Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тереңөзектен сөйлеп тұрмыз!

Тереңөзектен сөйлеп тұрмыз!

Радио дегеніміз – ғажап дүние. Бала күнімізде қабырғада бес сомдық радио ілулі тұратын. «Ішіндегі адам шаршамай ма, неге азаннан қара кешке дейін тоқтамастан сөйлейді, арасында ән де айтып, күй тартады» деп ойлаушы едік. Баламыз ғой. Оның қыр-сырын қайдан білейік?! Радионы жақсы көремін, әлі күнге дейін асханамда «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Авторадио» сайрап тұрады.
Мен радиоға қалай келдім? Кезінде КазГУ-дің «Журналистика» факультетінде бізде мамандану курстары өтіп, топқа бөлініп оқитынбыз. Мен «Газет және бас­па ісі» деген сабақты оқыдым, біраз жолдастарым «радио және телеарнаға» барды. Ол кезде бұл жаңалық болмаса да біраз қызығушылық тудырып, келешегі бар мамандық деп ойлайтынбыз.
Оқуды бітіріп, жолдамамен келгенде, біздің «Еңбек туы» газетінде мүйізі қарағайдай, зейнет жасына келсе де, жас­тарға орнын босатқысы келмейтін бірнеше ағамыз мені жылы қабақ танытып, қарсы алған жоқ. Десе де облыстық партия комитетінің, соның ішінде сол кездегі идеология бөлімінің меңгерушісі Әбдіжәлел Бәкіров ағамыздың тікелей араласуымен газетке сынақ мерзімінен өтуші ретін­де жұмысқа кірістім. Бірден айта кетейін, Әбдіжәлел ағамды өмірімде бірінші рет көрдім. Ол кісіні танымаймын да, қабыл­дауына жазылып, өзімнің жас маман әрі жолдамамен келгенімді айттым. Ол кісі адамгершілігі мол кісі екен. Мені мұқият тыңдады. Сөйтіп, сол кездегі аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Алмагүл Божановаға телефон соғып, мені сол күні жұмысқа орналас­тыруды тапсырды.
Жалпы бөлімде жеті-сегіз адам отырамыз. Газет аптасына үш рет шығады. Форматы кішкентай болғанмен, әлгі газетті толтыру оңай емес. Оның көптеген объективті, субъективті себептері болды. Газет енді аудандық партия комитетінің органы болғаннан кейін түрлі жиналыс, пленум, конференция, слеттің сала - құлаш материалдарын күтетінбіз. Екіншіден, біздің ағаларымыз «нөмірден қалдың, өмірден қалдың» деген ұранмен өзара «социалистік жарысқа» түскен. Қырық пышақ болып, қырылы­сып, керілдеседі де жатады. Олардың іссапарға бару, бармауы да үлкен оқиға.
Газетті ұзақ жылдар басқарған, редактор Абызбай Маханбетов ағамыз өте білімді, сабырлы, байсалды кісі болатын. Ол кісі «қошқарлардың» басын көп жыл бір қазанға сыйдырып отырды. Қойшы, сонымен жастардан жауапты хатшы Алтынбай Дәуренбеков, радиоұйымдастырушы Сәуле Ерімбетова, Мейрамбек Шілдебаев және мен. Төртеуміз де КазГУ-дің түлегіміз, қолымыздан келгенше газетті тартымды, жақсы етіп шығаруға тырысып бағып жүрміз.
Одан бері қанша жыл өтті. Әлі күнге дейін аудандық газет тарихында Келдібай Уәйісов, Серік Әлімбетов, Алтынбай Дәуренбеков, Мейрамбек Шілдебаевты мықты журналис­тер деп есептеймін және құрметтеймін. Бұл кісілерде ең бастысы базалық білім болды, үлкен өмір мектебінен өтті, шығармашылық ізденісі мол, қаламы қарымды, ойы жүйрік жандар әрі еңбекқор еді. Келдібай аға кезінде Алматыда Қазақ радиосында еңбек еткен. Марқұм Келдібай Уәйісов өзінің соңынан ерген іні-қарындастарына қамқор болды, білген ақыл-кеңесін айтып, шығармашылық тұрғыда өсуімізге көп көмектесті. Алтынбай Дәуренбеков – жақсы журналист, жан-жақты білімді азамат.
Сәуле екеуміз бір кабинетте отырдық, жасы менен үлкен әпкем, кейін біраз жыл газетті басқарып, қазір зейнет демалысына шықты. Сәуле оқуды сырттай бітірді, балалары көп әрі кішкентай, қолында қарт енесі болды. «Мынау менің жұмысым емес» демейді. Кейде бір қарасаң, әдемі киімімен май-май болып, әріп теруші қыздарға көмектесіп, кассадан мақаланың тақырыбын теріп жүргені, кезекшіге көмектесіп, корректор боп отырады. Редакцияның қай жұмысы ақсап жатады, соны атқарып кете береді...
Содан бір күні Алтынбай аға аудандық партия комитетіне жауапты жұмысқа жоғарылап кетті. Оның орнына Сәуле жауапты хатшы болды да, мені Сәуленің орнына аудандық радио­хабарларын тарату бөліміне бұйрықпен бекітті. Бөлім газеттің штатында, бірақ жұмыс аудандық байланыс бөлімінің бір бөлмесінде, аптасына 3 рет, дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері 15 минуттан, кешкі 19.45-пен 20.00-дің арасында тікелей эфирге шығады. Аты дардай бөлім болғанымен, атқарушысы жалғыз өзім.
Газеттің төрт бетін пәленбай адам жүріп әрең толтырғанда, дүниеде радионың мына 15 минутын толтыру қияметтің қияметі екен. Құдық сияқты, материал жеткізе алмайсың. Дегенмен, алғашқы кезде Келдібай аға, Алтынбай, Сәуле көп көмектесті. Себебі олар осы жұмысты істегендер, қиындығы мен қызығын білетіндер. Одан кейін штат қысқарып, тағы да жұмыссыз қалдым. Бұл бүкіл елімізді сынаған, бәрімізге белгілі 90 жылдар еді. Елімізде жұмыссыздық жайлаған, жалақы берілмейді, дүкен сөрелері бос. Өзіміз күріш егіп отырып, «Анхел Бэнстің» күріші мен пальма майын, үй басына 2 данадан кір сабынды тізіммен, ұзын кезекте тұрып алатын кез. Дастарханда «Рама» маргарині мен мылқау пешке піскен нан. Елдің көңілі алаңдаулы. Жарықты сағаттап қана береді. Ел еңсесі түскен, қиын жылдар еді. Өкінішке қарай, қазір көп адамдар сол қиын кезеңді ұмытып кеткен сияқты...
Менің тыңдаушыларым
Менің ең бірінші тыңдаушым – өзімнің ата-анам, бауырларым, ата-әжелер, кейде кластас­тарым, ұстаздарым және қарапайым еңбек адамдары, ауыл еңбеккерлері еді. Олар менің хабарымды асыға күтетін. Көрген жерде ризашылықтарын білдіріп жататын. Кейбір хабарларымды қайталап беруді сұрайтын.
Ең бірінші тыңдаушым көзі көрмей қалған, Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт журналист Сұлтан Қожаниязов әкеміз еді. Телефон шыр етеді, тұтқаны көтеремін:
– Айналайын, балам кешегі хабарың Шолпан апаң екеумізге қатты ұнады. Рахмет, қолың тисе, үйге кел! Біраз мақала бар.
Сұлтан әке осылай не мені, не газетте жүрген басқа қыздарды үйіне шақырып, мақалаларына диктовка жасайтын. Ол кісі көзі көрмесе де, кезінде бүкіл ауданды аралап шыққан кісі ғой, көңілі сайрап тұратын. Жазатын дүниесі көп еді. Біз келгенде Шолпан апам да самаурынын алып, жаңа піскен таба нанын дастарханға қойып бәйек болатын. Сұлтан әке менің тыңдаушым ғана емес, радиодағы тұрақты авторым да болды.
Біздің кезімізде ЛИТО деген болды. Ол аудандық партия комитетінде жұмыс істеген Қуаныш Татанов ағай еді. Біздің бірде – бір хабарымызды қалт жібермейтін, сүрініп кетсек болды, сынның астында қалатынбыз. Кейде ол кісіден мақтау да еститінбіз. Қуаныш ағай да бір жылдары аудандық газетке редактор болды. Жалғыз ағай ғана емес, «Біткен іске сыншы көп» дегендей, біраз адам тіліне келгенді, орайы келгенде безеп қалып жататын.
...Содан бір күні аудандық радиотарату редакциясы қайтадан ашылатын болды. Оған аудандағы ақын әрі мұғалім болған Балашбек Шағыров ағамыз бекітілді, мен қызметкері болып тағайындалдым. Радиоредакция облыстық те­лерадиокомпаниясына тікелей қарайтын бол­­­ды. Облыстық телерадиокомпанияның тө­ра­­­ғасы Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкіров екен. Ағаның тағы да маған осылай шарапаты тиді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Әбдіжәлел ағама шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Ағамыз кейін Парламентте депутат болып, елдік мәселелерді қозғап, қазақ тілінің дамуы­­­на зор үлес қосты.
Редакция аудан орталығы Тереңөзектегі бұ­рынғы аудандық атқару комитенінің құрқыл­тайдың ұясын­­дай тар бөлмесінде болатын. Бұл ғимаратта бізден басқа ардагерлер кеңесі, «Қазақ тілі» қоғамы, ревизорлар, архитекторлар, жұмыспен қамту орталығы орналасты. Поштаға жақын. Хабарды сол байланыс торабынан береміз. Аға екеуміз апталық, айлық жоспар жасап, кезектесіп материал дайындауға келістік. Бірақ, марқұм Балашбек ағам жақ­сы ақын, баладай ақкөңіл, елгезек жан болға­нымен, бұл жұмысқа ешбір ебі жоқ еді. Қол­дан келгенше тырысып-ақ бақты, көбінде өзінің қалаған адамдарынан сұхбат алатын. Шын­дығында, редакцияның қара жұмысшысы мен болдым. Іссапарға барамын, хабар дайындаймын, оны кешке тікелей эфирде өзім жүргіземін. Ауыр болды, әрине. Кейде жоспарлап, алдын ала дайындап қойған материалдарымды ағам өзінің кезегінде беріп жібереді. Сосын эфирге аяқ астынан басқа материалдар табуыма, дайындауыма тура келеді. Радионы түсінбейтін, түсінгісі келмейтін адамдар болады, оларды сұхбатқа шақырсаң, «келемін» деп уәде береді, жеме-жемге келгенде тайқып кетеді. Түрлі жағдайлар болды ғой.
Бір ғана ескі «Репортер 6» болды. Салмағы едәуір ауыр. Студияда портативті бір магнитофон. Хабардың уақыты болғанда байланыс бөлімінің қызметкерлері қосып береді. Алдымен хабар басында аудан жаңалықтарын береміз, сосын музыкалық заставка. Арнайы хабар кетеді. Бұл әдетте радиорепортаж, сұхбат, радиоочерк, музыкалық хабарлар, мәдениет және спорт жаңалықтары, «Адам және заң», «Ардагерлер – асыл қазынамыз», «Ел іші –өнер кеніші», «Денсаулық – зор байлық», «Мамандығым – мақтанышым», «Ұстаздық еткен жалықпас» және т.б. айдарлар бойынша хабарлар берілді. Көп балалы аналарға арналған менің авторлық «Шаңырақ» деген бағдарламамда аудандағы отбасы мен жұмысын қатар алып жүрген көптеген аналарымыздың дауысы жазылды. Хабар соңында түрлі мекемелердің хабарландыруы мен аудан тұрғындарының құттықтаулары берілетін.
Радиода қызмет еткен кезім – ауданға бұрынғы Сырдария ауданының Айдарлы, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл, Жетікөл сияқты ауылдарының қосылуымен, шағын және орта кәсіпкерліктің енді қолға алына бастаған уақытымен тұспа-тұс келді. Соған байланысты түрлі жиындар өтуші еді. Ауданда ашылған алғашқы дүкендер, ағаш өңдеу шеберханалары. Тігін, сүт, макарон шығаратын шағын цехтар, аяқ киім шеберханалары мен шаштараздар, алғашқы шаруа қожалықтары туралы көптеген хабар дайындадым. Солардың ішінде кәсіпкер Баковтың дүкені, Ақжарма ауылындағы шағын макарон цехы, С.Сейфуллин ауылындағы түйекештің қожалығы және т.б. туралы хабарлар тыңдаушылар көңілінен шықты. «Табиғат және біз», «Орман – біздің байлығымыз» айдарымен берілген хабарлар қоршаған ортаны көздің қарашығындай қорғап, ағаш-тал, жеміс ағаштарын көптеп егу, ауылдық елді мекендерді таза ұстау, абаттандыру, көгалдандыру мәселелерін қозғады. Қолдан келгенше, ауданның тыныс-тіршілігінен сапалы әрі жан-жақты хабарлар беруге тырыстық.
«Ұстаздық еткен жалықпас» айдарымен аудандағы тәжірибелі әрі жаңашыл мұғалім­дер туралы, мектептерде өткен түрлі іс-шаралардан репортаждар, хабарлар жазылды. Осы жылдары мен қатарынан екі жыл облыстық «Сыр бойы» газетінің ұстаздар өмірінен жазылған шығармаларға жариялаған байқауының жеңім-пазы болдым.
Біз облыстық радиомен тығыз байланыс­та жұмыс істедік. Аудан өмірінен үзбей жаңа­лықтар беріп тұрдық. Облыстық радиоға Есен­гелді Шілдебаев ағамыз жетекшілік етті. Ағай­ша Ысқақова деген жақсы журналист апайымыз болды, материалдарымды облыстық радиодан жиі беретін.
Телерадиокомпания Сыр елінің өнерпаз жас­тарын насихаттау мақсатында осы жылдары «Әнші балапан», «Бозторғай», жыршы-термешелердің байқауларын және айтыстарды жиі өткізді. Телевизияға жас әрі жігерлі Ж.Қарабалаев басшылық етті.
Бұл менің өмірімдегі қызығы мен қиындығы мол кезең еді. Радиодағы жылдарым менің шығармашылық тұрғыда өсуіме, азамат және журналист ретінде қалыптасуыма көп көмегін тигізді.Қазір аудандық газет­те біраз жас­тар жұмыс істейді екен. Газеттің элек­тронды нұсқасын үзбей оқып, қарап отырамын. Жас­тардың аяқ алысы жаман емес.
Қазір ауданда радиохабарларын ұйымдас­тыру­шылар бар ма, жоқ па білмедім. Десе де ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына, өсіп-өркендеуіне біздер осылайша үлес қостық. Аудандық газет пен радиода жалпы он жылдан аса еңбек еттім. Бұл жылдары менің журналистік көзқарасым, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбам қалыптасты. Сондықтан «Тереңөзектен сөйлеп тұрмыз! Қайырлы кеш, құрметті радиотыңдаушылар! Аудандық ра­дионың бүгінгі хабарларын бастаймыз!» деген менің дауысымды кезінде тыңдармандар құлақ түріп, жақсы қабылдады. Әлі күнге дейін «Сіздің дауысыңыз әдемі екен» деген сөздерді жиі естимін. Рахмет саған, радио!

Дәметкүл Құмақбай,
журналист,
Нұр-Сұлтан қаласы
25 ақпан 2020 ж. 751 0