Облыс біріншілігінен үздік шықты
Сыр өңірі рухани құндылықтарды барынша дәріптеп келеді. Оның ішінде, ұлттық спорт ойынының мәртебесін көтеріп, жан-жақты дамыту жолға қойылған. Мәселен, аймағымызда жыл сайын «Асық ату» және «Бес асық» ұлттық спорт түрлерінен облыс біріншілігі ұйымдастыру дәстүрге айналған. Биыл санитарлық талапты сақтай отырып, Арал ауданнында аталған спорт түрлерінен ересектер арасында облыс біріншілігі өткізілген болатын.
Облыс біріншілігінде Қызылорда қаласы мен 6 ауданнан спортшылар қатысты. Екі күнге созылған «асық ату» жарысында сырдариялық спортшылар бақтарын сынады. Олардың қатарында, Рим Айтбаев, Ержан Жанбосынов, Марат Бакиров, Бауыржан Бакиров бар. «Асық ату» сайысы бойынша сырдариялық спортшылар екі жыл қатарынан 7 топтың ішінен дара шығып, І орын иеленді. Осылайша, олар ҚР чемпионатына жолдама алды. Өткен жылы ҚР чемпионатында сырдариялық спортшылар 12 құрама ішінен 7 орын алған болатын. Биыл өткен жылғы нәтижені жақсарту межесі тұр.
Ал «Бес асықтан» сырдариялық спортшы қыздар ІІІ орын иегері атанды. «Бес асықтан» құрылған әйелдер тобында Жанна Бегімбаева, Мәншүк Қабылбаева, Ақтолқын Бодықова, Эльмира Райымқұлова 2019 жылдан бері жаттығып келеді. Аудан намысын қорғаған қыздар 3 жыл қатарынан облыс біріншілігінде қола медальға қол жеткізді. Осы жолы да олар арнайы жасақталған 6 топтың ішінен үздіктер қатарынан көрінді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ