Айғанша
Айғанша әже екі-үш күн болды, түн баласына ұйықтамайды. Жүрегі алып-ұшып, бір жақтан хабар күткендей елеңдейді. Әлсін-әлсін сыртқа шығып, жолға қарап қояды. Таң алдында ғана әбден шаршап, талықсып барып жастыққа басын қойды. Көзі ілініп кеткен екен, бір жас жігіт үйге кіріп келе жатқандай болды. Үстінде әскер киімі. «Бұл кім болды екен?» – деп алға ұмтылып еді, таныс бейне жарқ ете қалды. «Шын ба, өтірік пе?» – деп сәл аңтарылып тұрды да бар дауысымен айқайлап жіберді, – Керім-бе-ек!
Өз дауысынан өзі оянып кетті. Ояна келсе түсі екен. Жан-жағына қарап еді, үйде ешкім жоқ. Күн едәуір көтеріліп қалыпты. Ілбіп орнынан тұрған қария төсек жинауға асықпады. Өзіне таныс сандықшаны қолымен ашып, ішіндегі сарғайған хаттарды алып, кеудесіне басты. Көзін жұмып ұзақ егілді. «Керімжан, бұл дүниеде кездесуді тағдыр жазбапты. Сен де, мен де бір-бірімізді ұзақ күттік. Жақында келемін, шыда жаным. Енді аз қалды. Сені ұзақ күттім, жарығым. Енді күте алмаймын. Саған өзім барамын. Мені күт!» Ол өз өзімен күбірлеп сөйлесіп, бірауық отырды.
...Әлі есінде, үйленгендеріне жиырма шақты күн болған. Керімбектің Ташкентте тұратын апасы шақырып, сол жаққа барған-ды. Апасы бар жылы-жұмсағын бауырының аузына тосты. «Ауылға қайтуға асықпа» – деді. «Мұнда да күн көруге болады. Әрі маған серік боласың». Керімбек те Ақбала апасының меселін қайтармайын деді ме, үндемеді. Екі-үш күн жездесіне шаруаға көмектесті. Сөйтіп жүргенде «Немістер Совет Одағына соғыс ашты» деген суыт хабар келіп жетті. Бұлар елге қайтуға жиналды. Айғаншаның ағасы сол алғашқы лекпен соғысқа кетпек екен. Үйелмелі-сүйелмелі үш інісіне қарайтын адам жоқ. Себебі, балалардың анасы ауыр науқас. Бұлар елге келген соң көп ұзамай жеңгесі де қайтыс болды, ағасы, жары соғыста. Бауырынан қалған үйелмелі-сүйелмелі үш баланың ендігі әкесі де, шешесі де өзі. Құдай қосқан қосағынан анда-санда сағынтып бір хат келеді. Сөйтіп жүргенде арада бірер жыл зымырап өте шықты. Керімбектен де хат келуді қойды. Ұзаған сайын бойын қорқыныш билейді. Құдайдан күндіз-түні күйеуінің амандығын сұрап, жалбарынады. Күндіз колхоздың жұмысын істейді. Түнімен шұлық тоқиды. Арасында тігін машинасына отырып, соғыстағы жауынгерлерге мақталы шалбар, сырмақ сыратыны бар. Екі-үш күнде оншақтысын тігіп, басқармаға апарып өткізеді. Тігін тігіп отырып кейде «осы тіккен көпәйкем Керімжанға да тиіп қалар», – деп ойлайды.
Күн артынан ай өтіп, көктем де келді. Қыстан қалжырып шыққан Айғанша көктемге салым салқын тиіп ауырып, жатып қалды. Алғашында мән бермеп еді, бара-бара науқасы күшейгесін балдардың бірін жүгіртіп, жақын абысынын шақыртты.
– Мына балаларға бас-көз боларсың. Менің жатысым мынау. Тұрсам жақсы, тұрмасам...
– Құдай-ай, жақсы сөз айтсаңшы. Әншейін суық тигенді де «ауырдым» деп. Абысыны Шәркүл сол күні келінін әбден баптады. Үйінен ала келген бір жапырақ қойдың құйрық майы мен тоқпан жілігін әбден қайнатып, ұн шайып, ішкізді. Сүтке май салып берді. Кешкісін кеуіп қалған қойдың терісін жылы суға малып жатарда келінін сол терімен орап тастады. Таң атқанша көз ілмей, Айғаншаның терін құрғатып, бірнеше рет үстін ауыстырды. Таңертең тұрғанда дастархан жайылып, жетілік самаурын иығынан демалып тұр екен. Сүтке бұқтырылған тарының иісі мұрынды жарып барады. Құрт, май, бір тостақ қуырылған бидай дастарханның сәнін келтіріп тұр.
– Амансың ба, қарағым? «Ауырып тұрдым, аунап тұрдым» деген, Алла дертіңе шипасын берсін. Ол дауыс шыққан жаққа басын әнтек бұрды. Есіктен қайнағасы кіріп келеді екен. Соңында осы үйдің үш баласы. Айғанша жалма-жан жаулығын жөндеп, орнынан тұруға ұмтылды.
– Айналайын, орныңнан қозғалма. Нан ауыз тиейін. Мына үш баланың шашын алдырып едім. Үйге өзім әкеліп салайын, әрі хал-жағдайыңды білейін деп келдім, – деп қайнағасы тізе бүкті. Нан ауыз тиіп, бетін сипап, дұға жасады.
Айғаншаның екі-үш күнде беті бері қарап, үй тірлігіне араласа бастады. Өзі әбден жүдеді. Бұрнағы күні колхоз бастық келіп:
– Айналайын, қарындасым, сен енді жұмысқа шықпай-ақ қой. Мына балаларға қара. Бізге жылы киім тоқып беріп тұрсаң жарайды. Мына соғыста қан төгіп жүрген жауынгер ағаларымыздың балаларын аман-есен өсірсең сол үлкен көмек, – деген еді. Өзінің ол ауыр жұмысқа жарамайтынын біледі. Бірақ, қарап отыруға тағы болмайды. Бір күні көршісі:
– Ай, Айғанша, кілем тоқиын десем бояу жоқ. Қойдың жүнін кәдеге жаратқым-ақ келеді. Текемет басу үшін де бояу керек. Сенің әлгі Тәшкен жақта күйеуіңнің апасы тұрады деуші еді. Сол жақтан бояу алдырып берсең қайтеді, – деді. Осы сөз қамшы болды ма, үш баланы абысынына аманаттап, жолға шықты.
Содан бері Өзбекстан мен екі ортаны жол қылғанына да он жылдан асты. Соғыстың аяқталғаны қашан? Ел азаматтары бірі ақсақ, бірі қолсыз елге оралды. «Күйеуіңіз хабарсыз кетті» деген бір жапырақ қағазды құшақтап бұл отыр. Іштей «бір күні келіп қалар» деп сандық түбінде сақталған сүйіктісінің хаттарын бауырына басып, жылап алады. Ағасынан да қара қағаз келген.
Үш бала ер жетті. Ақылды болып өсті. Мектепті бітірген соң жоғарғы оқу орнында оқып, білдей диплом алды. Үйлі-жайлы болды. Қызмет бабымен көшіп-қонып жүрген інісі де балалы-шағалы. «Майдангердің жесірі» деп үкімет оны құр қол қалдырмады. Поселкенің ортасынан үш бөлмелі үй берді. Бірақ, баяғы Керімбегін шығарып салған қоржын там ол үшін ыстық. Жаңа үйге барғысы жоқ. «Керімжан келсе, мені таба алмай қалар» деген үміт те алаңдатады.
Бір күні інісі келіп, өз қолымен жаңа үйге көшіреді. бір мал шалып, әруақтарға құран бағыштады...
Одан бері де бірталай уақыт өтті. Айғанша әжей бұрынғыдай емес, еңкіш тартып, жүрісі азайған, көбіне үйде отырады. Шақырған жерге де бара бермейді. Терезеге, жолға көп қарайды. Есік ашылса, жүрегі алып ұшып, таныс бейне кіріп келетіндей елеңдеп отырады... Бүгін де кешеден бері сал болып қалған денесін әзер көтеріп, қол сандығындағы сарғайған хаттарды тағы қолына алды. Сөйтіп отырып сәске болғанын аңғармай қалды. Түсте келіні келіп, ас-суын әзірледі. Екеуі отырып шәй ішті. Келіні бүгін ертерек келетінін, сорпа жасап беретінін айтты. «Бесін уақыты болып қалды-ау» деген Айғанша әжей бас жағында тұрған сағатқа қарап сәл жатты. Көзі ілініп кетіпті. Түс көрді. Түсінде әскери адамды тағы көрді. Анықтап қарап еді, өзінің Керімбегі екен. Құдай-ау, неше жылдан бері зарыға күткен өзінің Керімбегі... Ол оянып кетті. Сөйтсе түсі екен. Қайта көзін жұмды. Керімбегін қайта көргісі келді. Айғанша әженің жүрегі атша тулап аузына тығылды. Орнынан тұрайын деп еді, дел-сал болған денесі икемге келмеді. Басы айналғандай болды, көзінің алды қарауытып, тағы сол бейне көлбеңдеді. «Жүр, кеттік» дегендей қол бұлғап шақырып тұр. Ол тілін кәлимаға келтіріп, ішінен бір нәрсені айтты. Мына жалған дүниемен қоштасып жатқандай. Айғанша әже соңғы рет демалды да бір жағына қарай қисая берді. Жанарынан бір тамшы жас үзіліп түсті...
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ