Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Анар жемісін өсірген Сақып

Анар жемісін өсірген Сақып

Тереңөзектік Сақып Баков бірнеше жылдан бері бау-бақша егумен айналысады. Халық арасында «Бақша – сабыр мен мейірімнің мектебі» деген тәмсіл бар. Жеміс ағашы мен көкөніске күтім жасау арқылы ел ағасы табиғатпен үндесе біледі. Бұған дейін біз Тереңөзекте америкалық сортты алма мен жаңғақ ағашын өсіретін бағбан жөнінде газетке жазған болатынбыз. Бұл жолғы кейіпкеріміз Сақып Баков бау-бақшасын жайқалтып, анар өсіріп отыр.

Әрине, 41 сотық жерді игеріп, бақшалық жерге айналдыру – қиынның-қиыны. Үнемі күтімді қажет ететін жеміс ағашын баптауда бағбан өз ісіне әбден машықтанған. Сақып ЖаҺаншаұлы өзінің ауласында жү­зім, анар, шабдалы, шие, алмұрт, алма, жаңғақ, сары өрік секілді жеміс ағашының бірнеше түрін өсіреді. Бір айта кетерлігі, Қызылорда облысында кездеспейтін ерекше сұрыпты жиде ағашы бақшасында жеміс беріп тұр.

– Менің екі келінім Шымкент қаласынан екенін айта кетейін. Сарыағаш пен Қазығұрттағы құ­даларыма барғанда жеміс ағаш­тарының көшетін алып келген едім. Он жылдан бері анар ағашын өсіріп, жемісін жеп отырмыз. Сонымен бірге жаңғақты баптауға аса көңіл бөлдім. Жаңғақ ағашы жемісін 10 жылдан кейін бере бастайды. Өзімнің қызығушылығым оянып, імбір отырғызып көрдім. Әрбір қазыл­ған жер – берекеге ашылған есік екенін ұмытпаған жөн. Күннің нұры мен адамның ниеті қосылса, жер молшылықты сыйлайтынын жақсы білемін. Бұл жерді ертеректе әкем сатып алған. Бауырларымның барлығы көшіп кеткеннен кейін осы үйді өзіме алдым. Қазіргі уақытта мұнда ұлым Ермек тұрады. Бақ­шаны өсіру арқылы өмір салтын жақсартуға болады. Қимылдаған адам­ның денсаулығы сыр бермейді, – дейді бағбан.

Жерді сүйген адам берекені көретіндіктен, Сақып ЖаҺаншаұлы қашанда немерелеріне бақша баптауды үйретіп келеді. Күн сайын таң атар-атпастан бақшасынан табылатын ардақты жан ауласында сирень және раушан гүлін еккенін көрдік. Әсемдік символы саналатын гүлдер айналаға ерекше сән беруде. Жиде ағашы болса, қан қысымын реттеп, денсаулықты жақсартуға көмектеседі.
                                                  

– Өзбек ағайынның сүйікті жемі­сіне айналған жиде ағашы менде ғана бар. Қарайып пісе бастағанда тас кәмпит сияқты болады. Содан кейін уылжып жидеге айналады. «Бақша – адам жанының айнасы, қалай күтіп-бақсаң, солай гүлдейді». Қашанда күш-жігерімді салып, бар еңбекті зая кетірмеуге тырысамын. Өз кезегінде аяқсу мәселесі біздің қиын мәселемізге айналып отыр. Жеміс ағашына су жеткізу ауырлық соқтырады, – дейді ардақты азамат.

Негізінен, Сақып Жаһаншаұлының мамандығы – автоэлектрші. Бірнеше жыл бойы осы сала бойынша бірнеше мекемеде жұмыс жасаған. Бүгінде 67 жастағы ардақты азамат сүйікті ісімен тұрақты айналысып, Тереңөзекке жаңа жеміс түрін әкелгісі келеді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

02 тамыз 2025 ж. 356 0