ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ
Тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ спорты өз деңгейінде қарыштап даму үстінде. Әлемдік ареналардан ойып тұрып орын алған саңлақтарымыз жетерлік. Соның ішінде спортшыларымыз бокстан толағай табыстарға жетіп үлгерді. Былғары қолғап шеберлерін дайындайтын республика көлемінде спорт мектептері баршылық. Жергілікті аймақтардан да бокс үйірмелері жұмыс жасауда. Оған дәлел ауданға қарасты Сырдария спорт клубының бокс үйірмесін айта аламыз (жаттықтырушысы Ж. Маханов). Бокс үйірмесіне аудан көлемінен 60-70 жас өрен қатысады. Осы ретте аталмыш бокс үйірмесінің спортшылары республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүргендігін де айта кеткен орынды.
Жақында, Қармақшы ауданында бокстан 2003-2004 жылғы ұлдар және қыздар арасында республикалық Ерлан Нысанбаевты еске алуға арналған турнир өтті. Нәтижесінде, Сырдария спорт клубына қарасты бокс үйірмесінің тәрбиеленушісі Г.Еділбаева 54 келі салмақ дәрежесінде 3-орын иеленді. Бұрымды боксшы қыздың табысы мақтанарлық жағдай. Себебі, Г.Еділбаева бокс үйірмесіне қатысқанына 3 айдың көлемі болған. Қанжығасына қола медаль байлаған бойжеткен №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы. Республикалық турнирге ел көлемінен 250-ге жуық спортшы қатысқан. Сырдариялық ару өз салмағында үздіктер қатарына қосылды. Жаттықтырушысы спортшы қыздың болашағынан зор үміт күтетіндігін жеткізді. Айтса айтқандай қатысқанына 3 ай толар-толмастан республикалық жарыстан жүлдегерлер қатарына ілінген бойжеткенің алар асуы алда.
Пікір 2