Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Димаш Құдайберген британиялық БАҚ-қа ең құнды дүниелері жайлы айтты

Димаш Құдайберген британиялық БАҚ-қа ең құнды дүниелері жайлы айтты


Лондонда концерт берген Димаш Құдайбергенге ірі британиялық теле-радио арналар, ақпараттық агенттіктер қызығушылық танытты. Есімі әлемге танылған отандасымыз Лондондағы ән кешінен кейін бірнеше сұхбат берді.

Құдайбергенов BBC арнасына қазақ тілінде сұхбат беріп, өзінің шығармашылығы жайлы айтты. BBC World Service радиосы, Cultural Frontline шоуында Димаш табысының құпиясымен бөлісті. Радиостанцияны апта сайын 75 миллион тыңдарман тыңдайды, деп хабарлады Red Point агенттігі.

Бұдан өзге, Димаш өзінің музыкасы мен шығармашылық жолы жайлы The Independent басылымына айтып берді. Тілші Димаштан қай жердегі демалыс орнын ұнататынын сұраған. Димаш өзге мемлекеттерге тек жұмыспен барғанын, ешқашан шетелде демалып көрмегенін атап өтті.“Қазақстанда Ақтөбе атты кішкентай қала бар. Онда менің отбасым, атам мен әжем, барлық туыстарым тұрады. Мен шынында да демалатын жер сол”, – деді өнер иесі.

Сондай-ақ, Димаш Candid журналының журналисі Адам Зорганимен кездесіп, “1883” мультимедиялық интерактивті платформасына сұхбат берді. Аталған платформа музыка, кино, саяхат пен өнер әлеміндегі соңғы тенденциялар жайлы хабар таратады. Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің Лондондағы алғашқы шығармашылық кеші 19 қараша күні өтті. Димаштың тырнақалды концертіне әлемнің 45 елінен келген тыңдармандар қатысты.

stan.kz

23 қараша 2018 ж. 654 0