ЗІЛТЕМІР КӨТЕРУШІ ЖАСТАР САЙЫСЫ
Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Алғыр ой» коммерциялық емес жеке қордың (төрағасы Ғ.Болғанбаев) ұйымдастыруымен Астананың 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы және ауданның 90 жылдығына орай Сырдария спорт клубының базасында мүмкіндігі шектеулі жастар арасында зілтемір көтеруден аудан біріншілігі өткізілді.
14-29 жас аралығындағы жастар арасында ұйымдастырылған сайысқа кент пен ауылдардан 12 спортшы қатысты. Біріншіліктің ашылуында спорт ардагері М.Елеусінов зілтемір көтеруден бірнеше мәрте әлем чемпионы О.Медетбаев, аудандық мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары Б.Жантүгелов жастарға құттықтау тілектерін білдіріп, жыл сайын ауданда ауыр атлетикаға қатысушылар саны артып отырғанын айтты. Соның куәсіндей осы біріншілікке кенттен Жасұлан Жүсіпбеков, ауылдан Сәбит Усманов бірінші рет қатысты. Сайыс барысында спортшылардың бәсекесі қыза түсті. Ешқайсысы да оңайлықпен берілгісі келмеді. Зілтемірді әр түрлі салмақ дәрежесі бойынша бірнеше мәрте көтергеннен кейін, мықтылар іріктеле бастады. Сонда да бәсеке толастаған жоқ. Ақтық сайыста ең жоғары салмақ көтерген қалжанахундық Жасұлан Жүсіпбаев аудан чемпионы атанды. Тереңөзектіктер Ербол Назаров екінші орынды, Нұржан Қаратаев үшінші орынды иеленді.Жарыс қорытындысында жеңімпаздар диплом мен арнайы сыйлыққа, ал жарысқа қатысушылардың барлығы ынталандыру сыйлығына ие болды.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ