Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№94 газет

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 газет

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 газет

02 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Зерде мен шеберліктің ойыны

Зерде мен шеберліктің ойыны

Сырдария ауданында ұлттық ойын санатына кіретін асық спортына қолдау ерекше. Мергендік пен дәлдікке негізделген бұл ойынның мәртебесі артып, онымен шұғылданатын жергілікті тұрғындардың саны көбейіп келеді. Ақылды гаджет өмірімізге енбей тұрған уақытта аула бойында асық ойнаған баланы жиі көретін едік. Ал қазір асық ойнайтын жеткіншекті көбіне спорт залынан табасыз. Өз кезегінде бес асық ойыны да қайта түлеп, жеңімпаз атанған спортшылар қатары артып келеді.

Елімізде ресми түрде Халықаралық асық ату федерациясы құрылып, ұлттық ойынның деңгейі жоғарылай бастады. Ал аудан спортшылары асық ату спортына алғаш рет осыдан 8 жыл бұрын келген. Ауданымызда асық ату және бес асық ойынымен ересектер – ерлер және әйелдер, сондай-ақ жасөспірімдер күнделікті айналысады. 100-ге жуық спортшыны біріктіретін аудан командасы алғашқы жарысына «Алтын күз» облыстық спартакиадасы бойынша шыққан.

Ұлттық асық ату спортынан ҚР чемпионы атанған, бүгінде бапкерлік қызметте жүрген тәжірибелі спортшы Бауыржан Бакиров аудан құрамасының жағдайы жайлы кеңінен мәлімет берді.

– Ұлттық асық ату мен бес асық ойыны аудан бойынша жақсы жолға қойылған. Көптеген ресми жарыстың бағдарламасына енетін асық ату бо­йынша ерлер құрамасы ардагерлер арасында ҚР чемпионатында екі мәрте чемпион атанды, үшінші рет қола медаль иеленді. Қазіргі уақытта балалар мен жасөспірімдерге дене тәрбиесі даярлығы клубы жанынан арнайы үйірме ашылып, аптаның 5 күнінде жасөспірімдерді Руслан Қалиәкбар жаттықтырады. Өз кезегінде ерлерге 3 күн, әйелдерге 3 күн жаттығуды өзім жүргіземін. Жетістікке жету жолында аянбай еңбек етіп жүрген жаттықтырушы Бекзат Қызылбай бар. Аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Марат Ерташов үнемі қолдау көрсетіп, жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысуымызға ықпал етуде, – дейді Бауыржан ­Бакиров.

Сырдария аудандық спорт клубын­да асық ату мен бес асық спорты бо­йынша жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшылар аз емес. Мәселен, спорт шеберлігіне үміткер Ержан Жанбосынов пен Марат Бакиров, Руслан Қарымсақов, Рим Айтбаев, Бақытжан Танкібаев, Ғалымжан Сейілханов – кіл мықты арасынан үздік шығып жүрген жандар. Олар ҚР чемпионатымен қатар, республикалық «Асық күніне» арналған турнирдің, облыстық «Алтын күз – 2025» және «Ақ бидай – 2025» жарыс­тарының жеңімпазы. Сон­дай-ақ Батыс Қазақстан облысында ұйым­дас­тырылған Кикі Мерген атын­дағы халық­аралық турнирде ІІІ орынды жеңіп алды.

Бес асық бойынша аудан құрама­сында Ақмарал Каюпова, Сандуғаш Тұрсынова, Жасмин Қызылбай, Гүл­майра Сүлеймен, Жанна Бегім­баева, Ақтолқын Бодықова, Эльмира Райым­құлова, Айгүл Сейдахметова секілді спорт­шы бар. Сырдариялық жігерлі ойын­шылардың басым бөлігі облыс көле­мінде жүлделі орыннан көрініп жүр.

– Асық ату және бес асық ойы­ны­ның өзіндік бекітілген ережесі бар. Негізінен, 5 метр болатын шеңбер кілем­­шеге сызылады. Оның ішіне 15 асық тігіліп, спортшы 10 минут ішінде 8 асықты шеңберден шығарса, жеңімпаз атанады. Бүгінде асықты сүйектен емес, пластиктен дайындау жолға қойылған. Бес асық ойынының да өзіндік тәсілі мен ұстау ережесі қалыптасқан. Алдағы уақытта аудан құрамасы бірнеше жарысқа қатысып, жүлделі орыннан көрінуге үмітті. Қазіргі уақытта Әбділда Тәжібаев атын­дағы №36 мектеп-лицейде кешкі уақытта асық атумен айналысатын жандар үшін Марат Бакиров жұмыс жүргізуде, – дейді Бауыржан Бакиров.

Б.ОРДАБЕКОВ
09 желтоқсан 2025 ж. 58 0