ЖАСТАР ЖАРЫС ЖОЛЫНДА
Ауданда мүмкіндігі шектеулі жастар арасында түрлі спорттық шара өткізу дәстүрге айналған. Соның бір айқын айғағындай, жақында аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Алғыр ой» коммерциялық емес жеке қордың ұйымдастыруымен Сырдария спорт клубында аудандық спартакиада өткізілді.
Дүбірлі жарыс спорттың бес түрінен: қол күрес, гір көтеру, 100 метр қашықтыққа жүгіру, тоғызқұмалақ және дойбыдан ұйымдастырылып, оған кент пен барлық ауылдардан спортшы жастар қатысты. Бір айта кететін жайыт соңғы кезде спорттық жарыстарға қатысуға ынта білдіретін жастардың қатары артып келеді. Бұл өз кезегінде жарыстың мәртебесін көтермесе, кемітпейді. Спартакиада болғаннан кейін оның жеңімпаздары анықталатыны заңдылық. Қол күрестен аманкелділік Манас Дүйсенғалиев чемпион атанды. Ал, соңғы 1-2 жарысқа қатысқан тереңөзектік Жасұлан Жүсіпбеков тәжірибесін шыңдап, екінші тұғырдан көрінді. Үшінші орынға Асқар Тілектесов ие болды. Гір көтеруден қашанда алдына жан салмайтын қалжан ахундық Жасұлан Жүсіпбаев чемпион атанса, екінші орынға іңкәрдариялық Нұрсұлтан Хусайнов, үшінші орынға тереңөзектік Ербол Назаров жайғасты. 100 метрлік қашықтыққа жүгіру ерлер мен қыздар арасында ұйымдастырылды. Қыздар арасында қалжан ахундық Тұмар Мыңжасарова аудан чемпионы атағын жеңіп алды. Екінші тұғырдан Әзиза Сейфулмаликова көрінсе, үшінші орынды асқарлық Айгүл Спанова иеленді.
Ерлер арасында қалжан ахундық Дияс Аманкелді мәре сызығын бірінші болып қиса, екінші орынды агроколледж студенті Нұрболат Әбдіғаппаров, үшінші орынды асқарлық Ержан Мұратбекұлы иеленді.
Ұлттық спорт түрі тоғызқұмалақтан аманкелділік Әйгерім Дәуршхан бірінші орынды, шағандық Данияр Советов екінші орынды, терңөзектік Жібек Бердіқожаева үшінші орынды иеленді. Дойбыдан Нұрсұлтан Рахметулланың мерейі үстем болса, Бекжан Мүбәракұлы екінші орынды, үшінші орынды Ғабит Әбдіраманов иеленді. Спартакиада қорытындысында жеңімпаздарға арнайы диплом мен ақшалай сыйлық, ал қатысушыларға «Алғыс хат» пен ынталандыру сыйлығы берілді.
Ш.НҰРСЕЙІТОВ