, бұл екі билік өкілдерін бірлесіп, халықтық өкімет құруға шақырды.
Алайда өлкелік Халық комиссарлар кеңесі С.Лапиннің ұсыныстарына құлақ аспай, өлкеде большевиктік биліктің ғана салтанат құруын жақтап шықты. Соның нәтижесінде қару күшімен Түркістан автономиясын таратып, Қоқан қаласын қанға бояды. Кеңес өкіметі әскерлерінің қанды қырғыны нәтижесінде Қоқан қаласының төрттен үш бөлігі қиратылды, сан мыңдаған адам өлді. Сол тұста Түркістанда болған ағылшын барлау қызметінің өкілі М.Бэйли өз үкіметіне берген құпия мәліметінде: «Қоқандағыдай қырғынды ортағасырлық моңғол шапқыншылары да жасамаған. Қалада 14 мыңнан астам адам өлтірілді. Мұсылман кітапханасы толығымен өртелді», – деп жазды.
Қоқан автономиясын қиратқан соң большевиктер өкіметі ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлерін қуғындауды қолға алды. Өлкеде қалыптасқан мұндай ахуал жағдайында С.Лапин Түркістанның азаттығы үшін күресін шетелде жалғастыруға ұйғарым жасады. 1918 жылы шілдеде С.Лапин Түркістан лагерьлеріндегі соғыс тұтқындары мәселесімен шұғылданып жүрген Германия комиссиясы өкілімен байланыс орнатып, одан өзін Германияға өткеріп жіберуді өтінді. Бұл комиссия өкілі С.Лапинді қажетті құжаттармен қамтамасыз етіп, Мәскеуге аттандырды. Онда неміс консулдығының көмегімен Түркия азаматтығын қабылдап, Псков арқылы Германияға өтіп, 1918 жылдың 20 қыркүйегінде Берлинге келді.
С.Лапин Германияға келген соң 1918 жылы 25 қыркүйек күні Германия Бас штабының өкілі лейтенант Эльснермен жолығып, оны Қазан төңкерісінен кейін Түркістанда қалыптасқан саяси ахуалмен таныстырып, Түркістан халқына большевиктер үстемдігіне қарсы күресуде Германияның көмек көрсетуін сұрады. Мұнан соң С.Лапин Германия Сыртқы істер министрлігіне өзінің Берлинге келу себебін түсіндірген хат жолдады. Бұл хатта ол өзін Түркістандағы ең беделді ұйымдардың бірі – «Шуро-и-уламо» ұйымының жетекшісі, Түркістан автономиясы парламентінің мүшесі ретінде таныстырып, Түркістандағы кейбір саяси мәселелер бойынша келіссөз жүргізу үшін 6 миллион болатын Түркістан мұсылмандарының атынан өкіл болып келгенін мәлімдеп, Германияның Түркістанға әскери көмек көрсетуін өтінді.
Әскери экспедицияны ұйымдастыруда С.Лапиннің ұсынуынша Каспий теңізінен өткен әскер екіге жарылып, Ашхабад пен Бұқараны бетке алып, екіншісі Перовск пен Ташкент бағытында жылжып, ол топтар өз жолында жергілікті халық өкілдерімен толыға түсуі тиіс болды. Жоспарға сәйкес бұл екі топ Самарқан қаласы маңында тоғысатын болып белгіленді. Экспедицияны жабдықтау мен басқару Германияға жүктелді. С.Лапин өз жоспарында Германия мен Австро-Венгриядағы соғыста қолға түскен мұсылман тұтқындарды пайдалануды да назардан тыс қалдырмады. Ол бұл тұтқындарды болашақта құрылуы тиіс түркістандықтар армиясында әскери нұсқаушылар ретінде пайдалану қажет деп есептеді.
Бірақ та бұл С.Лапиннің ұсынысына неміс үкіметі мүлде көңіл бөлмеді дегенді білдірмесе керек. 1918 жылы 22 қарашада Сыртқы істер ведомствосының өкілі Харальд Козак С.Лапиннің ұсынысын елдің жағдайы оңалғанда көңіл аударуға тұрарлық екен деп бағалап, ол жөнінде үкіметке мәлімдеме түсірді. Алайда, Германия үшін 1918 жылдың соңына қарай жағдай барынша ауырлай түсіп, үкіметтің С.Лапин ұсынысына назар аударуына мұршасы болмады. Оның үстіне С.Лапин осы жылдың 17 желтоқсанында ауруға шалдығып, ауруханада жатты. Араға бір айдай уақыт салып С.Лапин қапияда көз жұмды.
Қазір Серәлі Лапин атында қаламызда №261 орта мектеп, Алматыда «Қалқаман-2» ықшам ауданында бір көшеге аты берілген.
Артында қалған екі қыз, бір ұлдан тараған ұрпақтар Ташкент, Израильде елден жырақта ғұмыр кешуде.
Жұмабай Байзақұлы,
Қазақстан Журналистер
Одағы мүшесі