Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ОН ТӨРТ ЖАСАР ЧЕМПИОН

ОН ТӨРТ ЖАСАР ЧЕМПИОН

Тереңөзекте Елеусіновтер спортшылар әулеті саналады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей бұл санқырлы спортшы Мектепхан ағаның балалары мен немерелеріне берген тәлім-тәрбиесінің жемісі. Сан-қырлы дейтініміз Мектепхан Елеусінов тоғызқұмалақшы, палуан, шахматшы, бильярдтың шебер ойыншысы. Айта берсе, бағындырмаған спорт түрі жоқ. Бұл қасиет ұрпақтарына да дарыған.
Ұлы Хакімжан тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері. Білімжан мен Біржан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушылар. Осындай абзал атадан, әкеден, ағалардан тәлім алған Нұрай бүгінде 8-сынып оқыса да біраз биік белестерді бағындырған, болашағынан мол үміт күттіретін жастың бірі.
Н.Мектепхан екінші сыныптан бастап тоғызқұмалақ үйірмесіне жазылып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып келеді. Ол №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің үздік оқушысы. Республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы, ҚР жастар мен жасөспірімдер арасындағы чемпионы. ҚР Қыздар арасындағы командалық жарыстың күміс жүлдегері.
Үстіміздегі жылдың 13-17 сәуір аралығында Шымкент қаласында тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының жекелей және командалық кубогы сарапқа салынған болатын. Бұл байрақты бәсекеге Нұрай Хакімжанқызы облыстық құраманың сапында классика түрі бойынша қатысқан болатын. Жекелей есепте бірінші орынды жеңіп алған 14 жасар спортшы биылғы жастар жылында ҚР спорт шебері нормативін орындады. Бұл жас спортшы үшін жарқын белес. Мұндай жетістік жасөспірімдер арасында сирек кездеседі.
Бағы мен бабы қатар шапқан тоғызқұмалақ шеберіне Бәрекелді деген ақжарма тілегімізді арнаймыз.

Ш.НҰРСЕЙІТОВ
21 сәуір 2019 ж. 1 382 0