ОН ТӨРТ ЖАСАР СПОРТ ШЕБЕРІ
Ол бірінші сыныпта оқып жүргеннен бастап тоғызқұмалақ үйірмесінің табалдырығын аттады. Өйткені нағашыларының барлығы осы ұлттық ойынның мерейін асырып жүрген жандар еді. Бала қиялы арманшыл. «Тоғызқұмалақтан чемпион болсам» деп алға ұмтылды. Екі-үш жыл өткеннен кейін Дамирдың талпынысы жемісін бере бастады. 10 жасынан бастап облыстық, республикалық турнирдің жасөспірімдер, жастар арасында чемпион атанды. Бұдан соң жас талантты спортшы Дамир Ахметов жақын, алыс шетелдерді аралады. Үш дүркін Азия чемпиондығын жеңіп алды.
Биылғы «Жастар жылы» Дамир үшін сәтті басталды. Үстіміздегі жылдың 21-27 қаңтар аралығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті және ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында ересектер арасында ҚР чемпионаты өтті. Осы байрақты бәсекеде Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 10 облыстан 73 спортшы қатысты. Ақтық сайыста елеулі жетістікке жеткен Қызылорда облысының құрамасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Шымкент тоғызқұмалақшылары екінші орынға, Павлодар облысының құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Осы айтулы жарыста сырбойылылық Дамир Ахметов, Ермұхамед Әлайдар, Рауан Ыбырай, Асылбек Қаржаубаев ҚР спорт шеберінің нормативін орындады. Олардың арасында ең жасы сырдариялық спортшы. Жарайсың, Дамир! Әрдайым ел намысын жоғары ұстап, биіктен көріне бер демекпіз.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ
Пікір 2