КҮТУМЕН ӨТКЕН ҒҰМЫР
Біз әңгіме еткелі отырған кісінің есімі – Нұрылда. Анасы – Ырсалды, әкесінің есімі – Жанұзақ. Туған жері қазіргі Жалағаш ауданына қарасты Ақсу ауылы. Осы жерде оқып білім алды, жастық шағы өтті. Өте алғыр, зерек, жас өрен еңбекке ерте араласып, осында комсомол ұйымының жетекшісі болып тағайындалды.
1931-1932 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан кейін туған ауылының еңсесін көтеруге белсене араласып жүрген ол шамамен 1938 жылдары Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге шақырылды. 1939 жылдың қараша айында Кеңес үкіметі мен Финляндия арасында соғыс басталғаны белгілі. Әскер қатарында жүріп осы соғыстың бел ортасынан бір-ақ шықты. Бұл жөнінде алыстағы әке-шешесіне үшбұрыш хат келді.
Көп кешікпей адамзат тарихындағы ең сұрапыл болып саналатын Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Міне, осы кезде Отанның сан мыңдаған өзге оғланы секілді өзінің де елін қорғап жүргені туралы тағы да үшбу хат келген. Осылай баласы мен әке-шеше арасындағы өлең түрінде жазылған бірді-екілі хат болмаса, мұнан кейін арадағы байланыс үзілген.
Орыс халқының «Сколько веревке не виться, а все равно будет конец», – дейтін мәтелі бар. Сол айтқандай, бүкіл ел болып күткен 1945 жылдың 9-шы мамырында «Жеңіс күнінің» таңы атты. Соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлер елге орала бастады. Көпшілігі жарақат алса да туған-туыстарымен қауышты. Ал шал мен кемпірдің Нұрылдасы жоқ... Тіпті, қара қағаз да келмеді.
Үміт пен уайым аралас ұйқысыз күндер мен түндер өтіп жатты. Алайда, мұндай азапқа толы күндердің 1976 жылға дейін созылатынын ол кезде қос мұңлық білген жоқ. Өмір өз ағынымен жүріп жатты. Жұрт қатарлы тіршілік етіп жатқанымен, іштен запыран, жүректен үміт кетпеді. Үнсіз отырып екеуі шайларын ішеді.
...Бүгін де шайларын үнсіз ішіп, ертерек жатып қалды. Ертең пойызға шығып, Нұрылдасын күту керек. Күн ұзақ, батыстан келетін жолаушы пойыздарын күтіп, кешке үйге қайтады. Бүгін келмесе ертең, ертең келмесе арғы күні тағы шығып күтуі керек. Күнде күтеді, тіпті өмір бойы күтуге бар...
Сұрапыл соғыстан кейін елде небір өзгерістер болып, жаңа бастамаларға бетбұрыс жасалды. Дүниеге нәрестелер келіп, кезегімен адамдар өмірден өтіп жатты. Ал ана жүрегіндегі үміт өлмеді!
Ана Құдайдың салған бұл ауыртпалығына мойымады. Қолына таяқ та ұстамай, ақыл есі түзу, ыңқыл-сыңқылға бой бермей 1976 жылы дүние салды. Өмірінің ақырына дейін батыстан келетін пойыздан батыр ұлын күтіп өтті. Ал, Жанұзақ әке 1970 жылы күзде сексен жасқа жетіп қайтыс болған. Ырсалды ана қайтыс боларынан бір жыл бұрын қайныларына айтып Нұрылдасына бейіт салғызды. Қан майданнан оралмаған баласының қасында болғысы келген көрінеді.
Осы кезде Жанұзақ әке, Ырсалды ана ішінде Нұрылдасы жоқ бос бейітте үшеуі Жалағашқа кіреберістегі үлкен қорымда жатыр. Мен кейде белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әні Ырсалды әжейге, ал Мәскеудегі «Белгісіз сарбазға» қойылған ескерткіш Нұрылдаға арналған болар деп ойлаймын.
Бүгінгі күні орталық алаңдағы соғыстан қайтпаған батырларға қойылған ескерткіш мемориалда Нұрылда Жанұзақовтың есімі тұр.
Соғыс! Неткен жантүршігерлік сөз еді! Одан да сұмдығы адамдар бір-бірін өлімге қалай қияды! Осы сөз, осы түсінік сіздің ақылыңызға сия ма?
Болмасын соғыс! Алла Тағала тәуелсіздігімізді, бейбіт өмірді ұзағынан қылғай! Ұрпағымыз соғыстың не екенін білмей, шат-шадыман, бақытты өмір сүре берсін.
Бақтияр МЫРЗАШ,
С.Сейфуллин ауылы.
(сурет белгілі фототілші
Болат Омарәлиевтікі)