ТАҚТА ҮСТІНДЕГІ ТЕКЕТІРЕС
Мүмкіндігі шектеулі жастардың үйде отырып қалмай, спорттық жарыстарға қатысқаны олардың денсаулықтары үшін пайдалы болмақ. Осы орайда аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Алғыр ой» коммерциялық емес жеке қор жастар арасында түрлі спорт жарыстарын тұрақты өткізіп, спортшылар қатарының артуына, олардың денсаулықтарының түзелуіне атсалып келеді.
Бір ерекше айта кетерлігі қордың жыл бойы ұйымдастырған спорттық шарасына жастар белсенділікпен қатысып келе жатқаны. Өйткені олар өз денсаулығының өз қолында екенін біледі. Ал, спорт болса – денсаулық кепілі. Сондықтан кент пен ауылдардың мүмкіндігі шектеулді жастары спорттық жарыстарға қатысуды дәстүрге айналдырған. «Сырдария» спорт клубында мүмкіндігі шектеулі жастар арасында ұлттық спорт – тоғызқұмалақ пен дойбыдан аудан біріншілігі өткізілді. Қос жарысқа кент пен ауылдардан жиырмаға жуық спортшы қатысты. Аудан біріншілігінің ашылуында аудандық мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары Биболат Жантүгелов, «Алғыр ой» коммерциялық емес жеке қордың төрағасы Ғалымжан Болғанбаев сөз сөйлеп, жастардың спортқа деген белсенділігі артып келе жатқанын, олардың жарысқа қатысуына әлеуметтік қызметкерлердің де атсалысып жүргенін атап өтті.
Сонымен қатар олар кент пен ауыл әкімдіктері әлеуметтік қызметкерлер, аудандық мүгедектер қоғамы жастар сайыстарының жоғары деңгейде өтуіне атсалысып отырғандығын жеткізді.
Содан кейін спортшылар клубтың ұлттық спорт тоғызқұмалаққа арналған бөлмесінде екі топқа бөлініп, тоғызқұмалақ пен дойбыдан сайысқа түсті. Әр топта он спортшыдан жарыс жолына шықты. Бұл да жастардың өздерінің ой-өрісін дамытатын ойынға деген қызығушылығының зор екендігін көрсетті. Жалпы тоғызқұмалақ пен дойбы жастар сүйіп ойнайтын спорттық ойындар. Бұл сайысқа ұл-қыздар араласып қатысты. Жарыс бірнеше сағатқа созылды. Тартысты бәсекеде тоғызқұмалақтан бірінші орынды Н.Қаратаев жеңіп алды. Сөйтіп аудан чемпионы атанды. Екінші орынды Ж.Жағыпарова, үшінші орынды Д.Советов иеленді. Ал, дойбыдан қарсылас шақ келтірмеген Ү.Сапарғалиева аудан чемпионы атанды. Бұл спорт түрінен екінші орынды М.Қосжанов жеңіп алса, Ж.Мұсағұлов үшінші тұғырдан көрінді.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар арнайы диплом мен ақшалай сыйлыққа ие болса, ал барлық қатысушылар алғыс хат пен ынталандыру сыйлығына ие болды.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ