Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық турнирден – бес жүлде

Республикалық турнирден – бес жүлде

Ұлттық ойынды насихаттау арқылы саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында Атырау қаласында асық ату мен бес асықтан республикалық турнир өтті. Аламан бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге тарта жалпы білім беру ұйымдарының мұғалімдері қатысқан.

Тартысты ойыннан сырдариялық мұғалім­дер де құр қалмады. Ауданнан алты мұғалім ат арытып Атырауға барып, бесеуі жүлделі орындарды қанжығаға байлап қайтты. Ұстаз­дардың ұлттық ойынды жаңғыртқан мерейлі жетістігін оқырман қауыммен бөлісуді жөн санадық.

21-22 қаңтар аралығында өткен сайысты өткізу мен ұйымдастыруды ҚР Асық ату федерациясы бекіткен төрешілер алқасы жүзеге асырған. Ер мұғалімдер асық атудан сайысса, әйел мұғалімдер бес асық түрінен сынға түскен. Сайыс жас ерекшелігіне орай бірнеше топ арасында өткен.

Қорытынды бойынша аудандағы №36 мектеп-лицей ұстазы Марат Бакиров 30-39 жас аралығындағы қатысушылар арасынан 1-орынды, №35 мектеп-лицей мұғалімі Ғалым Айтқалиев 2-орынды жеңіп алған. 40-49 жас арасындағы сайыс қорытындысы бойынша №131 мектеп оқытушысы Ержан Жанбосынов 1-орынды қанжығалаған. Ал 50-59 жас аралығындағы қатысушылар қатарынан №126 мектеп мұғалімі Гүлмайра Сүлеймен 1-орынды, 60 жастан жоғары қатысушылар арасынан №135 мектеп ұстазы Ағайша Шаймағанбетова 1-орынды жеңіп алған.

Осылайша аудан ұстаздары ұлттық өнерді ұлықтап, ауқымды сайыста бағы мен бабы қатар жанды. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен медаль табысталды.

– Асық – қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Ұлттық ойынымыз баланы алғырлыққа, шапшаңдыққа үйретеді. Өзіміз бала күнімізде асық ойынына әуес болып өстік. Асық сойылған қойдың, арқардың, ешкінің, киіктің асықты жілігінен алынады. Оны шикідей де, піскен күйінде де сіңірінен тазалап, пайдалана береді. Шикі асық салмақты, берік келеді. Асықты кез келген жерге тастай салсаң, не тұра қалады, не жатады ғой. Тұрса – не алшы, не тәйке, не омпы тұрады да, жатса – не бүк, не шік жатады. Жолында омпы тұрған асықты көрген қазақ жолым болады екен деп, ырымдап сүйіп алып, сақтап жүрген. Өйткені асық омпысынан өте сирек тұрады. Ал бес асық ойыны бестас деп те аталып жатады. Ол да ептілікті, шеберлікті, жылдамдықты талап етеді. Ұлттық ойын ұмыт болып бара жатыр қазір. Расында да ұлттық мерекеде болмаса, күнделікті асық ойнап жүрген балаларды көре бермейміз. Осы ретте ұлттық ойынды ұлықтау мақсатында өткен сайыс жоғары деңгейде өтті. Аудан ұстаздары ауызбіршілікпен барып, қатысып, қанжығалары майланып қайтты. Әріптестерімді жеңіспен құттықтаймын, – дейді сайыс қатысушысы, №210 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Бақытжан Тәңкібаев.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
27 қаңтар 2024 ж. 190 0