Сағыныш
«Сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл екінші жыл. Жұрт еңсесін көтере бастады. Ауыл орталығын кесіп өтетін «Қанөзектің» екі жағы тыныштық орнағалы жасыл желекке орана бастады. Шөптің неше атасы көктемде қаулап өсіп, шаруа еңсесі көтеріліп қалды. О, Құдірет! шаруаның қолындағы бірер ірілі-ұсақты мал лезде қомданып, көбеюге бет бұрды. Жан-жануар тойына бастады. Елдегілер «Шынымен соғыс бітті ме?» деп әлі де алаңдай береді. Біткені ақиқат. Неміс тізе бүкті. Енді бойын тіктей алмайды» – деп қояды көпті көрген үлкендер.
– Атың өшкір соғыс атаулыны көрмей өссе екен, мына ұрпақ, – дейді ауылдағы шежіреші, батагөй ағайынды Шайыр қожа мен Есберген ата. Екеуінің де жүрегі әбден шайылған, жараланған. Ағайынды екеу өңін бермейтін қуатты адамдар еді. Екеуінің де ұлы соғыстан оралмай, «қара қағаз» келгелі мүлдем шөгіп калғанын байқайсыз, әсіресе Есберген ата. Бір үйде тек өзі, кемпірі ертеде дүние салған-ды. Ал Шайырқожа ата ермексіз емес, қолында қызы Қаршыға бар. Соны ермек етеді, жалғыз қызымен шерін тарқатып отыратын, жарықтық. Қолы босаса «Қанөзек» бойына ағаш егеді. Кейін жасыл желек көбейіп, «Шайырқожа талы» атанды. «Қанөзектің» бойының бірнеше шақырымы жасыл желекке оранды. Бұл үрдісті Ысқақ деген атамыз жалғастырып, бірнеше гектар жерге тұт, алма, өрік егіп жайқалтты. Бұл кісінің де жалғыз ғана Қымбат атты қызы бар еді. Сонымен ғұмыр кешті. Осы жеміс соғыс жылы жұртқа азық болғаны әлі есте.
Шайырқожа мен Есберген ата қос ұлдан әбден күдер үзуге айналды. Бірақ кейде «қара қағаз» келгендердің артынан ауылға аман-сау оралғандар да болды. Соларды естіген сайын аталар кейде «келіп қалар» деумен күдер үзбей, бәрін сабырға жеңдіріп отырушы еді, жарықтық. Шіркін, бұрынғының адамдары-ай! Көнбіс, шүкіршілік атаулы бойларына мол дарығаны таңырқататын. Нағыз мықтылықты дарытқан аталарды әлі күнге ұмытқан жоқпыз, еске аламыз.
Әлі есімде қос атаның үйі қатарлас. Биік салынған үй. Екеуінің ұлдары Шәріп пен Қуанышбек кесек құйып, өздері өріп тұрғызған. Екеуі де осы үйде отау құрып, аталарын қуантамыз деп ойлаған. Кенет, соғыс басталды. Екеуі де майданға аттанып кетті. Бірі – Рязанов, бірі – Сталинград шайқасында мерт болды. Жар сүймеді. Ұрпақсыз кетті. Қос ата шерлі уақытты бірге өткізіп, қартайды. Ағайынды екеу бір-бірін жұбатады, мұң тарқатады. Шайырқожа ата інісі Есбергенге қарағанда әңгімешіл, бұрынғы би-болыстардың әңгімесін төгілте әңгімелеп, ұзақ күннің батқанын білмей, бір-бірімен құшақтасып, үйлеріне бет бұратын. Шайырқожа атада ермек Қаршығасы бар, ал Есберген ата кең сарайдай үйде жалғыз. Осы жалғыздықпен жұп жазбай фәни дүниеге аттанғаны, елдің қоғадай жапырылып шығарып салғаны әлі есімде.
Есберген ата таң сәріден тұрады, үйде отырғысы жоқ. Шұбаркөк құнанына мініп алып, ағасы Шайырқожаның терезесін қағады.
– Тұр аға, бой жазып қайтайық, қос ұлдың жүрген жерін шарлайық.
– Қазір, – деп Шайырқожа ата қорадағы боз жорғасына іле ертоқым салып, қорадан суырыла шығады. Белін буып алған, басында айыр қалпақ. Қолында өзі өрген қамшы. Жануар бозжорға қамшы салдырмайды.
– Иә, қайда барамыз, Есберген?
– Ой, қайда болсын. Ұлым Қуанышбектің, Шәріптің жүрген жерін, кіндік қаны тамған «Көктөбенің», суға шомылатын, балық аулайтын «Қанөзектің» сағасын шарлаймыз. Мектебінің, жүрген жолының ізімен, жазғы жайлаудағы ойнаған алаңында отырып, сыр ағытамыз, аға. Ішімдегі түтін бір сәт сыртқа шықсыншы...
– Ә, мұның дұрыс екен, мен де Шәріпжанымның бәйгеге қосар атты баптаған «Жаманкөлдің» табанын бір шолып қайтатын болдым ғой. Жүр кеттік! – деп Шайырқожа ата бойына тың қуат біткендей ағайынды екеу жолға шықты.
Баяғы қос ұлдың мектепке қатынаған жолымен жүріп келеді.
Қос атты ағайынды Шәкең мен Есағаң әңгімені одан-бұдан қозғап, таусылмас сыр шертеді. Аға сабырлы, ал інісі Есағаң кейде күйзелген, күңіренген шерін тарқатып, буыны босап, көзі жасаурайды. Мұны Шәкең сезіп келеді. Қалай күйзелмесін, Есағаң. Бір өзі бір үйде, жалғыз төрт қабырғаға қарап таң атқызады. Қуанышбегінің қолымен тұрғызған үйіне таңырқай қарайды. Кейде ұлы салған үйдің кең бөлмесінде көз ілмей, таң атқызады. Ермек жоқ. Шәкеңдей Қаршығасы да жоқ. «Бұл дүниеден ұрпақсыз өтетін болдым-ау» деп күйзеледі, күңіренеді. Амал қанша, қартайды. Жар сүйіп, бала сүюден күдер үзгеніне көп болған.
Ауылдан шыққалы біраз уақыт болды. Қос атты «Қанөзектің» құяр сағасындағы кең жазыққа келді. Бұл «Бидайкөл» деп аталады.
– Мына жер жазғы жайлауымыз еді, – деді Есберген ата. – Осы жерде Жәмила босанып, ұлым Қуанышбегім бесікке бөленіп еді-ау... Тербетіп, ержеткіздік. Қуаныш шексіз. Мектепке барды, сүндетке отырғыздық. Той жасадым. Атқа мінгіздім. Бәйге бердім.
– Бәрі есіңде екен-ау, Есберген. Шәріпжанымның жайлауын, «Иіркөлге» тартайық, – деп Шайырқожа ата бозжорғаның үзеңгісіндегі аяғын енді нықтады.
– Қос атты жортып келеді. Бозжорғаның жүрісі мүлдем бөлек. Есбергеннің шұбаркөгі қатарласа ілесіп келеді.
Баяғы «Иіркөл» қаз-қалпында. Шағалалар шуылы, көлде жүзген үйрек-қаз.
– Әудем жерде киіз үй тігіп, бие байлап отыратынбыз. Үйір жылқыларды Шәріпжаным түс мезгілінде суатқа әкелетін. Содан өріске шығаратын. «Иіркөлге» бір шомылып алып, осы жерден мектепке баратын. Алаңқайда Ізімбай, Сәрсен, Мәулен, Әскер, Жақандармен көлді олай-бұлай жүзіп, сәлден соң бір-бірімен күресетін, болмашыға шатасып қалатын, бірақ тез татуласатын, – деп еске алды Есберген қария.
– Ау, мынау қармақ салған жер, әріректегі жол мектепке апаратын жол еді, асық ойнаған алаң, анау жазықта бәйге атын баптайтын, суын алдыратын, анау биік талды Қуанышбек еккен, – деп бір күрсінді Есберген ата. Бәрі есінде сайрап тұр. Әлсін-әлсін күрсінді. Анау мектебі, кейде отырған партасына барып мауқымды басып қайтамын. Бұған мұғалімдер аң-таң...
Бүгін қос ата Қуанышбек пен Шәріптің балалық шағы өткен «Бидайкөл», «Көктебе», «Иіркөл», «Қанөзек» бойын күн бойы шарлап, қос ұлдарына мауқын басқандай. Екеуі жарыса қуаттанып, тағы да ұлдарының мінездерінен ой тербетіп келеді. Ұзақ күнгі серуеннен қос атты тіпті жалығар түрі жоқ. Әңгімені әрі-беріден қозғап, орталыққа жақындады.
– Қуанышбегімнің қыздарға жазған хаттары бар, кейде оқып аламын. Қыздардың да жауабы бар. Атын айтпай-ақ қояйын, ол қыздар қазір отау құрған, балалы-шағалы. Әттең, атың өшкір соғысы бар арманды үзді ғой... Қыздарының жауабы қызық.
– Ертеңгі жоспарың қандай, Есберген? Тағы да жайлаудың қалған жерін шарлаймыз ба?
– Олай етпейік, Шәке. Дүниеден өткен екеуміздің қос кемпіріміздің басына барып, Құран бағыштайық. «Ұлдарының жүрген жерін шарлап қайттық» деп хабарлайық. Олар да естісін, бір аунап түссін...
– Мынауың ақыл екен, Есберген. Ал үшінші күнгі жоспарың қандай?
– Үшінші күні майданнан оралған, Қуанышбек пен Шәріптің кластас достарының үйіне барып, шер тарқатамыз.
– Мұның да ақыл, – деп Есберген ата ағасын қос қолдап аттан түсіріп, үйлеріне қарай беттеді.
Бір ғажабы қос қария бүк түсіп, үйде жатып алмады. Шүкіршілікке бел буып, қайсарлық танытқанына біз куәгерміз.
Қос ағайынды дүниеден өткенше бір-бірінен ажырамай, сыйласып өтті. Екеуі де қос ұлының жүрген, ойнаған, мектепке барған жолдарын, жазғы жайлауын, суға шомылған «Иіркөл», «Ширентай» көліне серуендеумен уақыт өткізді. Әр оралған сайын ұлдарына мауқын басқандай болатынын, қос ұлы туралы үйді-үйге майын тамыза айтатыны өзінше жыр. Шіркін, қос қария қос ұлды сағынумен өтті. Қасиетті бұрынғының адамдары-ай!
Қайырбек Мырзахметұлы,
Қоғалыкөл ауылы