Партизан
«Қоғалы көлдер, құм сулар. Кімдерге қоныс болмаған?» деп атақты Махамбет батыр жырлағандай, табиғаты ерекше Қоғалыкөлге кімдер келіп, кімдер кетпеген. бұл Алтын Орданың негізін қалаған Жошы 1219 жылы Баршынкент қаласын басып алып, табан тіреген жер. Мұңайтпас лапиннің білім таратқан ортасы. Бұл Қазақ театр өнерінің суретшісі Ләтифа қожықованың, Шығыс сәулет өнерінің зертеушісі, заңгер Серәлі лапиннің, Қыз Жібек фильмін түсірген Сұлтанахмет қожықовтың, тетар анасы Сәбира майқанованың ауылы. Сыр бойындағы ислам дінін таратушы Құлболды ишанның құт мекені. Осы өлкеден ұлы отан соғысына бес жүздей өрен аттанып, оның басым бөлігі майдан даласында бақилық болған.
Біз соғысты көргеніміз жоқ. Бірақ соғыстан жарымжан болып келгендерді көрдік. Бір аяғы жоқ Іздіқұл ақсақалды атынан түсіріп, қолына су құйып қызмет жасаған ұрпақпыз. Қабырғасын оқ жұлып кеткендерді, саусағы жұлынып, тамағын төкпей-шашпай жеу мұң болғандарды көргендерміз. Соғыс кезінде қай қылығынан жазалы болғанын бағамдай алмасақ та елінен күштеп көшірілген шешендер мен қарашай, соғыс өртіне шарпылып жетім қалған орыс, украин балалары алақандай ауылымыз Октябрь мен Молотовтан пана тапқанын естіп өстік.
Шешен Мауланы алда-жалда көшеде көре қалсақ, белбеуінен бір сәтке ажырай қоймаған қанжарынан қорқып, айналып өтуге тырыссақ та ұл-қыздарымен бір сыныпта бірге оқып, ойнап өстік. Айпатша апамыз бауырына басқан баласы Марат Савельевті артынан іздеп келіп, бауыр басқан ана мен баланы ажыратуға қимағанымыз әлі көз алдымызда. Ауылымызда бірнеше жыл тұрақтап қалған дәрігер Валентина Михайловна мен ақ халатты абзал жандар Антонина Барабанова, Дуся апайлардан дертімізге дауа тауып, кіндігі кесіліп, азамат болып өскендер де біздің қатарымыздан. Соғыстан кейінгі жылдары жолдамамен келіп қызмет атқарған ұстаздар Нина Лебедева, Галина Филиповадан дәріс алып, білім көкжиегі кеңи түскен шәкірттер де біздерміз. Майдангер Назар әкеміз сонау Украинадан Мария Петрқызы секілді анамызды ерте келіп, отау құрып, ұрпақ өрбітіп, тәрбиесін көріп өскендер де біз қатарлы. Тағдыр теперішімен осындай қиындықтарды көрген ұлт пен ұлыс тегіне, дініне қарамай бір-біріне бауыр басып, тату тірлік кешті.
Соғыс басталғанда еркек кіндікті ортақ Отанымызды қорғауға аттанса, бала-шаға, қариялар егін егіп, ауызынан жырып астығын, құрт-майын, иығына ілер тонын, қолғап-шәркейін майданға жөнелтті. Соғыс кезінде халық жұмыла жүк көтерісіп, «Бәрі де майдан үшін» ұранымен жұмыс істеді.
Міне, сол қиын күндердің куәгерлері, боздақтар мен ардагерлердің ұрпақтары №44 орта мектеп директоры С.Каюпов бастаған мектеп мұғалімдері Айдос Оспанов, Бибіажар Көшекбаева, Нұрхан Күдербаев, Үлпат Қожаназарова, Сағындық Қойшыбаев, Ғазиз Қырданов бірігіп, «Еріктілер жылында» Ұлы Жеңістің 75 жылдығын өткізу жөніндегі жоспарлы жұмыстарды атқаратын ерік-тілер тобын құрған едік. Топтың негізгі жұмысының бірі – соғыс боздақтары мен ардагерлері жайлы кітап шығару. Дерек жинауға кіріскен топ мүшелері құнды мәліметтерге қол жеткізе бастады. Іздеген жан мұратқа жетер.
Біз тапқан кейіпкер тағдыр тауқыметін тартқан тарихи тұлғалардың бірі, фашист басқыншыларының тылына тұтқиылдан шабуыл жасап, зор шығын келтірген партизандық қозғалыстың өкілі – Дәуітбай Байдаулетов. Оның соғыстағы лақап аты – Давид. Ол 1917 жылы Перовск уезі, Кеңтүп болысы қазіргі Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы кезінде жау тылына партизандық соғысқа жіберілген майдангер жайлы Любовь Монастырскаяның 2015 жылғы 22 қаңтардағы «Ратный подвиг Казахстанцев» мақаласында жазған. Мақалада Украин партизан қозғалысының ұйымдастырушысы, Отан алдындағы қаһармандық ерлігі үшін екі мәрте Кеңес Одағының батыры, генерал-майор атағы қоса тапсырылған С.А.Ковпактың партизан құрамында жазушылар Жұмағали Сайын, Чапаев атындағы алты жүз партизанды қамтыған құраманың үшінші отряд командирі Қасым Қайсенов, қазалылық партизан Рысмағанбет Ибрагимов жайлы жаза келіп, біздің жерлес батырымыз жайлы былай дейді: «В партизанском соединений дважды Героя Советского Союза Сидора Артемьевича Ковпака, совершившего пять боевых рейдов по глубоким тылам врага общей протяженностью более 10 тыс. км в том числе от Путивля до Карпат, в борбе с окупантами неоднакратно отличался казах Д.Байдаулетов из Кзыл-Ординской области. За проявленное мужество в пяти крупных операциях в 1942 г 17 марта 1943 г. он награжден медалью «Партизану Отечественной войны», а за отвагу в последующих боях Указом Президиума Верховного Совета СССР от 5 января 1944 г. он награжден орденом «Отечественной войны ІІ степени».
Партизан соғысы жайлы кейінгі ұрпаққа түсінікті болу үшін 1941 жылдың қыркүйек айында құрылып, 1943 жылдың қараша айына дейін 26 ай бойы Украин жерінде фашистердің тылында немістердің құтын қашырған С.А.Ковпактың «Путивльден Карпатқа дейін» кітабына көз жүгіртіп көрсек. СССР Жазушылар Одағының мүшесі, халық батыры соғыс басталғанша Путивль қалалық атқару комитетінің төрағасы болған.
«Мен Путивльден жұрттың ең соңы болып шықтым. Бұл 10 қыркүйектің кеші болатын. Бұл кезде қалаға неміс барлаушылары келіп кіре бастады. Сталин жолдастың 3 шілдедегі партизан соғысын тұтандыруға, жау басып алған аудандарда оларға күн көрсетпеуге шақырған сөзі енді путивльдіктердің жұмыс бағдарламасын айналды. Осы күндері Украинаның талай қарт партизандары мен қызыл гвардеецтері өздерінің жас кезіндегі Кеңес өкіметі үшін қалай соғысқандарын, 1918 жылы неміс басқыншыларына қалай соққы бергендерін қайтадан естеріне алды. 22 қыркүйек күні №1 бұйрықпен отрядтың құрамын жариялағанымда, отрядта 40-қа тарта жауынгер бар еді. Барлаушылар мен минашыларды жеке шығарып, қалғандарын екі ұрыс тобына бөлдік. Бір топта Путивль адамдары, әскерде болмаған, көбінің жасы келіп қалған партия қызметкерлері, колхоз белсенділері болды. Бұлар отрядтың ұйытқысы еді. Екінші топта, жолдастарымды іздеп жүргенде, орман ішінде кездестірген әскери адамдар болды. Бұлар – жауынгер жігіттер. Октябрь мейрамында маңайдағы елді мекендердің колхозшыларымен бірігіп, Сталин жолдастың баяндамасын тыңдағаннан кейін партизандар есеп берді. Бұл есепте жау тылындағы жиырма алты айлық күрестің қорытындысы шығарылды.Мейрамға жиналған шаруалардың – украин, белорус, поляктардың алдында жарияланған бұл қорытындының цифрлары мынадай еді: Украинаның, Ресейдің, және Белоруссияның 18 облысын шарлап, соғыспен оң мың шақырым жол жүріппіз. Осы уақыт ішінде 18 мың фашистің көзі жойылды, 62 темір жол эшелоны жарға құлатылды, 256 көпір қайратылды, азық-түлік, киім-кешек және оқ-дәрі сақталған 96 қойма, 2 мұнай кәсіпшілігі талқандалды, 50 мың тоннадан артық мұнай ақтарылды, 200 шақырымнан артық телеграф, телефон сымдары үзілді, 50 байланыс торабы, 500-ге жуық автомашина, 20 танк және броневик талқандалды».
Міне, осындай ұрыста ерлік көрсеткен майдангерді кейінгі ұрпақ білуі тиіс. От пен оттың ортасында жүріп, жауға тойтарыс берген Д.Байдәулетовтің ерлігі ешқашан ұмыт болмауы қажет. Қанды қырғыннан елге аман-есен оралған майдангер 1978 жылы дүниеден озды. Кейінгі ұрпақтың жадында біз «Даңқты партизанның ауылынанбыз» деген жақсы ат қалды. Ешкім де, ештеңе де ұмытыл-майды.
Жұмабай Байзақұлы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Бесарық ауылы
Пікір 1