Техника тілін тапқан Жасұлан

Жасұлан Сұлтанбекұлы – Қалжан ахун ауылының тумасы. Техника тілін жетік меңгерген маман ауыл арасында газель автокөлігін тізгіндеп, тұрғындарды діттеген жеріне жеткізеді. Негізі мектеп бітіргеннен кейін аймақтағы медициналық колледжге түсіп, фельдшер мамандығын алып шығады. Бірақ бітірген мамандығы көңілінен шықпай, ауылдағы совхозда бригадир көмекшісі, бригадир болып еңбек жолын бастаған. Уақыт өте келе 2003 жылы Қызылорда қаласында қоғамдық көлік айдап, халыққа қызмет көрсеткен. Бұл қоғамдық көлікті 4 жыл тізгіндеп, одан әрі фирмада жүргізушілік қызмет атқарған. 2013 жылы аудан мен қала арасында газель жүргізушісі болып, тұрғындардың аймаққа қауіпсіз жетуін қамтамасыз еткен. Сол жылдан бері аудан халқына қызмет көрсетіп жүрген Жасұлан Жұмаділов жұмысын сүйіп істейді.
– Осы салада келе жатқаныма 12 жылдан асыпты. Бастапқы жылдары қала мен екі ортада газель айдадым. Одан кейін жеңіл көліктер шықты ғой «такси» болып, ол кезде мен ауыл арасына қоғамдық көлік айдау қызметін көрсеттім. Әлі де сол жұмысымды уақытылы атқарып келемін. Азанда сағат 7.40-та жүріп өтемін. Әрі қарай кете береді ғой уақыты. Егер үлкен кісі мініп, басқа бағытқа баратынын айтса, уақытпен санаспай жеткізіп тастаймын. Ең бастысы, халыққа пайдаң тиіп, үлкендердің әңгімесін тыңдап, батасын алғанға не жетсін. Күніне 4-5 рет өзімізге бекітілген жерді белгіленген уақытта аралап, жүріп өтеміз, – дейді газель жүргізушісі.
Жолаушының қауіпсіздігі мен жайлылығы – әрдайым бірінші орында. Таң атпай халықты діттеген жеріне жеткізу үлкен жауапкершілік. Бұл қызмет кішіпейілділік пен сабырды, техникаға ұқыптылықты, адаммен қарым-қатынаста сыпайылық пен шыдамдылықты талап етеді. Қай күн болсын, боран да, ыстық та, мереке де – ол үшін жол үстінде өтеді. Ауылдағы халықты ауданға жеткізу, аудан ішіндегі маршруттық қызметті уақытылы орындау нағыз сала маманының ісі.
Осындай саланы жанына серік еткен Жасұлан Сұлтанбекұлы 3 ұл, 1 қыздың әкесі. Өмірлік жары Перизатпен 2004 жылы шаңырақ көтерген. Үлкені қызы – Астана қаласындағы медициналық академияның студенті. Екінші ұлы биылғы оқу жылының мектеп түлегі атанбақ. Үшінші ұлы мектеп оқушысы болса, кішісі балабақшаға барады. Отбасының тірегі Жасұлан Жұмаділов – еңбекқорлығымен балаларына үлгі бола білген азамат. Тек жұмыс бабына көңіл аударып қана қоймай, балаларының дамуы мен білім алуын қадағалап жүрген асқар тау.
Көпшілік оны тек жүргізуші ретінде емес, адамгершілігі мен жайдары мінезді жан ретінде сыйлайды. Жолаушының көңілін таба білу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – оның бойындағы табиғи қасиеттің бір бөлігі. Техниканың қыр-сырын білген сала маманы әрқашан құрметке лайық. Көлік тізгіндеген мұндай азаматтар – қоғамның тыныс тіршілігінің үздіксіз жүріп тұруына себепкер.
Г.ТАБЫНБАЙ