Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БӘЙГЕ АТЫН ЗОРЫҚТЫРЫП АЛҒАН КІМ БОЛДЫ?

БӘЙГЕ АТЫН ЗОРЫҚТЫРЫП АЛҒАН КІМ БОЛДЫ?

Салы аға ақжарқын, адал кісі болатын. Үлкен атамыз Арыстанның шаңырағы Аппаз, Салы ағаларымызға қалған екен. Сол үйді үлкен үй, «қарашаңырақ» деп әулеттің үлкендері құрметпен қарайтын. Аппаз әкеміз ертерек қайтыс болған одан Күлшара, Әбіл, Әбілқайыр атты балалары қалыпты. Салы мен Аппаз ағаларымыз Байбүріс атамыздың қолында өседі. Салы аға жетім өссе де, ерке өскен. Кейін шаутартқан кезінде де аға-інілеріне, жеңгелеріне айтатынын айтып тастайтын. Ол кісіге ешкім қарсы келмейтін, көңілдеріне де алмайтын. Жас кезінде ораза айы болса керек, Қажы атамен бәйбішесінің ауызашарға дайындап қойған тамақтарын олар намаз оқып отырғанда, далаға алып қашып балдармен бөлісіп жеп қояды екен. Сонда да әкем ұрыспайтын, бәйгеге шабатын керемет бәйге атын көкпарға мініп, зорықтырып өлтіріп алғанымда да ұрыспаған еді. «Қайран Қажы әкем-ай» деп қартайғанда әкелерін еске алып, жылап алатын. Ол 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан, бірнеше орден, медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін көп жыл бригадир болып жұмыс жасады. Бригадир кезінде талай жетім-жесірдің жағдайына қарасып, қолынан келген көмегін аямаған кісі еді. Сол жақсылықтарын көргендердің біреуі менің құрдасымның еске түсірген әңгімесі. Бір күні 3-4 атты есіктің алдына келді, ішінде Салы ағамыз бар. Мен қорқып әжемнің артына тығылдым. Үйге жалғыз кірген Салы ағамыз көрінетін жерде тұрған қаптағы бидайды дереу пештің ішіне әрірек итеріп тықты да, далаға шығып бұл үйде ештеңе жоқ, бір соқыр кемпір мен жас бала ғана бар екен деп, дән іздеп әр үйді тінтіп жүргендерден аман алып қалған деді.
Ағамыз өзі шағындау келген, қағылез жүріс-тұрысы жылдамдау, жеңіл қозғалатын кісі болатын. Ол кездері салықтың түрі көп болатын. Сол салық жинайтын Әли деген кісі ағамызға: «Әй, қожа, Ақжарма каналынан қарғып, арғы жағасына өте алсаң, бір жылғы салықтан құтқарамын», – депті. Содан ағамыз киімін жеңілдетіп, ата-баба аруағына сыйынып, ауп деп ары бір, бері бір, қарғып сол жылғы салықтан құтылған екен.
Салы ағамыздың айтқандарынан
Бір үлкен жиында Салы ағамыз былай деген екен: «Уа, халқым, маған не дейсіңдер, айтпаса сөздің атасы өледі. Мына жүрген әкім-қаралармен жүрсем Салы әкімдерден бірдеңе алып қойды дейсіңдер. Ана көркем сұлу әйелдермен жүрсем барып қойды дейсіңдер. Ал, тым-тырыс үйде жатып алсам, ешнәрсемен жұмысы жоқ, қатарынан қалып қойды дейсіңдер», – деген екен. Сөйтіп әрі қарай сөзін бастаған екен. Жұрт: «Салы орынды сөз айтады» деп риза болған екен.
Тағы бір жерде Салы аға баласы Сақтап­бергенге бір нәрсені (әлде ақша, әлде ет) қайта-қайта бере беріпті. Оны байқап қал­ған Сақтапбергеннің бастығы, мектеп дирек­торы Бақыт Сардарбеков:
– Уа, Сәке, Сақтапжанға қайта-қайта бере бердіңіз ғой, мына жақта біз де сізден дәметіп отырмыз ғой. Үлкеннен дәметпеген Құдайдан да дәметпейді деген сөз бар, – деген екен. Сонда Салы аға кідірместен дауыстап: «Әй, Бақыт айналайын, Сақтапбергенжанға қайта-қайта берсем ол маған шешесін берген. Сен маған неңді өткізіп қойып едің», – деген екен. Орынды сөзге Бақыт та, басқа да тіл қатпай мақұлдаған екен.
Салы ағамыз 85 жасқа келіп қайтыс болды. Артында Дина деген Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер, көп жыл облыстық жүйке аурулар ауруханасын басқарған үлкен қызы, осы ауруханада мейірбике болып жұмыс жасаған қызы Дәмелі, мектепте мұғалім Сақтапберген деген ұлы қалды. Дәмелі қайтыс болып қызы Әйгерім Сақтапбергеннің қолында тәрбиеленіп, қазір мейірбике болып Қызылордада жұмыс істейді.
Сақтапберген інім мұғалім ғана емес мектепте, клубта өтетін мәдени шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын азамат еді. Амал қанша 61-жасында науқастанып қайтыс болды. Артында қарашаңырақ отын жағып, келініміз Дүйсенкүл баласы Нәби мен келіні Перизат және бес немересі қалды.

Ширек Ысқақов,
Республикаға еңбегі сіңген
ауыл шаруашылығының
қызметкері,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы.
13 тамыз 2019 ж. 514 0