Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл мәртебесі – ел мәртебесі

Тіл мәртебесі – ел мәртебесі

Аудан кәсіпкерлері төл тілімізге деген жанашырлықтың үлгісін көрсетті. Тек кәсібін жандандыруды емес, таза қазақ тілінде қызмет етуді кәсібінің негізі еткен кәсіпкерлер «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты байқауға белсене қатысты.

Аудан көлемінде өткен байқауға қатысушы кәсіпкерлер өз өнімдерінің жарнамасын, видео­сын жолдаған. Одан кейін арнайы комиссия құрылып, қатысушылардың жұмысын талдады. Комиссия төрағасы аудандық «Қазақ тілі қоғамының» төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт бол­са, құрамында БАҚ, мәдениет саласының өкілдері мен тіл жанашырлары болды. Байқаудың марапаттау салтанаты аудан әкім­дігінің мәжіліс залында өтіп, кәсіпкерлер бас қосты.

– Байқаудың мақсаты – жарнама саласында тіл мәдениетін көтеру, көрнекі ақпаратта мемлекеттік тілдің сапалы қолданылуын қамтамасыз ету және сауатты жарнама үлгілерін насихаттау. Аудан кәсіпкерлері қазақ тілінде әзірленген өнім жапсырмалары мен жарнама мәтіндерін ұсынып, тілге деген құрметтерін көрсетті. Қатысушылар арасында бал, сабын, ұлттық киім, тағам және құрылыс өнімдерін өндірушілер болды. Мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты рәсімдеу жолдарын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының орындалуын қадағалау, жарнама әзірлейтін мамандарды, өз өнімдерін жарнамалайтын тауар өндірушілерді және заң талаптарына қайшы орналастырылған жарнама мәтіндерін анықтап, түзету жұмыстарына атсалысып жүр­ген азаматтарды ынталандыру мақсатында ұйым­дастырылған байқауға белсене қатысқан азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. Тіл мәселесі қашан да кезек күттірмейтін тақырып. Сондықтан да қай салада, қай бағытта болсын, қазақ тілінің мерей-мәртебесі үстем болуы керек. Ал өз тіліміздің мәртебесін асқақтататын – сіз бен біз екені анық, – деген аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев қатысушылар мен жеңімпаздарды марапаттады.

Аудан әкімдігі мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың аудандық кезеңінде І орынды Н.Ілиясов ауылынан табиғи бал өндіру ісімен айналысушы кәсіпкер Элмира Төретаева, ІІ орынды Бесарық ауылынан нан және кондитер өнімдерін өндірумен айналысатын Гүлмира Смағұлова, ІІІ орынды Тереңөзек кентінен сабын өндірісімен айналысатын Айбол Смайлов пен ұлттық нақыштағы киім тігу және жалға берумен айналысатын Базаркүл Көшербаева жеңіп алды. Ал арнайы Алғыс хатпен А.Тоқмағамбетов ауылынан қыз жасауы мен көр­пе-көрпеше тігумен айналысатын Нұрсұлу Ажарова, Шіркейлі ауылынан термопанель өндіруші Пазылбек Әбіш марапатталды. Бар­лық қатысушыға арнайы диплом мен сый­лық­тар табысталды.

– Байқау материалдарын саралау барысында тіл тазалығына, дұрыс аударма жасалуына мән бердік. Көбісі күнделікті ауызекі тілге еніп кеткен сөздерді сол күйінше қолданатынын байқадық. Десек те ол сөздердің өзіндік қазақша аудармасы бар. Жалпы теледидар, жарнама сияқты дүниелер тілді насихаттау­да маңызды рөл атқарады. Себебі халық көп көреді, тұтынады, сонда дұрыс нұсқасы санасында қалып, қалыптасып кетеді. Біз аудан әкімдігінің жанындағы мобильді топ, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе отырып аудандағы бірқатар кәсіпкерлік нысанның атауындағы, жарнама тақтасындағы жазуды дұрыс­таттық, қазақшаландырдық. Кәсіпкерлер арасында «орысша жазып қойсам, өтімді болады» деген қасаң түсінік қалыптасқан. Керісінше, тілді шұбарламай, қазақ тілін көтеру арқылы ол кәсіпкердің де мерейі артады. Кәсіпкерлерге де рақмет, түсіндірме жұмыстарын жылы қабылдап, оң нәтижеге жұмыс жасады. Ал бүгінгі байқау қорытындысы өз­деріңізге мәлім болып отыр. Қатысушыларға алғыс білдіреміз, марапаттарыңыз құтты болсын, – деді аудандық «Қазақ тілі қоғамының» төрағасы Шаһарбек Балтабайұлы.
Айта кетейік, байқаудың аудандық кезеңі­нен жүлделі бірінші орынды жеңіп алған кәсіпкер облыстық кезеңде сынға түсіп, аудан абыройын қорғайтын болады.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

02 тамыз 2025 ж. 189 0