Жасын ғұмыр иесін еске алды

Жарыс жолына 6 команда шығып, өзара мықтыны анықтады. Бір-бірімен иық теңестіре ойнаған әрбір команда жеңіске жету жолында аянып қалмады. Өз кезегінде аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Марат Ерташов сөз сөйлеп, спортшының өмір жолына тоқталды.
– Небәрі 23 жасында көлік апатынан қыршын кеткен жалынды жасты еске алуға арналған турнирдің өтуіне Сабыр Жұртшыбаевтың достары мен жаттықтырушысы Жасұлан Қаусовтың еңбегі зор. Жасындай жарқылдап, республика көлемінде қазақ күресінен атой салған жерлесіміз көзі тірісінде орасан зор жетістікке қол жеткізе білді. Жыл сайын осы жарыстың жалауы көтерілгеніне дән ризамыз. Қашанда Сабырдың есімін ұлықтап, рухына тағзым ету – маңызды іс. Барлық қатысушы командаға сәттілік тілеймін, – деді бөлім басшысы.
Жарыс қорытындысында жүлделі І орынды №11 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар жасөспірімдер мектебі, ІІ орынды «Құрдастар», ІІІ орынды «Қазақ күресі» командасы еншіледі. Жеңімпаз және жүлдегер командаға арнайы медаль мен қаржылай сыйлық табысталды.
Айта кетейік, «Үздік ойыншы» Ерсұлтан Қошқаров, «Үздік қақпашы» Талғат Сағындықов, «Үздік қорғаушы» номинациясын Нұржан Әкімжанов иеленді. Сабыр Жұртшыбаевтың жаттықтырушысы Жасұлан Қаусов, құрдастары атынан Бақытжан Ордабаев жарыс қатысушыларына ыстық лебіздерін білдірді.
Б.ОРДАБЕКОВ