Күш пен білек сыналатын спорт
Сырдария ауданында аударыспақпен айналысатын жігіттер бар. Негізінен аударыспақ спортымен шұғылданатын спортшылардың басым бөлігі Шіркейлі ауылында тұрады. Бүгінде бұл спортпен Шіркейлі ауылының спортшыларымен қатар Нағи Ілиясов және Шаған елді мекендерінің азаматтары да белсене айналысып, өз шеберліктерін шыңдап қана қоймай, облыстық және республикалық жарыстарда аудан намысын қорғап жүр.Ұлттық спорттың бұл түрі Сырдария ауданында 2005 жылдан бастап жүйелі түрде жолға қойылған. Аударыспақ спортын дамыту жұмыстары бүгінге дейін үзілмей жалғасып, бірнеше буын спортшыларды тәрбиелеп шығарды. Бұл ретте спортшылардың жетекшісі әрі бапкері – Нұрбол Накиповтың еңбегі зор. Жаттығулар Шіркейлі ауылындағы ескі стадионда аптасына үш рет өткізіледі. Ашық алаңда өтетін дайындықтар жас балуандардың шыдамдылығын арттырып, ат үстінде еркін отыру, тепе-теңдікті сақтау және күрес тәсілдерін меңгеруге үлкен мүмкіндік береді. Жаттығу процесі бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде үлкен физикалық күш пен психологиялық дайындықты талап етеді.
– Аударыспақта ең маңыздысы – күштің өзі емес, ең алдымен спортшының ішкі тұрақтылығы. Ат үстіндегі әр қозғалыс секундтың бөлшегіндей дәлдік пен сабырды талап етеді. Шабандоз өз денесін ғана емес, астындағы атты да сезініп, оның әр қимылымен үйлесім таба білуі керек. Нағыз шеберлік – тепе-теңдікті сақтап тұруда ғана емес, сол тепе-теңдікті кез келген сәтте жоғалтпай, қарсыластың әрекетін алдын ала сезе білуде жатыр. Аударыспақ – бұл жай ғана күш сынасатын спорт емес, ол – ой мен мінездің, рух пен ерік-жігердің күресі. Жарыс кезінде спортшының сабырлығы сыналады. Бір сәттік асығыстық жеңіліске әкелуі мүмкін, ал салқынқандылық пен ішкі тұрақтылық жеңіске жетелейді. Сондықтан біз жаттығу барысында тек бұлшық етті шыңдап қана қоймаймыз, ең алдымен адамның ішкі әлемін тәрбиелеуге мән береміз. Әр жаттығу – өзін-өзі жеңудің бір сатысы іспетті. Ат үстінде қарсыласқа қарсы әрекет жасау үшін тек физикалық күш жеткіліксіз, мұнда ойдың жылдамдығы, шешім қабылдау батылдығы және рухтың беріктігі қатар жүруі тиіс. Біз спортшыларға «алдымен өзіңді жең» деген қағиданы үйретеміз. Себебі ішкі әлсіздігін жеңе алмаған адам сыртқы қарсыласын да жеңе алмайды. Сондықтан аударыспақтағы дайындық – бұл тек денені шынықтыру емес, мінезді қалыптастыру, рухты бекіту және жауапкершілікті сезінуге баулу процесі. Осы спорт арқылы біз жас буынды табандылыққа, сабырлылыққа және нағыз ер жігітке тән қасиеттерге тәрбиелеуді мақсат етеміз, – дейді бапкер.
Шіркейлі, Шаған және Нағи Ілиясов ауылдарының спортшыларынан құралған аудан құрамасының сапында Баубек Әбділла, Дәуіржан Жұбаныш, Нұрсаят Ғабитұлы, Олжас Әзбергенов, Нұрлыбек Алдашов, Бақберген Қуанышұлы, Рүстембек Байназаров, Әділбек Төлепов пен Еркебұлан Шәйменов бар. Олар аудандағы бұл спорт түрінің кенжелеп қалмауына өз үлестерін қосып, түрлі жарыстарда тәжірибе жинақтап келеді. Сырдарияның мақтаныштары тұрақты түрде облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Ат үстінде ойнақтаған палуандар әсіресе «Ақ бидай» сияқты ірі ауыл спорты додаларында өз шеберліктерін көрсетіп келеді. Мұндай жарыстар жас спортшыларға үлкен тәжірибе беріп, олардың болашақта кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашады.
Қазіргі уақытта аударыспақшылар «Алтын күз» облыстық спартакиадасына қызу дайындық жүргізуде. Жаттығу барысында спортшылардың физикалық дайындығына, атпен үйлесімді қозғалуына және жарыс кезіндегі тактикалық шешім қабылдау қабілетіне ерекше көңіл бөлінуде.
Бапкердің айтуынша, алдағы жарысқа дайындық барысында ауыр жаттығулар мен шыдамдылықты арттыруға бағытталған арнайы бағдарламалар қолданылуда. Әсіресе ат үстіндегі тепе-теңдікті сақтау мен шеңбер ішінде тұрақтылықты ұстап тұру басты назарда.
Б.АЯБЕКҰЛЫ











