ЖЕҢІСІМДІ АУДАН ХАЛҚЫНА АРНАЙМЫН
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті, ҚР Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы жəне Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Алматы қаласы тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны қауымдастығының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 6-11 ақпан күндері тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының кубогына арналған жарыс өткізілді. Жарысқа республиканың 12 облысынан жүзге жуық спортшы қатысты.
Қызылорда облысының командасын аға жаттықтырушы Хакімжан Елеусінов бастап барды. Облыстан 6 спортшы жолдама алса, оның ішінде сырдариялықтардың үлес салмағы зор. Ауданымыздан тоғызқұмалақшы Бексұлтан Бостандықов, Дамир Ахметов, Ақерке Кенжебекова, Нұрсұлу Махановалар бар. Аталмыш жарыста аудан мақтанышы Бексұлтан Бостандықов қола жүлдені жеңіп алды. Жарысқа тыңғылықты дайындалған жас спортшы жеңісін ауданның 90 жылдық мерейтойына арнайтынын айтты.
– Биыл ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толады. Осыған орай, жеңісімді аудан халқына арнаймын. Мен ынтымағы жарасқан ауданда туғанымды, білім алғанымды, спортқа алғашқы ұмтылыстарымды осы өңірде бастағанымды бақыт санаймын. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырамын деп ойлаймын, – дейді Бексұлтан Бостандықов.
Толағай табыстарға жетіп үлгірген спортшы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің түлегі. Республика көлеміндегі жарыстардан жеңімпаз атанып жүрген Бексұлтан қатарластары арасында алғырлығымен дараланады. Қашанда байрақты бәсекелердің бел ортасынан табылатын спортшы толағай жетістіктерін туған жеріне арнаудан жалыққан емес.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
Пікір 3